Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мектебім – мақтанышым

Мектебім – мақтанышым

Өнерлі жастың өрісін кеңейтіп, білім бұлағын сусындатқан іргелі білім ордаларының бірі –қаладағы №220 орта мектебіне биыл 50 жыл толды.
Бұл білім ордасының 50 жылға пара-пар өзіндік тарихы, өзіне тән ерекшелігі бар. Осы мектепте ағылшын тілі пәнінен сабақ беріп, 38 жыл еңбек өтілімен зейнетке шықтым.
Әңгімені әріден бастайын. Алғашқы мектеп директоры болған марқұм Төлеш Дәрменов ағай мен мектеп кәсіподақ ұйымына басшы болған әріптесіміз Болат Мақатов ағай туралы әңгімелеуді жөн көрдім.
1971-1972 оқу жылында Арал аудандық білім беру ісінің меңгерушісі Ебейсін Исаев ағайдан қолыма «бұйрық» қағазын алып, №220 орта мектепке келіп, екінші қабатта орналасқан директоры бөлмесінің есігін қағып, ішке кіргенімде екі кісі өзара әңгімелесіп отырды.
Жоғарыда отырған мектептің басшысы Төлеш Дәрменов ағай екен. Қолымдағы «Бұйрық» қағазын алып «Ал, Болат (мектептің кәсіподақ ұйымының басшысы болған Болат Мақатов) саған көмекші келді» – деп, маған «қызым, ертеңнен бастап жұмысқа келесің» – деген оның мейірімді жүзінен әкемнің бейнесін көргендей болдым.
Төлеш ағай тарих пәнінен сабақ берді, өте білімді ұстаз болатын. Өзі басқарып жүргізетін әрбір педагогикалық кеңес жұмыстарында өзімді пединституттың  жоғарғы курсында сабақ берген профессор Мәди Кереев ағайдың лекциясын тыңдап отырғандай сезінетінмін. Төлеш ағайдың "қағаз, қаламдарың жандарыңда болсын, қажетті жерлерін жазып отырыңдар" деген сөзінен де профессормен ұқсастығын, байланысы барын сезетіндей едім.
Бірде «Маяк» клубында өткен «Бала тәрбиесінде жұртшылықтың рөлі» атты конференцияда мінбеге шыққан профессор Мәди Кереев:
– Әріптестер, сіздер Макаренканы алыстан іздемеңдер. Ол кісі араларыңда отыр, №220 мектеп директоры Дәрменов Төлештен оқып, үйреніңдер, – деген болатын. Ол кісіден үйренгенім көп болды. Мектепте ағаймен кеңесе отырып педагогикалық кеңес жиналысының хаттамасын 10 жылдан астам уақыт жазып, іс-қағаздарының толтыруының қыр-сырына қанықтым. Қарапайымдылығымен баршаға таныс болған ол мұғалімді сынаған гөрі оны меңгеруде қолданатын методикалық әдіс-тәсілдерін, жөн-жобасы мен бағыт-бағдарды жиі айтатын.
Мектепте пәндік кабинеттер жабдықтау жүйесі жұмыстары басталған уақытта әр пән мұғалімі бос тұрған сынып бөлмелерін жауапкершілікпен жабдықтауға кірісті. Сол кездегі Болат Мақатов ағайдың шеберлігін ерекше атап өткім келеді. Ағылшын тілі пәні бойынша ауданда әдістемелік кабинет жабдықтаған маман ретінде аядай кабинетке дидиактикалық материалдар, оқулықтар, әдістемелік құралдар жинақталып, сабақ өткізудің тиімділігін арттыратын, оқушылардың сабаққа қызығушылығын оятатын, бір орталықтан басқарылатын техникалық құралдар (фильмскоп, эпидиаскоп, диапроектоп, магнитофон, электрофон) жұмыс істеді.
Мұғалімдіктен бөлек, барлық деңгейдегі қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан ол аудандық шет тілі мұғалімдерінің секциясын басқарды. 1973 жылы мектепте өз қолымен, техникалық сауатымен «лингофон» кабинетін құрды, оның жетекшілігі маған тапсырылды. №220 орта мектеп аудан бойынша шет тілі мұғалімдерінің әдістемелік, тәжірибе алмасу орталығы болды. Болат ағайдың кабинеттік жабдықтау жүйесінде қол жеткізген сапалы жұмыстары, сабақ өткізу әдістері плакат болып таратылды. Мектеп «Үлгі-тірек мектеп» деген атағымен республикаға танымал мектептердің қатарына қосылды. Болат ағай «Методист мұғалім» атағымен марапатталды. Мектептің алғашқы «Алтын медаль» иегері Жанат Қалапова да Болат ағай жетекшілік жасаған сыныпта оқыды.
Ұстаз еңбегінің қайтарымы шәкірттерінің өмірден өз орнын  табуына негізделсе, мектеп түлегі Зәру Ізімбетова мектептің ширек ғасыр белесінде 1000-нан астам оқушы қамтылған, 83 мұғалім қызмет жасаған ұжымға басшы директор болды. Зәру мектепті басқарған жылдары заман талабына сай жабдықталған 18 пәндік кабинет жұмыс жасады. Оқушылардың да білім сапасы артып, шәкірттер жыл сайынғы пәндік олимпиадаларда, көркем өнерпаздар байқауында, спартакиадаларда, көрмелер мен жәрмеңкелерде топ жарды. Ізденімпаз ұстаздар Анар Сейітмағанбетова, Маржан Қожаевалар «Жыл мұғалімі» сайыстарында аудан бойынша жеңімпаз атанды.
1995 жылы «Толқын» газетінде жарық көрген №220 орта мектептің 25 жылдығында Зәру Ізімбетова «Білім қайнары» деген мақаласында: «Білім қайнарының алғашқы мұраттары – директор Төлеш Дәрменов, оқу ісі жөніндегі орынбасарлары Дәкібай Әбдіраманов пен Жеткерген Қанатбаевтардың ұлан-ғайыр үлесін айрықша бағалаймыз» – деген еді. Сөз соңында мен де осындай еңбекқор азаматтармен мақтанамын. Биыл Әліби Әбілбаев басқарып отырған «Үлгілі білім ордасы» номанациясын иеленген мектептің ұжымына табысты еңбек тілеймін. Ұстаздың еңбегі әрқашан шәкірттің жетістігімен танылады. Тәуелсіз еліміздің талапты, талантты шәкірттерін қанаттандыру жолында жасап жатқан жұмыстарына сәттілік тілеймін.
Күнімкүл ЕРІМБЕТОВА,
Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің үздігі, ардагер ұстаз
26 қазан 2021 ж. 910 0