Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ішек-қарын хикаясы

Ішек-қарын хикаясы

- Әй бері кел, - деді состиып тұрған маған Рамаш. - Іннен шыққан балпақтай зып беріп қашуға дайынсың-ау. Ұста анау құманды.
- Төһ. Қабағым кіртиген менің үнім де осылай шықты.
- Осыдан бұқтырма пісірсе, алды-артыңа қарамастан жыпырар едің. О, несі-ай?! Жалғыз өзім аршымайтын шығармын бұны. Су құйып тұр...
Рамаш - біздің ет жақын ағамыздың әйелі. Жеңгем ғой. Туыстар арасында той-құдайы жолы болса, оның бәсі тым жоғары. Етжеңді болғанымен қимылы шалт. Қазан асатын үйдің күрішін келістіріп басатын да осы кісі. Тиянақты келіннің тіпті осы пысықтығының арқасында, қаладан келген абысын-ажынға да сөзі өтімді. Ақсаусақ келіндерін де шыны аяқтай қағыстырып, сілкіп-сілкіп алатыны бар. Біздей мұрты енді тебіндеген бозбала қайныларына әзірге "ысқырық" айбары жетіп тұр.
Әлгінде ғана қайнысы Сейілханның Ерсұлтанын ауылдағы молда піштірген. Әрі-бері бұлтақтаған кішкентай сарыны үлкендер қаумалап, әрі-бері алдағанға көнбеген соң күшпен "кестіргенге" ұқсайды. Солай болғаны анық. Өйткені, киіз үйдің ішін басына көтере, ұлы ойбайды салған Ерсұлтанның даусын арықтың арғы бетіндегі ауыл да естіді ғой. "Ақұдайлаған" кемпір-шалдың жұбанышы Ерекеңе әсер етпесе керек-ті. Әжесі аяп-ақ тұр. Бірақ болмайды. Дәстүрден озған кім бар?! Ақыры, молдекең дегеніне жетті. Кесіп тынды. Сақалына онша ақ араласа қоймаған қалың қабақты бұл молдаң "кісі баласын аяпты" дегенді естімеппін өз басым. Ерсұлтан да сол сәтті басынан өткізіп жатыр. Жақын інімнің бақ еткен даусы шыққан. Содан кейін "әжелеп" өксіген үнін естідік. Сәлден соң "міне, азамат болды деген осы" деген шал-кемпірлер киіз үйге кіріп, Ерекеңе "атағандарын" тастап жатқан.
Рамаш жеңгемнің қармағына түспей тұрып, кішкентай ініме мен де кіріп шыққанмын. Манағы жылау жоқ, көзі жылтырап, келген-кеткенге қарайды. Жанында Сүйінбайдай үш, Құрманғазыдай бес теңгелік қағаз ақшалар шашылып жатыр. Арасында жап-жасыл Шоқан Уәлихановтың суреті басылған он теңге де көрінеді.
- Кәне, брәтішкі, жігіт болдың ба, көрейік. Қасына жетіп барғанымда қолыма қарады інім. Сірә, мені де бірдеңе әкелер деп күтсе керек. Одан түк шықпасын білген соң, қабағын кіржите көзімен төменге жақты көрсетті.
- Кәне, - дедім мен үстіне шеге құм толы төңкерілген кесені жайлап ұстап. - Өй, мынаның бәрін кесіп алған ба?! Қыз болып қалатын болдың-ау.
Өп-өтірік аңқаусып, дым білмегендей "жауды қапылта" салдым.
- Ааа, әжееееее! Ерекең аңырай жөнелді. "Қыз болып қалдың" дегенге өзінің намысшылын. Оның жылаған даусын естіген әжесі шыдай ма?!
- Әй, көгермегір, Ежөк! Жатқан балада нең бар еді, жер қана тартқыр!
Әжесінің даусы қандай ащы еді?! Киіз үйден атып шыққан бойы бауырсақ пісіріп жатқан жеңгейлерге жылыстай бергенмін.
Осылай ішім толып, ерігіп жүргенде ғой, Рамашқа ұсталғаным. Енді міне, екеуміз жаңа сойған қойдың ішек-қарнын аршудамыз. Дұрысы, ол аршиды, мен су құямын.
- Бөліп, бөліп құй. Не жау қуып келе ме, қайда асығасың?
Рамаш жеңгей тәртібін беріп тұрып, аш ішекті шетінен үзеді. Іш майын бөлек табаққа салып тұрып, мені суға қайта жұмсайды. Шелектеп тасыған суымды құманға толтыра салысымен ішек ішіне сарылдата құямын. Оны әрі-бері шайқап, ішіндегі суын жақын жердегі шұңқырға аударып әлек.
- Ұста, мына қарынның шетін. Пышақ қайда әлгі?! Әлгінде екеуміз қиын аударған қарынды сумен шайып болған соң, бүртігін қыруға кірістік.
- Қараң қалғыр-ай, кемпір болғанша қарын тазалап кетпесек болғаны. Осылай деп күңк етеді де, қарынды аударып ішін қыра береді Рамаш жеңгей...
...Кейінірек қой. Рамаш жеңгей біліп айтыпты-ау сол кезде. Елуден асқан оның әлі келіндік саптан түспегенін көріп келемін. Әлі де ішек-қарын тазалайды.
- Жас келіндер қайда?!
- Қой, ыздиған ұшыншақ кілең, әдірем қалсын, аллергиясы қозып кетіп, байларынан басымыз бәлеге қалар, - деп ырқылдай күледі зор денелі жеңгем.
- Ой, аршымаса, нең бар, өзіңе жұмыс қылып, - деймін ғой қарап тұрмай.
- Обал ғой, - дейді ол күрсініп.
Обалды білетін ауылдағы жеңгелерімнің соңы сен болмасаң екен, Рамашжан!!!
Ержан ҚОЖАС
25 қыркүйек 2024 ж. 299 0