Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қала әкімінің назарына! «Цистерналар күнге күйіп, тұр қақсып...»

Қала әкімінің назарына! «Цистерналар күнге күйіп, тұр қақсып...»

2020 жылдың бастапқы айы.Қалада бір әңгіме гуілдеді. Құлақ түрдік. Сөйтсек, қала әкімі Бауыржан Махатов қаланың шығыс бетінде төрт жүз метр тереңдіктен атқылаған скважинаның ащы суын тиісті сараптамадан өткізіп, тұшыту қондырғысын орнатып, көшелерді, скверлер мен парктерді, гүлзарларды, егілген тал-теректерді суарып, көгалдандырып, абаттандырмақ деген жақсы бастама екен. Сол расқа шықты.
Мамыр айы. Жеңіс күні қарсаңында сол объектіге шақыру алдық. Бұл осыдан 15-20 жыл бұрын қазылған скважина еді. Суы ащы болса да, бір-жар жыл бала-шаға шомылатын душ па, әлде бассейн бе, сондай бірдеңе салынып, ақыры аяқсыз қалған-ды. Енді ащы суды тұшытатын қондырғы орнатқан. Атауы «Станция обессоливания с установкой обратного осмоса». Негізгі мәні – тұзсыздандыру стансасындағы суды тұшыту ғой. Тұшыту қуаттылығы тәулігіне 50 текше метр. Бұл аз су емес. Әуелі скважина суы қондырғы – комплекстегі сыйымдылығы 30 текше метр резервуарға өз-өзінен заулап келіп құйылып сақталады. Одан әрі әлденеше атмосфералық қысымнан, мембраналық блоктан өтеді, сүзіледі. Минералды тұздардан әбден тазартылады. Ақыр соңында оператор-маман өндірілген таза суды екінші, сыйымдылығы 50 текше метрлік резервуарға жібереді. Цистерна толғасын қондырғы автоматты түрде жабылады. Водовозды әкел де құйып ала бер. Су тегін.
«Бұлақ суының әр текше метрін «Арал-Сарбұлақтан» 600 теңгеден алып келдік»»деді қала әкімі Б.Махатов сауалымызға орай, – бұл қала бюджетіне едәуір салмақ. Осы скважинаның ащы суын тұшыту арқылы «Арал-Сарбұлақ топтық су құбырының» жүгін жеңілдетеміз, әрі қала бюджетін жылма-жыл 7-8 миллион теңгеге үнемдей аламыз. Оған осы аумақтан балалар ойын алаңын, үлкен бассейн, душ, спорт алаңын салып, көгалдандырып, көркейтетін боламыз.
Су іштік. Тұп-тұщы. Бал татиды.
Әп-п, бәрекелді-ай, дедік. Газетке шықты. (Сыр бойы,14.05.2020 ж.)
***
Хош... Сонымен не болды дейсіз ғой! Міне, содан бері үш жыл өтті.
Үш жыл..! Сол біз көрген орында екі цистерна тұр күнге күйіп... Ал скважина су сарқырап босқа ағуда.
Сол 2020 жылдың шілдесінде, яғни екі айдан кейін Б.Махатов басқа жұмысқа ауысады. Қала әкімдігіне А.Тасқынбаев келеді. 15 ай отырды. Ол да о жаққа мойын бұрмады. 2021 жылдың 14 қарашасында қала әкіміне Е.Тәлекенов сайланады. Ол сайланғаннанбері де 2 жылдай уақыт заулады...
Жоқ, әлі күнге тым-тырыс..
Әлгі екі цистерна гуілдейді, шуылдайды...
«Біздікі не тұрыс» дейді-ау, шамасы.Бұлақ суы болса, ышқына гүрілдейді. Сірә, босқа аққанына ренжиді-ау!
***
«Әділетті Қазақстанды адал азаматтар құрады» деді Президент Қ.Ж.Тоқаев.
–Мемлекеттік қызметші,үш әкімнің тазалығына шек келтіріп отырғаным жоқ.Деседе тым-тәуір басталған істің аяқсыз, бір күн ғана жылт етіп «жоғалғанына» таңырқайсыз. Аз ба, көп пе, бюджеттің қаржысы жұмсалды емес пе?
Тиісті органдардың зерттеп, білгені де жөн-ау! Сонда жұрт күмәні де сейілер еді.
Ш.Дәрмағамбетұлы,
«Арал ауданының құрметті азаматы
Суретті түсірген А.Нұрпейсов
02 шілде 2023 ж. 236 0