Ұлағатты ұстаз – іскер басшы

Бекең мектеп үшін, оның базасын нығайту үшін, алатын зат болса алмай қоймайтын, қайтсе де тілдерін таба білетін. Осы уақыттар ішінде білім беру жүйесінде сабақты көрнекілікпен және сабақтар пәндік кабинеттерде өтілу керек деген жаңа талаптар қойыла бастады. Аудандық білім бөлімі және методикалық нұсқаушылар жаңа талаппен жұмыс істеуге көшті. Бекең осы талаптан шығу үшін директорлық кеңесте пән мұғалімдеріне тапсырмалар жүктеп негізгі пәндер – математика, физика, химия, қазақ тілі, орыс тілі кабинеттерін жабдықтау үшін – арнайы топтар құрып бір жылдың ішінде жабдықтауды міндеттеді. Оған қажетті материалдарды, керек-жабдықтарды анықтап алып, Бекең барлық жағынан қамтамасыз етіп отырды. Нәтижесі: сол кездегі аудандық оқу бөлімінің басшысы Е.Исаев кабинеттерді аралап көргенде өте риза болып: «Пән кабинет меңгерушілерін марапаттауға ұсынысыңды әзірле» дегенін өз құлағыммен естіген едім. Сол уақыттардағы білім саласындағы жаңа әдістемеліктер қазіргі жүйедегі тетік «әдістеменің алғашқы басқышы» бастамасы екенін қазір ұғып отырмын. Мектепті басқару кезінде Бекең өзінің ұйымдастырушылық қабілетін зейнет жасына жеткенше абыройлы, құрметті азамат ретінде атқара білді.
Ауылдың және мектептің 100 жылдық мерейтойына ауыл азаматтары, осы ұстазыммен қатар бірге қызмет атқарған Абдулла Жаңабаев, Суханбердин Әлімжан, Оралбаев Әбдірауыш, Сембиев Сағидулла, Ібайдулла, Қазмағанбетов Нұрманғанбет, Тілеуқабылов Сағабай, Қайыңбаев Өмірзақ – осылардан үлгі-тәрбие, білім алып, ауылды көркейтуге, мәдени өмір тіршілігіне атсалысқаны қаншама!
Бержан Маханбетжанов 1989 жылы зейеткерлік демалысқа шықты.
Ол көп жанұялы отбасында өмір сүрді. Әкесі Құрманов Маханбетжан ауыл көлемінде атақты тігінші болған. Оған аудан көлеміндегі әкім-болыстар арнайы келіп, киім тіктіретін. Бекең де сол көп отбасылы ортада жүріп жанұялы болды. Іні-ағаларымен бір отбасында отырып, немерелі-шөберелі болды. Қазір Маханбетжан әулетінен тараған іргелі отбасылар әулеттері өмір сүруде.
Бекеңнің өзінен тараған үш ер, бес қыз бар. Олардың барлығы да балалы-шағалы, немере-шөбере сүйіп отыр.
Ардақты ата 1997 жылы бақилық болды.
Еңбегі елеусіз қалған жоқ. ҚазССР Оқу министрінің «Қазақ ССР Халық ағарту ісінің озық қызметкері» атағымен 1973 жылы, «Ерен еңбегі үшін» медалімен 1970 жылы, Қазақ ССР Оқу министрлігінің Құрмет грамотасымен 1980 жылы және түрлі ескерткіш медальдармен, облыстың, ауданның мақтау қағаздарымен марапатталған.
Қуантхан ЖАҚСЫБАЙТЕГІ,
зейнеткер, ардагер ұстаз.
зейнеткер, ардагер ұстаз.