Батыр ерлігін ұлықтаған өлең-жырлар

Бүгінгі күні Жанқожа батыр жайында жазылған оннан аса тарихи өлең-жыр мен дастандар бар. Көлемі 15 мыңнан аса жолды құрайды. Айтар болсақ, олардың авторлары – Мысабай жырау, Төремұрат жырау, Лұқпан Кенжеев, Жөкей Шаңғытбаев, Қарман Сұлтанұлы, Нұрсұлтан Жұбатұлы, Ибрайым Тiлеуұлы, Орнықбай Сұлтанов, Шоңбай Жұбанұлы. Жанқожа батыр туралы әрбiр шығарманың өз айтары бар. Бәрiнiң идеясы – Жанқожаның ерлiгiн жырлау арқылы батырдың тұлғасын сомдау.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін тарихи тұлғалар туралы зерттеле бастады. Мәселен, 1995 жылы А.Ғабдуллина Қабанбай батырдың, 1998 жылы Ә.Тарақов Абылай ханның, 2001 жылы Аманжол Әлтай Ағыбай батырдың әдебиеттегі қаһармандық тұлғасы туралы кандидаттық диссертациясын қорғаса, 2010 жылы Жанқожа батырдың тарихи өлең-жырлардағы бейнесін ғылыми жұмысыма өзек етіп, ғылыми айналымға енгіздім.
Жанқожаның ерлiгiн насихаттайтын жырлардың басында Мұсабай жыраудың “Жанқожа батырдың толғауы“ тұрғанын ғалымдар мойындайды. Өздерiнiң батыр туралы жырларды талдаған еңбектерiнде де ең әуелi осы жырды арқау етедi. Тек бұл Жанқожа батыр туралы тарихи жырлардың алғашқысы емес, “Веселовскийдiң жинағында берiлген “Жанқожа батырдың толғауы“ қазақ халқының ұлт-азаттық, бостандық жолындағы бұқаралық күресi сипатталған тарихи жырлардың iшiнде алғаш баспа бетiнде жарияланған нұсқаның бiрi болғандықтан, орны ерекше“ екенін «Қазақ кітабының шежіресі» атты еңбекте Ү.Субханбердина жазып кетті. «Жанқожа батыр толғауы» өткен ғасырдың аяғында, 1894 жылы Н.И.Веселовский баспа бетінде жарыққа шығарды. Бұл тарихи жырды Мұсабай жыраудан И.В.Аничков жазып алған. Биыл жырдың жарық көргеніне 130 жыл.
Жанқожа батыр жайлы тарихи жырлардың iшiнде Мұсабай жыраудың толғауына зерттеушiлер тоқталмай өтпейдi. Жазушы Сәбит Мұқановтан бастап Ә.Қоңыратбаев, С.Садырбаев, Б.Шалабаев, С.Қасқабасов, Е.Тұрсынов, Н.Төреқұлов, Ғ.Ахмедов, Ж.Тiлепов, Т.Қоңыратбаевқа дейiн Мұсабай жыры зерттеу нысанына айналған. Көркемдікпен қабат еркін баяндауға ұласқан, деректілікке иек артқан тарихи жырдың әрбір тармағына, әрбір шумағына көз жүгіртпей, көңіл тоқтатып, әрбір түйінді ойды тарихи деректермен ұштастыра өрбіткенде ғана тарихи шығарманың мазмұны айқындалып, Жанқожаның болмыс-бітімімен, мінез-құлқымен астасқан батырлық тұлғасын аша аламыз.
Тарихи жырда елдік пен ерлік, тәуелсіздік пен бостандық тақырыбы өзек етілген. Ел тәуелсіздігі, жер бостандығы үшін ұлын құлға, қызын күңге айналдырғысы келген бодандық құрсауынан, отаршылдық қамытынан құтқарар тұста ел үшін жанын берер ер үлгісін көрсеткен Жанқожа батыр тұлғасы сомдалады.
Бір жайт анық, қазақ батырларының ішінде дүниеге ерекшеленіп келгеннен бастап дүниеден озып, одан жоқтау арналғанға дейінгі бүкіл өмірі өлеңмен өрілген жалғыз қаһарман – Жанқожа Нұрмұхаммедұлы.
Жанқожаның ерлік істері өз заманында да аңыздай таралған. Орыс ориенталисі И.Аничковтың сөзімен айтқанда, «Кіші жүз қазақтарының ішінде атақ-абыройы таудай, кезінде орыс ұлықтары қулықпен маңдайына шертпей қатты құрметтеген, Хиуа ханы да санасып, аса қадір тұтқан, кейіннен ақ патшаның бақайшағына дейін мылтықпен қаруланған қалың қолына қарсы пайғамбардың ақ туын көтеріп, майдан құрған, сайын жатқан сары даланың ең соңғы ұлы батырларының бірі, әруақты әулие Жанқожа батырдың өз жұртының ортасында қадір-құрметі өте шексіз» болған.
Жанқожа батырдың есімі тәуелсіздікке қол жеткеннен кейін еліне қайта оралды. Батыр туралы тарихи жырлар қайта жанданды, жаңа қоғамда жаңғырды. 1992 жылы туған топырағында ас беріліп, рухани шаралар өтті. Сол тұста батыр рухына арналған өлең-жырлардан Жанқожаға деген халқының сүйіспеншілігінің әлі де жоғалмағанын аңғару қиын емес еді. Тарихи оқиғалар жаңаша көзқараспен, жаңа идеялық мазмұнмен жырланды. Бәрінің де идеясы – батырдың қаһармандығына бас ию, елін сүйген ерді мадақтау, ұрпаққа үлгі етіп, бойларына отаншылдық ұрығын себу. Көркемдігі жоғары бұл бағыттағы өлеңдерді кәсіби ақындардың жырлауы бүгінгінің, бір жағынан, батырына деген сүйіспеншілігін білдірсе, екінші жағынан, Жанқожаның тарихтағы орнын бағалаған қаламгерлердің шынайы бағасын аңғарасың.
Нұрлан НҰРМАХАНОВ,
Филология ғылымдарының кандидаты, жанқожатанушы