Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Эссе жанрының дүлділі (Ғалым, журналист, жазушы Бауыржан Омарұлының шығармашылығы туралы мөлтек ой)

Эссе жанрының дүлділі (Ғалым, журналист, жазушы Бауыржан Омарұлының шығармашылығы туралы мөлтек ой)

Тума талант, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, ақын, жырау, күйші, композитор, Аралдың да, өнердің де жоғын жоқтаушы Мұрат Сыдықовтың сан қырлы өнері туралы аз айтылып, аз жазылып жүрген жоқ. Оның шығармалары қазақ теледидарының алтын қорына жазып алынып, бірнеше деректі фильм түсірілгендігі де белгілі. Музыка саласының «жілігін шағып, майын ішкен» нағыз өнер қайраткерлерінің сұлу да сылқым Сырдың құяр сағасындағы бұйығы жатқан ауылдардың бірінде туған осы бір өнерлі қазақтың дарынды баласы туралы айтқан әділ де дәл ой-пікірлері мен берген жоғары бағалары атан түйеге жүк боларлықтай. Шындығында да,Аралдың киелі де қасиетті топырағынан кіндігі үзілмеген өнерпаз ағамыз 65 жылдан бері көкірегінен мақам сазды жыр саулатып, көмейінен ерке назды ән шырқатып, өмірлік серігі қоңыр домбырасынан екпінді, жігерлі, төкпелі күй күмбірлетіп келеді. Оның зар заманда жауына қарсы атой сап, дабыл қаққан батыр бабаларымыздың тұлпарларының дүрсілімен көмкерілген өжеттікке, өрлікке, ерлікке толы туындыларымен көк теңізбен суарылған оптимизмге толы азалы шығармалары алдағы уақытта да халық ықыласына бөлене берері анық. Бүгінгі күні «болдым, толдым» деп жүрген Мөкең жоқ. Керісінше, «алар асуым әлі алда» деп, музыканың күрделі жанрына құлаш ұрып жүрген сыңайы бар. «Іске сәт», дейміз ағамызға...
Менің айтарым басқа.Жуырда мен әлеуметтік желіден жерлесіміз, әдебиеттанушы ғалым,Ұлттық Ғылымдар академиясының Академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Жастар Одағының Б.Бұлқышев атындағы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлықтарының лауреаты, Арал ауданының Құрметті азаматы, белгілі эссеист жазушы, журналист Бауыржан Омарұлының Мұрат Сыдықов туралы жазған «Аралдың алтын арқауы» атты дүниесін сүйсініп оқып шықтым. Автор осы кезге дейін өнер иесі туралы жазылғандардың бірін де қайталамай, күйлерінің, ән-жырларының бірінің де атын атамай-ақ Қарашалаңнан шыққан «самородок», қақтаған тортадай қақпыш қара баланың ғұмырын, өнерін, өзі туып-өсіп қанаттанған ауыл өмірімен ұштастыра отырып, шағын ғана эссе жанрында қалай дәл әрі әп-әдемі жеткізе білген десеңізші! Риза болатының соншалық, «жазсаң, міне осылай жаз!», дейсің еріксіз.
Жалпы, менің пайымдауымша талантты қаламгердің жазу стилі мүлдем бөлек. Ешкімге ұқсамайды. Ұқсағысы да келмейді. Қарапайым. Тақырыпты ашу әдісі тіпті өзгеше. Ойы жүйрік, қиялы керемет. Тілі құнарлы да шұрайлы. Сөз саптауы ерекше, сөз дегеніңді құбылта, ойната біледі. Ретті жерінде зілсіз, әдемі, жарасымды жеңіл әзілдерді тиімді пайдаланады. Өзі әдебиеттанушы ғалым болғандықтан жазған шығармаларында оның әдебиет теориясын толық меңгергендігі, тіл заңдылықтарын жете білетіндігі байқалады. Оқиғаның сюжетін өзінің ой елегінен, көңіл сүзгісінен өткізіп, әбден саралап, сараптап барып құрастырады. Шығарманың шырайын аша түсетін теңеу дегеніңізді қаламгер алыстан іздеп әуре болмайды. Ол үшін Қаратереңнің табиғатын, айдынды Аралын, ынтымағы жарасқан ауылының еңбекқор азаматтарын мысал етіп алса жетіп жатыр.
Дәлел керек пе? Мархабат. Жазушының «Шеге құм» атты эссесін оқып көріңіз. («Сыр бойы», 14 маусым, 2022 ж. №88). Жарасқан Әбдірашев атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты, аралдық арқалы ақын Толыбай Абылаевтың шығармашылығындағы ақ махаббат, пәк көңіл, әдемі әуен, тұнық ой, мөлдір мұң ақынның табиғатына жақын қастерлі құндылықтар екенін баяндай келіп, оның адами болмыс-бітімін төмендегідей тосын тіркес, тың теңеулер арқылы жарқырата ашады.
«...Біздің Аралдың жағасында шеге құм деген ғаламат құм бар. Сол құмға су жаңа киіміңмен қанша аунасаңда, үстіңе ештеңе жұқпайды. Түрегелсең болды, шеге құм жерге сусып түседі. Не сені кір шалмайды, не құм ластанбайды. Мен жұрттың бәрін бауырына басып жүретін Толыбай ағамның тап-таза табиғатын бір кезде айдынды Аралдың жағалауын жайлаған, қазір қашқан теңіздің ұлтанында жан-жал болып жатқан осы шегеқұмға ұқсатам.Ақын ағам да шегеқұм сияқты жан баласына залалын тигізбейді.Тіпті мысықтың да мұрнын қанатпайды...»
Бұл жерде оқырманның өзі көріп, сезіп, байқап отырғанындай, автор әбден таптаурын болған «аузын ашса, көмейі көрінеді», «кристалдай таза» деген теңеулерден ерікті түрде бас тартып, кейіпкерінің адами, қарапайым қазақы табиғатын ашып көрсету үшін өзге жұртқа елеусіздеу көрінетін шегеқұмды өте орынды, сәтті пайдаланып отыр. Әрі шынайы, әрі сенімді.
Талғамы биік, көзіқарақты, өресі кең оқырмандардың Бауыржан Омарұлының шығармаларын іздеп жүріп, қызығып, сүйсініп оқитыны да содан болар, бәлкім. Бірақ қаламгердің аз тиражбен шыққан кітаптарының қолға түсе бермейтіні өкінішті. Ұмытпасам, ертеректе оның «Қаратарең вальсі» атты туындысын Аралдағы досы Әділхан Алдановтан сұрап алып, оқып шыққаным бар. «Кітапты оқып болдың ба?» деп, қайта-қайта мазаңды ала бергесін, тездетіп иесіне қайтарып беруге тырысасың. Асығыс, шала оқылған дүниеден қандай рухани ләззат алушы ең?!Шөлі қанбаған жолаушыдай күй кештім. Ал оның өзінің әріптестерінің, ақпарат майталмандарының жан дүниесін, ішкі әлемін, кәсіби біліктілігін саралап көрсететін «Он бірінші қаламұш» деп аталатын жинағын күндіз майшам алып іздесең де таба алмайсың.
Мен өзім жазушы інімнің мерзімді баспасөз беттерінде басылып шыққан шығармаларын мүмкіндігінше қалт жібермей оқуға тырысам. Сәті келсе, өзіміз тілін жетік біле бермейтін интернетте үзіп-кесіп берілетін мақала, эсселерін, тіршіліктің сан алуан түйткілдері туралы ой-толғамдарын оқып тұрамыз. Ол өзгелерге елеусіздеу көрінетін, күнделікті өмірде кездесе беретін кішігірім оқиғаның өзін оқырмандарға шығармашылық шеберлік арқылы ширатып, қызықтырып, еліктіріп ұсына біледі.Оның ақкөңіл, акеден, аңғал ауыл адамдарының күнделікті күйбең, қым-қуыт тіршілігін жеріне жеткізе суреттеуі қандай шынайы дейсің!Жазушының, әсіресе бәріміздің басымыздан өткен мұңсыз, алаңсыз, алғаусыз балдәурен жастық шағымыздың нұрлы да шуақты күндеріндегі қызықты оқиғаларға көңіл, сезім толқындарын оятып, ойнатып, оларға өзгеше реңкі беріп, еліктіріп, қызықтырып жазатынын айтсаңшы! Оқығаннан көңілге қона кетеді.
Баукеңнің «Қаратерең вальсі» атты кітабындағы мөлдіретіп жазған тартымды, тамаша әңгімелерін бір деммен оқып шығып, өзіңнің туған ауылыңды еріксіз еске аласың. Еске аласың да рахат бір сезімге бөленесің. Шығарма кейіпкерлерінен, олардың мінезінен, болмыс-бітімінен, тыныс-тіршілігінен өзіңді, қимас достарыңды, ауылыңның ақниетті, кеңпейілді, даладай дархан, қарапайым ауыл адамдарын көріп, айна-қатесіз танып білгендей боласың. Қысқасы, жаңыңды беймәлім бір мөлдір мұң тербеп, санаңнан алыстай бастаған сарғайған сағынышқа толы сағым жылдардың тәтті елесі таңғы шықтай тап-таза, мөп-мөлдір, тұп-тұнық күйінде көз алдыңа кеп тұра қалады.
Иә, сөздің ашығын айтар болсақ, оқырмандардың бүгінгі буынына «құстың тұмсығындай қысқа да шымыр» (А.П.Чехов) жазылған, етек-жеңі жинақы, сәтті детальдармен, әрлі штрихтармен өрнектеліп, жеңіл юмормен көмкерілген, қызықты оқиғаларға толы мөлтек әңгіме жанры қажет-ақ. Әдемі этюдтер мен әсерлі эсселер болса құба-құп. Ойымыз, сөз өнерінің парқын,табиғатын бағалай білетін, эсселер мен портреттік мақалалар жанрының иінқандырып илейтін, оның озық әдістері мен методологиясын толық меңгерген, маманданған Бауыржан бауырымыз өзінің оң жамбасына келетін осындай дүниелерге көбірек қалам сілтесе дейміз ғой, баяғы.
Әрине, қызығы мен шыжығына қарағанда қиындығы мен жауапкершілігі басым, уақыт талабына сай жаңа сипатта дамып жаңғыруға бағытталған мемлекеттік қызметтің жоғарғы эшелонында жүрген ініміздің жазу-сызумен айналысуға есептеулі уақытының жете бермейтінін біз жақсы түсінеміз. Дейтұрғанмен, артыңда қарасы қалың, ойлы, талғампаз оқырмандарыңның бар екенін, олардың өзіңнен дәмді, нәрлі шығармалар күтетінін ұмытпассың, бауырым. Өзің жанындай жақсы көретін, шабытыңның қайнары болған алақандай ауылыңның ғана емес, Сыр бойының, бүкіл еліңнің атақ-абыройын ғұлама ғалым, жампоз журналист, қаламы жүйрік жазушы ретінде асқақта беруіңе шын жүректен тілектеспін, айналайын.
Аман бол, киелі де қасиетті ауыл топырағынан қанаттанып, биіктерге самғаған талапты да талантты, жаны да, ары да, жолы да, қолы да таза, тумысы бөлек, досқа деген пейіл-ниеті түзу, тәрбие бастауы–тал бесіктен бастап жаман әдеттен жиреніп, жақсы әдептен үйреніп өскен, Қаратереңнің қарапайым қарабаласы!
Әнес ӘУЕЗОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Арал қаласы
22 қазан 2023 ж. 944 0