Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Академиктің асқар асуы

Академиктің асқар асуы

Қазіргі аға буынның сөзін тыңдай қалсақ "Біз тарихымызды танымай өскен ұрпақпыз" дегенді жиі естіп жатамыз. Расында 70 жыл бодандықта күн кешкен халыққа сол уақытта қазақ халқының тарихымен терең танысуға мүмкіндік болмады. Алайда өткенді екшеп, өшкенді тұтатқан, көнені кейінгі ұрпақтың санасына сіңіріп жүрген ғалымдардың еңбегі өлшеусіз. Солардың бірі жерлесіміз, «Әл-Фараби» атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Берекет Кәрібаев. Бүгінде 60 жастың төріне шығып отырған академиктің ғұмыр жолы жайлы көп айтуға болады.
Академиктің әулеті
Берекет Бақытжанұлы 1964 жылы 9 қаңтарда Қызылорда облысы Арал ауданында, теңіз жағасында орналасқан Ақеспе атты балықшылар ауылында дүниеге келген. Әкесі Бақытжан 1928 жылы туған. 1941-1945 жылдары 14 жасынан Қарағанды шахталарында еңбек армиясында жұмыс істеген. Соғыстан кейін Ақтөбе қаласындағы мәдени-ағарту училищесін бітіріп, Арал ауданының Совет ауылдық Кеңесінде хатшылық қызмет атқарады. Одан кейін Ақеспе ауылында кітапханашы болып жұмыс жасайды. 2005 жылы 77 жасында қайтыс болады. Анасы – Ділмағамбетқызы Бақытжамал, 1934 жылы туған. 18 жасында тұрмысқа шығып, 7 ұл, 3 қызды тәрбиелеп өсірген. Құрметті «Батыр Ана» атағы мен алтын медалінің иегері. Әке тәрбиесінен тәлім алған академик пен бауырлары бүгінде арысы Астана, бері Аралдан жиналып, жыл сайын туған ауылы Ақеспеде бас қосуды дағдыға айналдырған.
Білім баспалдағы
Берекет Бақытжанұлы 1971 жылы Ақеспе ауылындағы №80 Сарыбасат 8 жылдық мектебіне қабылданады. Жастайынан зерек, әрі алғыр Берекет 8 сыныпты үздік бітіріп, әр сыныпты мақтау қағазымен аяқтайды. Жас кезінен кітап оқуға құмар болып, ауылдық кітапханадағы кітаптардың бәрін тауысты десе болады. Тіпті, 6-7 сыныпта жазушы болуды армандап, алғашқы әңгімесін сол кездегі мектеп оқушыларының газеті «Қазақстан пионерінде» жариялайды.
1979 жылы мектепті үздік аяқтап, Қызылорда қаласындағы политехникумда білімін  одан әрі жалғастырды. 1983 жылы оны аяқтағаннан кейін, бірден әскер қатарына шақырылады. Ресейдің Алтай өлкесіндегі Рубцовск қаласында алты айлық кіші авиация мамандарының мектебінде (ШМАС) оқып, «авиация двигателі мен шассиінің механигі» деген куәлік алып, Архангельск қаласы түбіндегі Васьково гарнизонына қарайтын әскери әуе-транспорт бөлімінде қызметін жалғастырады. Әскерде жүріп болашақта тарихшы болуға дайындалады. Әскери бөлім командирінен «Жоғары оқу орнына конкурссыз қабылдану үшін ұсыныс хат» деген бір жапырақ қағаз алады. Осы «Ұсыныс хаттың» көмегімен 1985 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті (бұрынғы С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университеті) тарих факультетінің қазақ бөліміне оқуға  қабылданады. Тарихшы болуды арман еткен ол бірден оқуға бірден қызыға кіріседі. 1-ші және 3-ші курстарда оған тарих ғылымдарының докторы, профессор У.Шәлекенов, профессор С.Жақыпбеков, профессор Ә.Тәкенов, доцент Ә.Оразбаев, доцент М.Қойгелдиев (бүгінде ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор), доцент Ә.Хасенов, доцент Қ.Құсайынов, доцент С.Жолдасбаев (кейін докторлық диссертациясын қорғап, профессор атағын алды), доценттер А.Чупеков, К.Қожахметов (кейін докторлық диссертациясын қорғап, профессор атағын алды), доцент Қ.Байзақова (кейін докторлық диссертация қорғап, профессор атағын алды), Б.Мекішев, Н.Алдабергенов, сол кездегі жас доценттер Қ.Әбусейітов, А.М.Дүзенов және тағы басқа ұстаздардан дәрістер тыңдап, семинарлар өтті.  Семинар сабақтарындағы белсенділігі ұстаздары сессия қарсаңында «автоматты түрде «өте жақсы» деген баға қойып, емтихандардан босататын.
Берекет Бақытжанұлы 1 курстан бастап студенттердің ғылыми үйірмесіне қатысып, жыл сайынғы сәуір айында болатын студенттік конференцияларда баяндамалар жасады. 1 курста доцент М.Қойгелдиевтің ғылыми жетекшілігімен «XI-XIII ғғ. түрік-славян тайпаларының қарым-қатынастары мәселелерінің кеңестік тарихнамада зерттелуі», 2 курста доцент Ә.Хасеновтың ғылыми жетекшілігімен «Қазақ хандығының құрылуы мен күшеюі», 3 курста доцент С.Жолдасбаевтың ғылыми жетекшілігімен «Қазақ этнонимі: мәні мен мағынасы» атты тақырыптарда студенттік конференцияларда баяндамалар жасады.
Берекет Бақытжанұлы 3 курстан соң мамандану үшін профессор Д.И.Дулатова басқаратын «Қазақ ССР тарихы» кафедрасын таңдап, Қазақстан тарихының ежелгі дәуірінен күні бүгінге дейінгі әртүрлі мәселелеріне арналған  арнайы курс пәндерін тыңдайды. С.Жолдасбаев, Ә.Хасенов, Ә.Тәкенов, С.Тұрғанбаев, Р.Тәжібаева секілді ұстаздары өздерінің арнайы курс пәндерін  Қазақстан тарихының әр кезеңінен оқыды.  Б.Кәрібаев диплом жұмысын «Ежелгі үйсіндер тарихы» атты тақырыпта доцент С.Жолдасбаевтың жетекшілігімен жазып, оны мемлекеттік комисия алдында «үздік» деген бағаға қорғап шығады.        
1990 жылы «тарихшы және қоғамтану пәндерінің оқытушысы» мамандығын алып, профессор Д.Дулатованың ұсынысымен жас маман ретінде жолдамамен өзі маманданған тарих факультетінің «Қазақ ССР тарихы» кафедрасына ассистент қызметіне қалдырылады. Бір айдан кейін кафедра меңгерушісі, профессор Д.Дулатова қоғамдық негізде кафедра меңгерушісінің орынбасары етіп тағайындайды және сол қызметті он бір жыл атқарады. Б.Кәрібаев 1990 жылдан күні бүгінге дейін «Қазақстан тарихы»  кафедрасында үздіксіз оқытушылық қызмет атқарып келеді. Ол кафедрада ассистент, аға оқытушы, доцент, профессор секілді қызметтік сатылардан өтті. 2016 жылдан бері тарих факультетіндегі «Қазақстан тарихы» кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарып келеді.
1990-1993 жылдары профессор Д.И.Дулатованың шақыруымен «Қазақ ССР тарихы» кафедрасында белгілі тарихшы-мамандар: Ю.Зуев, В.Моиссев, Н.Масанов, Ж.Абылхожин, А.Қадырбаевтар жұмыс істеді. Жас маман Б.Кәрібаев аталған ғалымдардан көп нәрсені үйренеді. 1993 жылы өзінің ортағасырлық Қазақстан тарихына, оның ішінде XV-XVI ғасырлар шеніндегі Қазақ хандығының саяси тарихына  арналған алғашқы мақаласын ҚазМУ Хабаршысының №1 санында жариялайды. Сол кезден бастап оның мақалалары ғылым басылымдар мен мерзімді басылымдарда жариялана бастайды. 1995 жылы «Қазақ тарихы» журналындағы «Қазақ хандығының құрылу тарихына» арналған сериялы мақалалары үшін   ҚР Білім және Ғылым министрлігінің «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталады.
Ғалымдыққа бастаған ғылым
1996 жылы Б.Кәрібаев ҚР ҰҒА академигі, профессор Болат Ешмұхамедұлы Көмековтың ғылыми жетекшілігімен «XV ғ. соңғы XVI ғ. алғашқы ширегіндегі Қазақ хандығының Мауереннахр билеушілерімен саяси қарым-қатынастары» атты тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғады.  1998 жылы«Егемен Қазақстан» газетінің тұңғыш лауреаты атанады. 1999 жылы доцент атағына ие болды. Осы жылы оның «Ғылым» баспасынан «Түркістан және Қазақ хандығы» атты еңбегі жарық көреді.
2000 жылдан бастап университеттегі ғылыми-педагогкалық қызыметімен қатар бірнеше тарихи жобаларға қатысып, тарихи танымдық кітаптар мен алғашқы электронды оқулықтар жазады. Академик Б.Е.Көмековпен бірге «Тарих, тұлға, уақыт» сериясымен қазақ, орыс тілдерінде «Қасым хан», «Мұхаммед Хайдар Дулат» атты кітаптар шығарады. Белгілі математик Н.Данаевтың ұйымдастыруымен орта мектептерге арналған тарих пәнінің электронды оқулықтарын дайындайды. 2003-2009 жылдары «Қазақ ру-тайпаларының тарихы» жобасы аясында қазақ халқының құрамындағы ірі тайпаларға арналған ұжымдық авторлармен бірге 26 кітап жазып, баспадан шығарады.
Жерлесімз 2006-2009 жылдары университет жанындағы тарих мамандығы бойынша докторантураға қабылданады. 2010 жылы ҚР ҰҒА академигі Б.Көмековтың ғылыми кеңесшілігімен «Қазақ хандығының құрылу тарихы» атты тақырыпта докторлық диссертациясын қорғады. Диссертация негізінде 2014 жылы «Қазақ хандығының құрылу тарихы» атты монографиясы шығып. Ол 2015 жылы екінші рет қайта басылады.
Б.Кәрібаев 2015 жылы «Кітап мәдениетін дамытуға қосқан зор үлесі үшін» алтын медалімен және «2015 жылғы ЖОО үздік оқытушысы» медалімен марапатталды. 2016 жылы «Құрмет» орденімен марапатталды.2021 жылы «Қазақстанның  еңбек сіңірген қайраткері» атағын иеленді. Сондай-ақ 2021 жылы туып-өскен ауданы оны «Арал ауданының құрметті азаматы» атағымен марапаттады.
Тарих ғылымындағы орасан зор еңбектері үшін 2012 жылы Қазақстан Республикасы  Ұлттық Ғылым Академиясының  корреспондент-мүшесі, ал 2020 жылы ҚР ҰҒА академигі (толық мүшесі) болып сайланды.
Бүгінгі күндері академик жалпы саны 900-ге жуық ғылыми, ғылыми-көпшілік жұмыстар мен оқу, оқу-әдістемелік құралдардың авторы. Оның ішінде жеке 20 монографиялық кітаптың, 40-тан аса авторлық ұжыммен жазылған кітаптардың, 4 тарихи анимациялық фильмнің сценарийінің авторы.
Ол тарих факультетінің үш деңгейіндегі білім алушыларға жалпы курс, элективті курстар бойынша дәрістер оқиды. Олар мыналар: бакалавриат бөліміне «Ортағасырлардағы Қазақстан тарихы» жалпы курсы, магистратура бөліміне «Қазақ хандығы құрылуының өзекті мәселелері», «Қазақ хандығының күшеюі мәселелері», «XV-XVI ғғ. Қазақ хандығының сыртқы саясаты мәселелері», докторантура бөліміне – «Қазақстан аумағындағы көшпелі қоғамдардағы мемлекеттілік мәселелері». Жыл сайын Б.Кәрібаевтың ғылыми жетекшілігімен 2-3 бакалавр диплом жұмысын, 1-2 магистр магистрлік диссертациясын қорғайды. Шәкірті М.Бижанова «Алтын Орда мен Қазақ хандығы арасындағы тарихи сабақтастық мәселелері» атты тақырыпта философия докторы ғылыми атағын алу үшін  диссертациясын қорғауға дайындап жатыр. 
Б.Кәрібаев 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығының мерекесін дайындау және өткізу жөнінде құрылған үкіметаралық комиссияның құрамында жұмыс жасады.2017-2019 жж. әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы «тарих», «археология және этнология» және «түркология» мамандықтары бойынша философия докторы (PhD)ғылыми дәрежесін беретін ғылыми кеңестің төрағасы, ал   2018-2020 жж. Ұлттық Ғылыми Кеңестің мүшесі болып істеді. Қазіргі күнде жаңа талаптарға сай құрылған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы «тарих», «археология және этнология»  мамандықтары бойынша философия докторы (PhD)ғылыми дәрежесін беретін ғылыми кеңестің мүшесі. Б.Б.Кәрібаев 1994 жылдан бері әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарих факультетінің тарих сериясымен шығаратын «Хабаршы» журналының жауапты хатшысы, бас редакторы, редактор орынбасары міндеттерін атқарып келеді.
Б.Б.Кәрібаев 80-нен аса Халықаралық және Республикалық ғылыми конференцияларға қатысып, онда XIII-XVIII ғғ. Қазақстан тарихының этникалық, саяси, мемлекеттілік тарихы мәселелері, қазақ тарихындағы тұлғалар тарихы жөнінде баяндамалар жасады. Оның қазіргі күнде айналысатын  ғылыми-зерттеу жұмыстарының бағыттары Алтын Орда дәуіріндегі  саяси, этникалық, жеке тұлғалар тарихы мәселелері, XIV-XV ғғ. Қазақстан аумағындағы мемлекеттік құрылымдар тарихының мәселелері, Қазақ хандығының құрылуы мен күшеюі тарихының мәселелері, XV-XVIII ғғ. қазақ тарихының мәселелері, Қазақ этногенезі мен «қазақ» этнонимінің мәселелері, Қазақ тарихындағы тұлғалар тарихы мәселесі және Қазақстан аумағындағы мемлекеттілік мәселелері болып отыр.
Шаңырақ шаттығы
Берекет Бақытжанұлының жұбайы Бақытгүл Баратқызы Кәрібаева (Сіргебаева) – 1966 жылғы, 1988 жыл Қазақ Қыздыр Мемлекеттік Институтының музыка факультетін бітірген. Ұзақ жылдар Алматы қаласындағы мектептерде мұғалім болып істеді. Бірнеше оқу-әдістемелік құралдардың авторы. Қазіргі күнде жеке кәсіпкерлікпен айналысады.
Тұңғышы Баян Берекетқызы Кәрібаева – 1989 жылғы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Халықаралық қатынастар факультетінің бакалавр, магистратура бөлімдерін бітірген. «Болашақ» бағдарламасымен АҚШ-та оқып жатыр. Отбасылы, жолдасы  Тілек Қанышұлы Темірбеков екеуі  Дария және Омар атты қыз бен ұлды тәрбиелеп отыр. Екінші қызы Айжан Берекетқызы Кәрібаева – 1991 жылғы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Журналистика факультетінің бакалавр, магистратура бөлімдерін бітірген. Қазақстанға белгілі журналист. «Болашақ» бағдарламасымен АҚШ-тың Бостон қаласында оқып жатыр. Отбасылы, жолдасы Диас Мұратұлы Жорабеков екеуі Дәрмен, Айсафи, Димаш атты ұл-қыздарды тәрбиелеп отыр.
Оңталап ЖОЛДАСОВ
05 қараша 2024 ж. 117 0