Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » "Шеге құмның" сыры

"Шеге құмның" сыры

Жақында жаңа кітап қолыма түсті. «Оқырман ретінде олжам ғой» деп, бірден оқуға кірістім. Мұқабасында өзімнің туған жерімнің тұмса табиғаты бейнеленген кітапқа Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі, белгілі журналист, әдебиеттанушы-ғалым Бауыржан Омарұлы «Шеге құм» деп атау беріпті. Бұрындарыда жерлес аға-апаларымның кітабын үзбей оқитын мен осы жолы да ойымды жазуды жөн көрдім.
Қаламгер осы кезге дейін де өз замандастары туралы портреттік эссе жазудың шебері ретінде танылған. «Шеге құм» кітабына да танымал тұлғалар мен қатарлас зиялы жандар туралы эсселері мен мақалалары топтастырылған.
Кітапқа енген шығармалар өзінің көркемдігімен және тартымдылығымен ерекшеленеді. Туындыда автор кейіпкерлердің бітім-болмысын, таным-түсінігі мен сана-сезімі, қимыл-әрекеті туралы жан-жақты суреттелген.
Кітап тақырыбына арқау болған «Шеге құм» эссесі қысқаша «Арал және ақын» деп мазмұндалған. Онда Бауыржан Омарұлы аралдық адуынды ақын Толыбай Абылаев туралы естелігімен бөліседі. Алғаш Қаратереңнің жазғы клубындағы концертте көрген шағын денелі, шашы ұзын, сұр костюмдегі ақын жігіттің әлі күнге дейін қазақ поэзия сахнасынан түспегенін айтады.
Қай өлеңіне зер салсақ та, табаны құрғаған айдынды теңізді, туған жерін жырлайтын ақынның өлеңінен мысалдар келтіреді. Оның жырларын күйініш пен күйзелістің қосылысы деп біледі.
Толыбай ақынның жан дүниесін осы Аралдың шеге құмымен салыстырады. «Шеге құм қаншалықты адам денесіне кір шалмайтын, ластамайтын болса, Толыбай Абылаевтың жаны да Аралдың жағалауын жайлаған, қашқан теңіздің ұлтанында жал-жал болып жатқан құмдай соншалықты кең, жан баласына зиянын тигізбейтіндей таза» дейді. Сондай-ақ ақынның өлең өлкесіндегі сырлы сапарына сәттілік тілейді.
Сонымен қатар кітапта Бауыржан Омарұлының «Қанекей сөйле, компьютер!» та¬қырыбында қабырға газетінен әлеуметтік желіге дейінгі ой толғанысы бар. Ал «Әлеуетті Әбітай», «Жүз жылдық жылылық», «Ғасырға жуық ғұмыр», «Келімбетов кеңестігі», «Ақ күмбез» және «Құжат, кілт және Аманкелді аға» атты тақырыптық эсселері мен зерттеу ең¬бек¬тері оқырманды елең еткізбей қоймасы анық. Әсіресе «Белгілі вальстің авторы», «Кеңшіліктің келбеті», «Қазалының қазағы», «Астананы аялаған ақын», «Қамшы мен қалам», «Тұнық бастау» мен «Күмісті мылтық» атты туындыларында әр жанның болмысы мен еңбегі, ерекшелегі тереңінен жазылған.
Қаламгердің ешкімге ұқсамайтын өзгеше стилімен ой толғайтын, оқырманның алары да, ой түйері де көп «Шеге құмның» қалың көпшіліктің көңілінен шығары сөзсіз.
Гүлмарал САҚТАПОВА
01 қазан 2024 ж. 71 0