Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Гүлшара Әбдіқалықова: Қызылордалық дихандар су тапшылығына қарамастан егіннен мол өнім алды

Гүлшара Әбдіқалықова: Қызылордалық дихандар су тапшылығына қарамастан егіннен мол өнім алды

Қырғызстандағы «Тоқтағұл» су қоймасында былтыр 18 млрд текше метр су болса, биыл 12 млрд текше метр су болған. Сол сияқты, Өзбекстан арқылы келетін Шардарада су былтырғыдан 1,1 млрд-қа аз болған. Сол себептен қызылордалық дихандар біраз қиындыққа тап болды. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «Qazaqstan» ұлттық арнасының «Apta.kz» бағдарламасында су тапшылығын жою мақсатында күн-түн демей бірлесіп қызмет атқарған Экология, табиғатты қорғау министрлігіне алғысын білдірді.
«Жазғы уақыт кезінде егіс егіліп болғаннан кейін, қиындықтар туындады. Қол режимінде басқаруға тура келді. Экология, табиғатты қорғау министрлігіне зор алғысымызды айтамыз. Солармен бірге күнде таңертең жұмысты бастап, суды реттеп отырдық. Оның ішінде біздің кәсіпкерлерге, егіншілерге ерекше рақметімді айтқым келеді. Өйткені, түсіністікпен қарады, суды кезек-кезек беріп отырдық. Мысалы, ең кемінде күніге 550 текше метр секундына су келу керек. Ал, кейбір уақытта ол 400-ге дейін түсіп кеткен кездер болды. Дегенмен, биыл егіс жақсы шықты. Гектарына  61,8 центнерден болып тұр. Былтыр 60,3 болған еді. Жалпы, 551 мың тонна күріш жиналды. Бұл былтырғымен салыстырғанда 15 мың тоннаға көбірек. Егісті де әртараптандыру мәселесі бар. Мысалы, күріш. Жаңа айтып өткенімдей, биыл су жетпей, таршылық көрдік. Күрішті алсақ, 1 гектарына 33 мың текше метр су қажет етеді екен. Ал, тура сондай суды 10 мың гектар қызанаққа жұмсауға болады. Күріштің 1 гектарынан 650 мың теңге кіріс алынады, ал, қызанақтан 25 млн-ға дейін кіріс алуға болады. Бұны мал азығындық жоңышқамен де, тамаққа қажетті басқа да дақылдармен салыстыруға болады. Сондықтан, енді кәсіпкерлермен, егіншілермен бірге бұл мәселені қарап, тереңірек ойланамыз, зерттейміз. Күріштің егістік алқабының 80-85 мың гектарын сақтап қалып,  қалғанына басқа дақылдар орналастыру қажет.
kyzylorda-news.kz​​​
26 қазан 2020 ж. 551 0