Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Нағашым менің – майдангер

Нағашым менің – майдангер

Тарих беттерінен белгілі 1418 күнге созылған Ұлы Отан соғысына Арал ауданынан 11 мыңнан астам азамат әскер қатарына шакырылып, оның 60 мыңы майдан даласынан қайтпай, Отан үшін опат болды. Ал қалған 5000-ға жуық аралдық Жеңіс тойын тойлап, елге оралып, бейбіт еңбек майданына қызу араласып, қызмет етті.
Соның бірі анамның ағасы – нағашым Қибасов Шынберген болатын. Ол 1924 жылы 24 мамырда Арал ауданы, Қарақұм ауылы, Куйбышев колхозында дүниеге келген. Әкесі Медерұлы Қибас (1884-1935 ж.ж.), шешесі Қызылбайқызы Балсерке (1888-1968 ж.ж.) мал шаруашылығымен айналысқан шаруа адамдар болған. 17 жасынан бастап аталған колхозда есепші болып еңбек еткен. (Соған қарағанда нағашымыз есепке жүйрік болған секілді). 1942 жылдың қазан айында қан майданға аттанып, Ленинград қаласында әскери дайындықтан өтіп, 78 мм-лік зеңбірекші –артиллерист мамандығын алып, нағыз ұрыс даласына аттанады. Содан 1943 жылы Выборг маңында ауыр бомба жарылысынан контузия алады. 2 ай емделіп, 1944 жылы Камышин танк училищесінде оқып, әскери мамандық алған. 1945 жылдың басында 48 ерекше батальонында қызмет атқарып, жақсы жетістіктерге жеткені үшін, оған аға сержант әскери атағы беріледі.
Қиыр Шығыстағы Жапонияға қарсы соғысқа қатысып, әскери қызметті аяқтап, елге 1947 жылы оралады. Соғыс жылдарындағы көрсеткен ерлігі үшін «Даңқ», «Отан соғысы», «Ленинградты қорғағаны үшін», «Германияны жеңгені үшін», тағы басқа 14 орден-медальдарымен марапатталған. 1950-1955 жылдары Қызылорда педагогикалық институтында оқып, химия-биология пәнінің оқытушысы дипломын алған. 1955-1982 жылдары Саздыдағы жеті жылдық мектепте мұғалім, кейінгі жылдары директор қызметін атқарып, зейнеткерлікке шығады. Ұстаздық қызмет атқарған жылдары «ҚР-ның білім беру ісінің үздігі», «Еңбек ардагері», ҚазССР Орталық Комитеті мен Министрлер Советінің, Қазақ Кәсіподақтар Советі мен Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінің Құрмет грамотасымен, ҚР Білім министрлігінің, облыстық білім басқармасының және аудандық білім бөлімінің бірнеше мадақтама қағаздарымен, «Пән үздігі» белгісімен марапатталған. Нағашымыз соғыста қандай үздік жауынгер болса, бейбіт өмірде де сондай өз мамандығын жан-тәнімен сүйген нағыз педагог болды. Еңбек демалысына шыққан соң Шәкең ауыл ақсақалына айналып, үлкен-кіші көшеде алдынан кесе өтпей «мұғалім ағай келе жатыр» деп құрмет тұтатын. Нағашымыз өзінің мамандығына сай көркем мінезді, сабырлы, ұқыпты және үсті-басына қыл жуытпайтын тазайын адам еді.
Ол сұм соғыстың зардабынан өмірінің соңғы жылдары жиі ауыратын болды. Соның салдарынан 1995 жылдың қазан айында 71 жасында өмірден озды. «Орнында бар оңалар» дегендей, оның ұрпағы қазір әр салада қызмет етіп, алды еңбек демалысына шығып жатыр.
1954 жылы Әбдіраманқызы Әмиламен шаңырақ көтеріп, алтын асықтай 2 ұл, күміс қасықтай 5 қыз тәрбиелеп өсіреді. Әмила жеңгеміз нағашымыз сияқты момын, өте сыпайы, қайын жұртын сыйлап, құрметтей білетін сондай керемет жан болатын. Ол нағашымыздың атын ешқашан атамай «мұғалім-мұғалім» деп, 2002 жылы дүниеден өтті.
Біз, Халықұловтар әулеті, осындай нағашымыздың болғанын мақтан етеміз.
Жақында Арал ауданы әкімдігі мен аудандық мәслихаттың бірлескен шешімімен нағашымыз Қибасов Шынбергеннің атына қаланың шығыс бетіндегі №71 мектеп маңынан көше берілген болатын. Сол себепті майдангер нағашымызды құрметтеп, еске алғаны үшін оларға Қибасов және Халықұлов әулеттері атынан шексіз алғысымызды білдіреміз.
Н. ХАЛЫҚҰЛОВ,
медицина саласының ардагері, КСРО және ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі, медицина ардагері
12 мамыр 2022 ж. 1 053 0