Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ащы суды тұшыту аппараты қайта гүрілдеді

Ащы суды тұшыту аппараты қайта гүрілдеді

Иә, солай. Скважинаның ащы суын тұшыту аппараты қайта іске қосылды. Оқырман қауымның «қайта іске қосылуы қалай, бұдан бұрын да гүрілдеп пе еді?» деп сұрауы мүмкін ғой. Иә, ащы су тұшытылған. Бірақ көп ұзамай үні өшкен. Және бір күн емес, бір ай емес, жылдар бойы сол аппараттың дауысы естілмеді. Неге? Әлдекімді күтіп жатты ма, онысы несі-әй, дейсіңдер-ау! Дұрыс, әбден дұрыс.

***

Тұщы су – әлемдік мәселе. Сол тұшытатын ащы судың өзін таппай, тұщы суды пәленбай шақырымнан тасып отырған елді мекендер де баршылық. Арал қаласының өзі тұщы суды Сырдарияның теңізге құяр аяғынан кемеге тіркеген 200-300 тонналық баржымен, ал чокі – су стансасынан теміржол арқылы паровозға тіркелген цистерна-вагонмен тасылғанына біз куәміз. Сондағы екі шелегін қолына алып кезекке тұрғандардың хәлін білсең етті. Үш шақырымға созылатын-ды. Ең беделді адам ағаш бочкаға су құйып, оны есекке тіркеп, көше жағалаған арбакештер болды. Жолдан шығып кеттім бе, қазіргі жастар ауызсудың қадірін білсін дегенім ғой.

***

Сонымен… 2020 жылдың мамыр айы. Қалада бір әңгіме гуледі. Құлақ түрдік. Сөйтсек, қала әкімі Бауыржан Махатов қаланың шығыс бетінде, яғни теміржолдың теңіз жағында төрт жүз метр тереңдіктен атқылаған скважинаның ащы суын тиісті сараптамадан өткізіп, тұшыту қондырғысын орнатып, көшелерді, скверлер мен парктерді, гүлзарларды, егілген тал-теректерді суарып, көгалдандырып, абаттандырмақ деген жақсы бастама екен. Сол расқа шықты.

Мамыр айының 5 күні. Жеңіс күні қарсаңында сол объектіге шақыру алдық. Бұл осыдан 15-20 жыл бұрын қазылған скважина еді. Суы ащы болса да, бір-жар жыл бала-шаға шомылатын душ па, әлде бассейн ба, сондай бірдеңе салынып, ақыры аяқсыз қалған-ды. Енді сол маңға ащы суды тұшытатын қондырғы орнатқан. Атауы «Станция обесселивания с установкой обратного осмоса». Негізгі мәні – тұзсыздандыру стансасындағы тұшыту ғой. Тұшыту қуаттылығы тәулігіне 50 (елу) текше метр. Бұл аз су емес. Әуелі скважина суы қондырғы-комплекстегі сыйымдылығы 30 текше метр резавуарға өз-өзінен заулап келіп құйылып сақталады. Одан әрі әлденеше атмосфералық қысымнан, мембраналық блоктан өтеді, сүзіледі. Минералды тұздардан әбден тазартылады. Ақыр соңында оператор-маман өндірілген таза суды екінші, сыйымдылығы 50 (елу) текше метрлік резервуарға жібереді. Цистерна толғасын қондырғы автоматты түрде жабылады. Водовозды әкел де құйып ала бер. Су тегін.

– Бұлақ суының әр текше метрін «Арал- Сарбұлақтан» 600 (алты жүз) теңгеден алып келдік, – деді қала әкімі Б.Махатов сауалымызға орай. – Бұл қала бюджетіне едәуір салмақ. Осы скважинаның ащы суын тұшыту арқылы «Арал-Сарбұлақ топтық су құбырының» жүгін жеңілдетеміз, әрі қала бюджетін жылма-жыл 7-8 миллион теңгеге үнемдей аламыз. Оған осы аумақтан балалар ойын алаңын, үлкен бассейн, душ, спорт алаңын салып, көгалдандырып, көркейтетін боламыз. «Әп, бәрекелді-ай!» дедік. Газетке жолдадық. «Скважинаның ащы суы тұшытылды» деген мақаланы оқыдық («Сыр бойы», 14.05.2020 жыл).

***

Б.Махатов айтқандай, жұмыс жүрді. Бірақ екі ай шамасы өткенде ол басқа жұмысқа ауысты. Осы тұста «Ащы суды тұшытатын аппарат тоқтап қалыпты» деген сөз жүгірді. Сұрау салып едік, байланысқа қала әкімінің орынбасары Ә.Сейітов шықты. Ол: «аппарат бұзылып тұр» деді де әрі қарай сөз қозғамады.

Б.Махатовтың орнына әкім болып А.Тасқынбаев келді. 15 ай отырды.

Скважина суы сарқырап босқа ағып жатты. Енді қала әкімі сайланады екен деген сыпсың құлаққа тиді. Сол ақиқат болды. 2021 жылдың 14 қарашасындағы сайлау қорытындысымен Ербол Тәлекенов қала әкімі болып сайланды.

2023 жылдың бірінші шілдесінде аудандық «Толқын» басылымында «Цистерналар күнге күйіп, тұр қақсып» атты сын мақала жарияланды. Сірә, «Пусть говорят» десе керек. Қала басшылығы елең етпеді, жауап та бермеді. Ал скважина ащы суының тұшытылмай, өзінің ешнәрсеге жарамағанына долданды ма, теңіз табанындағы шыбын-шіркей үймелеген шалшық айдынға буырқана құлап, оның көлемін ұлғайта түсті. Алайда ол қаһары жауаптылардың құлағына жетпеді.

Осылайша Б.Махатовтың игі бастамасының ізі суып, құмға көміліп, мүлде ұмытылуға айналған төртінші жылда тағы бір қала әкімінің сайлауы болатын хабар дүңк ете қалды. Сайлау 2023 жылдың 10 желтоқсанына белгіленді. Үш кандидат тіркелді. Солардың ішінен Ұзақов Батыржан Жансерікұлының сайлауалды бағдарламасы да, өмірдерегі де көпке ұнады. Айтқандай-ақ ол 13 607 сайлаушының дауысын алып, жеңіс биігіне көтерілді. Қалған екі кандидаттың, екеуінің алған дауысын қосқанда да мұның жартысын да құрамады.

Көп ұзамай 2024 жылдың орта тұсында «Ащы суды тұщыту аппараты іске қосылды» деген сүйінші ақпарат тарады. Дүр сілкіндік. Солай қарай жастар да, қариялар да жүгірді. Таңданыста шек жоқ. Төрт жыл оты сөнген аппарат гүрілдеп тұр. Біз де бардық. Су цистернаға құйылуда. Оны водовоздар тал-терекке, көше-көшелерге шашуға алып кетуде. Төрт жыл қолға түспеген запас бөлшек те, демеушілер де табылыпты. Сөйтсек, Батыржан Ұзақов осыған дейін жауапты қызметте болып, 17 жылдық жұмыс өтілінің он бір жылында ЖШС басқарып, басшылықта ысылған, тәжірибелі, білікті маман екен. Осыған қарап, үлкен кісі болар деп ойлап қалмаңдар. Жасы әлі қырыққа жетпеген осы Аралдың түлегі. Арал аудандық VII және VIIІ шақырылымындағы мәслихаттың депутаты болған кезде қыруар қайырымдылық іс атқарыпты. Ол енді басқа әңгіме.

***

Бастама да, идея да бар. Бірақ ол іске асуымен, орындалуымен ғана құнды. Батыржан Жансерікұлының өзімен де сөйлестім. Асып-тасу деген мүлде жоқ. Жігерлі сабырлы, ширақ азамат екені дауысынан-ақ сезілді.

– Сайлауалды бағдарламада, яғни сайлаушыларға берген уәдемді құнттауға кірісіп жатырмын, кезең-кезеңімен жүзеге асатын болды, аға, – деді баяу үн қатып. Одан артыққа бармады, мақтанып шалқымады да.

***

Жер астынан атқылаған бұлақ суына қарадым. Құдай-ау, түсім бе, өңім бе, тұшытылған судың сыйымдылығы елу текше метрлік цистернаға құйылған сарыны ма, сылдыры ма, жо-жоқ, сарыны да, сылдыры да емес, «Біз күткен қамқоршы келді» дегендей шат күлкісі анық естілді. Нанасыз ба?!

Шәкірат ДӘРМАҒАМБЕТҰЛЫ,
тыл ардагері.
Арал қаласы


Ақпарат көзі: syrboyi.kz
12 қыркүйек 2024 ж. 184 0