Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Өмір жолы өнеге

Өмір жолы өнеге

«Қариясы бар ел – қазынасы бар ел» деген қанатты сөз бар. Бәріміз білетін және жиі айтатын бұл сөз – халқымыздың қадірлі ұғымының бірі. Жалпы, қанатты қағидалар қағаберісте, жай әншейін айтыла салмайды. Өмірден көрген түйін, тұрмыстан көрген тәжірибе бағалы сөздің салмағын санаға салады. Расымен де, саналы өмірін ұрпақ тәрбиесіне арнап, сапалы білім, саналы тәрбие беру жолында аянбай тер төккен Нұралы Оспанов ағамыздың өмір жолы көпке өнеге.

Ол 1941 жылы Арал ауданы, Қамыстыбас станциясында өмірге келеді. Бұл кез сұрапыл соғыстың өрті тұтанған уақыт болатын. Сұм соғыс әкесі Шүйіншалыны да жалмады. Осылаша бала Нұралы әке қамқорлығын сезінбей өсті. Десе де анасы Салтанат отбасындағы барлық жауапкершілікті өз мойнына алып, баласының жақсы азамат болып өсуі үшін барын салады. 1949 жылы сегізжылдық Қамбаш орта мектебіне қабылданған Нұралы Оспанов 1957 жылы әрі қарайғы білімін Арал қаласындағы №15 орта мектепте жалғастырады. Жастайынан білімге құштар болып өскен жан мектеп бітірген соң, 1959 жылы Қызылорда педагогикалық институтының физика-математика факультетіне оқуға түседі. Оқуды 1964 жылы тәмамдап шыққан дипломды жас маман еңбек жолын сегізжылдық мектепте мұғалім болудан бастайды.
– №85 Сульфат сегізжіылдық мектебінің мұғалімі болып жұмысқа кірістім. Онан соң осы мектепте оқу ісінің меңгерушісі болдым. Ал 1967 жылы мектеп директоры қызметіне тағайындалдым. Бұл менің өз қызметімдегі алғашқы бағындырған биік белесім еді. Кейіннен, 1973-1994 жылдар аралығында  аудандық білім бөлімінің инспекторы, аудандық сырттан оқу орта мектебі мен №83 мектептің және №2 мектеп-интернаттың директоры болып қызмет атқардым. Осы жылдар ішінде мол тәжірибе жинақтадым. Өзімді жан-жақты қырымнан таныта білдім, – дейді Нұралы Оспанов. 
Иә, елеулі еңбек еткен мектеп басшысы 1994 жылы аудандағы білім саласын басқаруды қолға алды. Аудандық білім бөлімін басқарған уақытта Нұралы Оспанов өзінің барлық ерік-жігерін салып еңбек етті. Білім саласындағы түйткілді мәселені шешіп, оқушылардың жан-жақты білім алуына қажетті жағдай жасауға атсалысты. Қызмет бар жерде ауыс-түйістік жиі орын алатыны белгілі. Нұралы Шүйіншалыұлының мұнан кейінгі қызмет жолы аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры, «Аралрыбпром» өндірістік бірлестігі бас директорының орынбасары, аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары, 2000-2004 жылдар аралығында №220 орта мектептің директоры қызметтерін абыроймен атқарып, зейнет демалысына шықты.
Нұралы Оспанов – аудан тарихында  бес мектепте 31 жыл басшылық қызмет атқарған ұлағатты ұстаз, білім саласының құрметті ардагері. Оның бала тәрбиелеу жолында еткен еңбегі елеусіз қалған жоқ. Кейінгі буын құрмет тұтып, төрден орын ұсынады. Қазақстан Республикасының халық ағарту ісінің үздігі, 1970 жылы В.И. Лениннің туғанына 100 жыл толуына орай мерекелік медалімен, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 жылдық мерекелік  және «Тыңға – 50 жыл», «Қызылорда облысының 70 жылдық» мерекелік медальдарымен марапатталған. Арал ауданының құрметті азаматы.
Бүгінде 80 жасқа жетсе де аудан дамуына үлес қосып келеді. Қазіргі күні аудандық ардагерлер кеңесінің  мүшесі ретінде жастарға өсиетті сөз, өнегелі тәрбие беріп жүр. Жуырда ғана ел ұстазына баланған Нұралы Оспановтың 80 жылдық мерейтойы аудан көлемінде тойланды. Бұл – білікті ұстазға деген елдің құрметі, еселі еңбектің өтеуі болар.

Н. МАРАТҚЫЗЫ

28 қыркүйек 2021 ж. 824 0