Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Әбе әлемі қанаттандырғанда (әдеби-лирикалық этюд)

Әбе әлемі қанаттандырғанда (әдеби-лирикалық этюд)

Жігіт: Қарындас, қарындас... Ай қабақты, алтын кірпікті ару... Бұл менің көптен «Күткен күнім»... Әдебиет әлемінің айсеркесі Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Күткен күн» романындағыдай өмірімдегі ең бір ғажайып күн... Бұл ғажайып күн, осы бір сәт жүрегімнің ішіндегі жүрегіме жазылып қалады. Ешқашан ұмытылмас күн... Бұл менің «Күткен күнім»...
Қыз: Қиялы жүйрік, айкезбе жігіт екенсіз-ау деймін...Сіз не, сонау қиырдағы «Курляндиядан» келдіңіз бе?!
Жігіт: Шіркін, алыстағы «Курляндиядан» келсем де, жақындағы Шалқардан келсем де, шіркін, бүгінгі мына «Ымырт» мезгілі қандай керемет еді. Жүрегіме шуақ-сәуле құйып тұр. «Сергелдең» болған жанымды өз шипагеріне жолықтырды. Жабырқау көңілім «Күйреуге» шақ қалып, мұң кешіп жүр едім... Енді мына әлемге айқайлап тұрып «Сондай да бір күн болған» деп жар саламын. Естісін бәрі... Өйткені бүгінгі күні жұмыр жер бетіндегі ең сұлу қызды, ең ақылды қызды жолықтырып, тілдесіп тұрмын...
Қыз: Апырмай, сіз ашық теңізде жойқын желдің өтімен бағытсыз-бағдарсыз ығып бара жатқан «Сеңнің» үстінде тұрып, алыс-алыс жағалауларға қалай жетемін деп ұмсынғандай маған неге соншама ынтызар боп үздіге қалдыңыз. Сірә, Әбдіжәміл ағамыздың «Сеңі» сіз жүретін мекен болып тұр-ау... Байқаңыз, қалтылдаған, шытынаған «Сеңнің» үсті өте қауіпті болады... Долы толқын қуалап, беймәлім жақтарға беймезгіл кетіп қаларсыз...
Жігіт: Паһ-паһ, қандай «Сең» болса да, соның үстінде өзіңдей арумен кетсем еш арман болмас еді. Адастым деп, мені құтқар деп айтпас едім. Тіпті құрлықтар мен құрлықтардың арасында толқып жатқан ұлы мұхиттың үстінде айлап, жылдап жүрсем де армансызбын дер едім. Шіркін-ай, ұшы-қиырсыз, мұнартқан мұхит үстінде «Сондай да бір күн болған», «Сондай да бір түн болған» деп қимастықпен еске алар едім...
Қыз: Өзіңіз қиялыңызға құс-қанат бітіретін шалқымалы да салқам сері, жолбарыс жүректі шері жігіт екенсіз. Көзіңізге көрінген сұлулармен адасып жүріп өмір сүру сіздің «Соңғы парызыңыз» ба еді?! Мүмкін қолыңызға Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Соңғы парызын» алып оқысаңыз, албырттығыңыз әсте тез басылып, ұшпа қиялдан безініп, қарапайым, қарабайыр тірлікке қайтып келер ме едіңіз?!
Жігіт: Түһ, ай аруым-ай, аруым! Мені сұлулығыңызбен бір қинап, тоқтау сөзіңізбен бір қинап, қараптан қарап «Қан мен терге» түсіргендей болдыңыз-ау! (Бетін, маңдайын беторамалмен сүртеді). (Қыз кетуге айналады). Тоқта, тоқта, ару қыз! Мен сізді баяғыдан бері танитын сияқты болып көріп тұр едім. Сөйтсем, сіз әдебиет әлеміндегі, Әбе әлеміндегі Ақбаладан аумайды екенсіз. Қайран Ақбала...Айдай келбеті сіңірі шыққан кедей балықшыны да, мәйегі айналған бай мырзаның да көзін арбаған Ақбала...Ақбала... Айтпақшы, сіздің атыңыз кім еді?
Қыз: Сіз әулие екенсіз. Қалай дөп басып білдіңіз? Менің азан шақырып қойған есімім Ақбала. Ал жеңгелерім Бәкизат деп атап еркелетеді...
Жігіт: Қандай бақыттысыз! Бүгінгі күннің ажары ашық, азап-мехнаттан қашық Ақбаласы... Тағдыры тамаша күндерімен астасқан Ақбала ару...Ал мен-дағы дәл осы сәтте есімім Еламан не Тәңірберген болмағанына қатта-қатты өкініп тұрмын... Жо-жоқ, солай болмағаны да дұрыс болды. Мен мүлдем басқамын. Жаңа, жаңарған заманның адамымын. Қазақтың бір қара көз қызын шексіз бақытты етуге жаралған жанмын. Мен әлі сіз туралы поэма жазамын. Жаңаша жазамын...Жаһанға жария етіп жазамын...
Қыз: Жазыңыз, жазыңыз... Әбе сияқты көркем тілдің майын тамызып жазыңыз! Қазақ жерінің бір түкпірі, Арал теңізінің арғы шетінде туып-өсіп, күллі халық, жұмыла жұрт таныған классикке айналған Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейсовтей сара суреткердің ізін басқан, келер заманның керқұлан дарасы сіз боларсыз...
Жігіт: Жүрегіме жауһар құйған осындай сәруар тілектер сіздей періштенің ғана аузынан шығады. Періште қыздың сөзіне періштелер әумин десін. Көкірегімді шабыт кернеп барады. Мен сізге Әбе туралы бір өлеңімді оқып берейін.
О, Беларан, Беларан!
Теңізшіге мұнарланған армансың,
Асау теңіз етегіңде долдансын.
Бұл перзентің асырардай даңқыңды,
Дүр маңғаздық дәргейінде тұрғансың!

О, Беларан, Беларан!
Бір ғасырға дүбірлі өткен куәсің,
Әбе жайлы тек өзіңнен сұралсын:
Ақбауырдың ақ құмынан түлеген,
Күллі әлемге жайып байтақ құлашын.

Дарын жүгін даралаған – «Күткен күн»,
«Қан мен тері» ескерткіші өткеннің.
«Соңғы парыз» – соңғы айқайы Әбенің,
Өлі теңіз табанына төккен мұң...

Шақпақ-қалам от лаулатып маздаған,
Адамзаттың арман-шерін қозғаған.
Қайран Әбе қайрансыз күн торығып,
Теңізім деп ботадайын боздаған...

Қыз: Қандай ғажайып өлең! Құдіретті поэзия! Кемеңгер жазушының аруағы риза болған шығар...Сау болыңыз, ақын жігіт, сау болыңыз...
Жігіт: Ақбала, біз қайта кездесуіміз керек. Мен сізді күтемін. Атақты жазушы Сәбит Мұқанов айтқандай, жиырма жыл болса да күтемін.
Қыз: Күтіңіз. Күтіп босқа отырмай «Күткен күнді» тағы бір мәрте оқып шығыңыз...
Жігіт: Ақбала, мен сізді күтемін. Талай тарихқа куә болған Буденный төбеде күтемін. Қазақ көшесінде қол ұстасып жүріп, Әбенің табан ізі қалған жерлермен жүреміз. Мен сені сосын Беларанға, сол шыңның арғы жағындағы көк жайлау Үшкөңге апарамын. Киелі топырақ бізге рухани күш береді. Киелі жердің абыз ақсақалдарынан бата алып қайтамыз, Ақбала! Ақбала!
Ерғали АБДУЛЛА
28 қыркүйек 2024 ж. 125 0