Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Абыз ағамен кездесу

Абыз ағамен кездесу

Әрбір адамның пешенесінде тағдыры жазуы болатыны әлмисақтан белгілі. Осындай әңгімелерді жас күнімізде қариялардың аузынан еститінбіз. Бала көңілмен біреуін тыңдап, бірін тыңдамай ойнап кететін едік. Шыр етіп өмірге келгеніңде көретінің де, тататын дәм-тұзың да маңдайыңда жазылып тұрады дейтін сөз құлағымызға сіңісті болған.
Біршама жасқа келіп, алды-артымызды бағамдап қарағанымызда, сол бір есті адамдарымыздың айтқан әңгімелерінің дұрыстығына көзіміз жетіп, жаратылыстың өте бір шебер сомдалған көріністеріне таңғалған жайымыз бар. Өз басым бәрін бірдей көрдім, білдім деп айта алмаймын. Дегенмен өмірде жақсы адамдармен араласып, сыйлы жандардың жанында жүргендігімді өз тағдырымның үлкен бір құрметі, Жаратушы иеміздің маған бұйыртқан айрықша сыйы деп қабылдаймын. Сол үшін де өміріме, тағдырыма деген разылығымды білдіруді парыз санап, пенделік тәубем деп түсінемін.
1984 жылы мен Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға бардым. Бір азаматтар арқылы ауылымыздың қызы Бахова Ұмытхан апамыздың үйінде бір айдай тұруыма тура келді. Үйлері – қазақтың қабырғалы қаламгері Әбдіжәміл Нұрпейісовтің досы Тахауи Ахтановтың саяжайы. Ұмытхан апамыздың анасы Тиыштық әже өте байыпты, ақылды кейуана болатын.
Екі дос қаламгердің кей кезде әжеге сәлем беріп, жемісі уылжыған саялы бақтың ішіне келіп демалып тұру дағдылары бар екен. Тамылжыған күздің шуақты бір күнінде Әбең мен Тахаң Ұмытхан апаның үйіне келді. Күні бұрын біліп отырғандықтан дастархан мәзірі дайындалып, қам-қарекет те жасалынды. Қазақы дәстүрмен қос алыптың қолына су құйып, қызмет жасадым. Бұл менің Әбдіжәміл мен Тахауи есімді қазақтың марқасқа азаматтарын бірінші рет жақыннан көруім болатын. Екеуі де сырбаз, көп сөйлемейтін, бірін-бірі емеуріндерінен танитын сыралғы достар екен.
Әбеңдей алыпқа естелік жазу үстінде осы бір отыз сегіз жыл бұрынғы алғаш кездесуім көз алдыма келе қалды. Бұл да болса маған бұйырған тағдырдың сыйы, менің өмірімдегі тағылымды күндерім екен.
Заманымыздың заңғар жазушысы, абыз ақсақалы Әбдіжәміл Кәрімұлымен кездесіп, бірге болған күндерім сол бір сый-құрметімнің куәсі, қайталанбас мезеті болғаны анық. Мұндай заңғар, аңыз адаммен бірге болу – менің үш ұйықтасам да түсіме кірмеген тарихи сәттерім, ұмытылмас күндерім.
2012 жылы 7-8 қыркүйекте Арал ауданында Жақайым атаға арналған республика көлеміндегі халықтық шара болып өтті. Халықтың өз ықылас-пейілдерімен қаржы жиналып, Ақшатауда үлкен пантеон орнатылып, ас берілді. Баба рухына Құран бағышталып, мәдени шаралар ұйымдастырылды. Аудан тарапынан осы мәселеге орай комиссия құрылып, іс-шаралар жоспары белгіленді. Комиссия төрағасы болып Мұхтар Оразбаев, орынбасарлығына мен бекітілдім. Жетінші қыркүйек күні пантеон-белгінің ашылуына келген Әбдіжәміл Нұрпейісовті күтіп алып, тау басына бірге шықтық. Сексен жетіге келген қария ғой, қиналып қалар деген оймен, білегінен ұстап демегім келген. «Бала, қолымнан ұстама, өзім шығамын» деген соң амал жоқ, қатарласып жүруге тура келді.
Едәуір биік саналатын Ақшатаудың төбесіне еш қиналмай жеткеніне қатты таңғалдым. Сексен жеті жас былай тұрсын, ол кісіден әлдеқайда кіші адамдардың өзі биік басына қиналыңқырап шықты. Екінші дүние жүзілік соғыстың қан майданында қар жастанып, мұз төсенген, оқ пен оттың ортасындағы небір шайқасты бастан кешкен жан ғой, сонда Әбеңнің құрыштай шыныққан қалыбына сүйсіндім. Сұрапыл соғыс күндеріндегі жанын шүберекке түйіп жүріп жасаған шығармашылық жұмыстары да рухани тұрғыдан шынығу, жетілу, қалыптасу жылдары болғандығы мәлім. Ал, соғыстан кейінгі жылдарындағы жазушылар арасындағы жікшілдік пен жершілдік тұрғысындағы айтыс-тартыстарының небір жүйкеге салмақ түсірер күйзелістерінің өзі-ақ, ол кісінің ерік-жігерін қара тасқа жанып, қайрағандай шыңдалу мектебі болды десек, артық айтқандық емес деп ойлаймын. Осының бәрі Әбеңді рухани-моральдық тұрғыдан қалыптастырып, ғасырға таяу ғұмыр кешуіне әсер еткен ең үлкен фактор деп ойлаймын. Олай дейтініміз, Әбең – жаратылысынан қайратты да қайсар, күйректікке берілмейтін жаны сірі, мұқалмас мықты тұлға. Болмаса шығармашылық ортаның дау-дамайларынан өзіне-өзі ие бола алмай ішімдікке салынып, терең дағдарыстарға түсіп кеткен ақын, жазушыларымыз қаншама?! Ең басты ерекшелігі сөзге сараң сабыр иесі екендігінде деп түсінемін. Ал, тура сөйлеп, турап түсетін кесек мінезі небір ықпалды адамдардың өзін тұсаулы аттай шоқырақтатып, тіксіндіріп отырады екен.
Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшылығында жүргенімде сол кездегі облыс әкімі Қ.Көшербаевтың тікелей бастамасымен және қолдауымен Арал қаласынан Әбеңнің шығармашылық үйі салынған болатын. Кей кездері Ә.Нұрпейісовтің әдебиет үйі деп аталғанымен, өз жұмыстарын қалалық мұражай ретінде бастады. Қаншама сыйлы қонақтар, ақын-жазушылар келіп, республика көлеміндегі баламасы жоқ шығармашылық үйі деп бағалағаны әлі күнге есімде.
2014 жылы тоқсан жасқа толған жазушы ағамызды, сол кісінің өзіне арнап салынған шығармашылық үйіне әне келеді, міне келедімен сарғая күттік. Бірақ, Әбең сол жылы келмеді. Анығын білгенімізде ағамыз өзінің мерейтойын өткізуге, құр мақтаншылыққа мүлдем қарсы адам екен. Осы мінезінен-ақ қадірлі қаламгердің жаңа қырын танығандай болдық. Болмаса, ыңғай білдіріп жатса Әбең үшін барлығына да дайын азаматтар жетерлік екен.
Алайда, Қырымбек Елеуұлы ағасының тілін тауып, ретін де келтірді. 2015 жылдың 9 қарашасы күні келген Әбең, сол бір қастерлі шаңырақта екі күн болып, демалды. Соның өзінде жарқ-жұрқ еткен салтанатты рәсімдерінің бірі де жоқ, баласы Кәрім мен келіні Әйгерім және немересі Имаш қана бар. Жолбасшысы қазіргі аудан әкімі – Аманжол Оңғарбаев. Келесі күні Арал қаласында тұратын қарындасы Байқабылқызы Ажар апамыз, сол кездегі аудан әкімі А.Мұхимов пен Әбеңе арнап қонақасын берді. Басқаларымызға ет тамағы тартылғанында Әбең үшін арнайы асылған сазанның еті мен бал татыған сорпасы даярланыпты. Ұлы адамның тамақ жеуінің өзі де бір бөлек тәрбие ғой. Өзіне ғана тән болмысымен тағамды да баппен, сүйсініп жейді екен. Арасында жәймен ғана әңгіме өрбітіп отырды. Сол кезде Әбеңнің жалпы балыққа ас қайырылмайды, бірақ сазанға бата беріледі, ол жайлы Құранда бар дегені менің жадымда жатталып қалды. Құлаққа жағымды қоңыр дауыспен айтылған әңгімелерімен бірге ағамыздың сарқытынан да дәм таттық. Дастарқан басында бәріміз куә болған жағдайдың бірі келіні Әйгеріммен арасындағы сыйластық көріністері. Атасы үшін тамақпен бірге қабылдайтын дәрілері мен сусындарын рет-ретімен беріп отырды.
2015 жылдың 10 қарашасы күні болған осы оқиғаға дейін-ақ мен «Ишандар өткен ғұлама, хабар берген Алладан» деп аталатын кезекті кітабымды даярлау үстінде болатынмын. Соңғы бөлімдерін нақтылау кезінде бір жарым ай бұрын Әбеңе ұялы байланыс арқылы хабарластым. Оған себеп, кітабымдағы Ақайдың Қосаны деген атақты барымташының өміріне байланысты еді. Тоқсан жеті жасқа келіп қайтыс болған Қосан атамыз да Жақайым аталығының Андағұлынан тарайтын Нәдірі болатын. Осы жағынан алғанда бұл адамдар бір-бірлеріне туыс болып келетіндігін атап өткім де келеді. Айырмашылығы екі ағайынды адамдардың ұрпақтары болып келетіндігінде. Қосан ата есімі аңызға айналып, Қарақалпақтың Шымбай, Қоңырат пен Үргеніші, ұлан-байтақ ұлысымыздың батысы, Арқа мен Сырға тегіс тарап, Ресейге дейінгі қазақтарға мәлім болып, қасиет қонған сарабдал ақыл иесі, жаужүрек тұлға болған. Қосанның жалғыз баласы Ыбыраштан тараған Берсүгірдің әйелі Мәлика менің әке-шешеммен бірге өскен анамыздай адам болатын. Сол кісінің естелігі бойынша 1960-жылдардың басында Әбдіжәміл Нұрпейісов Мырзастың басындағы Қосан ағасына келіп, көп әңгімелерін тыңдап, жазып алып кетіпті. Жас келіншек болып табалдырық аттаған Мәлика шешеміз атасынан бұл әңгіме не туралы деп сұрамақ түгілі, бетіне тура қарауға да батпайтын. Осы оқиға туралы телефон арқылы айтып, өтініш жасағанымда Әбең ауруханадан шығып үйіне келе жатыр екен. Аты-жөнімді айтып өзімді таныстырғанымда, «айналайын Аманөткел мен Ақбасты бір теңіздің жағасындағы бір ел ғой, елге барғанымда асықпай отырып сөйлесейік» деп жылы қоштасты. Қай уақытта келесіз деп айтуға дәрмен жоқ, ағамыздың бірауыз жылы сөзінің өзіне мәз болып, марқайып қалғанмын. Себеп, жанына барудың өзі қиынға соғатын Әбеңдей алыптан сұхбат алудың басқалар үшін қандай болатындығын мен өз көзіммен көріп, куәсі де болғанмын.
Шығармашылық үйіндегі кең көсіліп демалып жатқан сәтін пайдаланып, ептеп сөз бастадым. «Мен сегіз ай бойы ауруханада жатып шаршадым. Жүйкеме де үлкен салмақ түсті. Сен айтып отырған Қосанды есіме түсіре алмай тұрмын, ренжіме шырақ» деді. Сәл тосылып барып, «аға, менде Ақайдың Қосанының суреті бар еді, әкеліп көрсетсем бола ма?» дегенімде, «жәрайды әкеле ғой» дегенді жәйімен ғана айтты. Дереу үйге жетіп архивімдегі суретті тауып, «Мырзастан шықты шайырлар» кітабымның бір данасымен қоса әкелдім. Кітаптан бұрын суреттегі бейнеге көзілдіріксіз бес минуттай үңіле қарап, жәй ғана болды деп қолыменен де белгі берді. Ақтөбедегі «Қан мен тердің» кейіпкерлеріне қойылған Кәленнің образы етке тойған қазақ сияқты бір бейне. Дәл осындай қылып қайтадан жасаттырамын дегенінде төбем көкке жеткендей қуандым. Сонымен бірге менің кітабымдағы ақын-жырауларымыздың жырларына айрықша назар аударды. Әсіресе, Бітімбай шайырдың өлеңдерін оқи отырып, ондағы жер-су атаулары мен адамдардың есімдеріне көбірек ден қойды. Қайту сапарында Қосанның суреті мен кітабымды өзімен бірге ала кетті. Оныншы қараша күні кешкі астан кейін, Әбеңнің жақсы демалуына арнап тілектерімізді білдірген соң, үйлерімізге тарадық. Ертеңіне ағамызды шығарып салу үшін жиналып сәлемдескен соң, сыртқа шығып кеткенмін. Бір уақытта «Тәке, сізді шақырып жатыр» дегенінде біртүрлі болып қысылыңқырап қалдым. Ойыма дереу А.Мұхимов түсті. Себебі, мұндай шаралардың кезінде сценарийлік жоспарлардан әлдеқандай ши шығатын болса, біздерге үлкен айыптар тағылатын. Абыржыңқыраған күйімде ішке келгенімде мүлдем басқа көрініске тап болдым. Қарсы алдымнан аудан әкімімен қатар тұрып, қолына шапан ұстаған Әбең шықты. «Тәңірберген, айналайын, мен ешкімге бұлай ақтарыла бермейтін едім, мына шапанды сенің иығыңа жапқалы тұрмын» деп ағынан жарылды. Осылайша, тоқсан бір жасқа келген қадірменді қария, абыз ақсақал, ұлы қаламгердің ықылас-пейіліне рақмет деуге шама келгендей болды.
Сол бір шуақты күн, естен кетпес тарихи сәттерден бері жеті жыл уақыт өтіпті. Өзін қадір тұтқан халқымен бірге тәуелсіз еліміз басшыларының жоғары дәрежелі құрметтерін көрген және әлемнің таңдаулы шығармашылық өкілдерінің беделді марапаттарын иеленіп, есімінің өзі аңыз болып тараған абыз ағамыз да бұл өмірден өтіп, Көктөбенің басындағы мәңгілік мекенінде тыныс тауып жатыр. Өзінің кіндік қаны тамған Беларанында ата-анасының сүйікті перзенті болып өмірге келген Әбеңдей ұлы жүрек адамзаттың ұлы суреткер жазушысына, қайраткер тұлғасына айналды.
Тәңірберген ДӘРМЕНОВ
Қызылорда қаласы

02 қазан 2024 ж. 271 0