Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » ҒАСЫРЛАР ТОҒЫСЫНДАҒЫ ДАРАБОЗДАР

ҒАСЫРЛАР ТОҒЫСЫНДАҒЫ ДАРАБОЗДАР

Әлем таныған Әбе
Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 100 жылдығына орай, «Ғасырлар толқынының дарабоздары» шарасының аясында Ә.Нұрпейісов атындағы әдебиет үйінде «Әлем таныған Әбе» салтанатының ашылуы өтті. Қасиетті Сыр өңірінде дүниеге келіп, бүкіл ғұмырын ұлтымыздың рухани кемелденуіне және қазақстандықтардың шығармашылық мүмкіндігін әлемдік әдеби аренада танытуға арнаған қайраткер Ә.Нұрпейісовтің өмірі мен шығармашылығы туралы жүргізушілер жан-жақты мәлімет беріп, облыс әкімінің орынбасары Ш.Байманов сөз сөйлеп:
– Саналы ғұмырының соңына дейін ақ қағазбен дос болып, арымен серттескен, туған жерінің талайлы тағдырына алаңдап, тұтас дәуірдің жүгін арқалай білген алып тұлға,артына көл-көсір мұра қалдырған Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстанның халық жазушысы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісовке биыл 100 жыл.
Бүгін өздеріңізбен бірге қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы бар халық жазушысы, аса көрнекті қаламгер, Ұлы Отан соғысының ардагері, ұлт намысын ұран тұтқан ерен тұлғаның 100 жылдығына арналған «Әлем таныған Әбе»атты шараның салтанатты ашылу рәсімінде жүздесіп отырғаныма қуаныштымын!
Абыз жазушы Әбдіжәміл Кәрімұлы қасиетті Сыр өңірінде дүниеге келіп, бүкіл ғұмырын ұлтымыздың рухани кемелденуіне және қазақстандықтардың шығармашылық мүмкіндігін әлемдік әдеби аренада танытуға арнаған қайраткер. Ұлт перзентіне лайықты құрмет көрсету – елдіктің, қоғамдық кемелдіктің белгісі. Шын мәнінде сөз өнерінің әкесі болған Әбеңнің рухына жасалып жатқан құрмет – ұрпақтың рухани қазынасын молайта түсудің бір жолы.  Қорыта келсек, «Қазақ әдебиетінің қара нары» Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 100 жас мерейтойы, жалғыз Сіз бен біздің емес, бүкіл қазақ халқының, қала берді қазақ әдебиетінің тойы. Ұлысқа игілік болатын игі ізін қалдырып, ұлт классиктерінің жолын лайықты жалғастырған қуатты қаламгердің өмірі кейінгі ұрпақ үшін әрқашан қастерлі, өлмес өнеге. Өнегелі ғұмыр кешіп, соңында мол мұра қалдырған Әбдіжәміл Кәрімұлының жарқын бейнесі ешқашан ұмытылмайды.
Мерейтой құтты болсын ағайын! – деді Облыс әкімінің орынбасары.
Салтанатты шара аясында «Теңіз өмір арнасы» атты аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының қойылымы болды.
Ұлысқа игілік болатын игі ізін қалдырып, ұлт классиктерінің жолын лайықты жалғастырған қаламгердің өмірі мен шығармашылығы жайында кеңінен танысу мақсатында қонақтар Ә.Нұрпейісов атындағы әдебиет үйіне экскурсия жасады.
Мұнда Әбе болмысын аша түсетін рухани құнды қазыналар жинақталған. Түрлі тарихи суреттер мен қолжазбалар, Әбенің өзі тұтынған заттары мен сан алуан экспонаттар жиынтығы және классик жазушының өз қолымен қайта өңдеген кітабы қонақтарға ең құнды жәдігер ретінде таныстырылды.
Жанқожа Нұрмұхаммедұлының 250 жылдығына арналған конференция өтті
Кеше облыс әкімінің орынбасары Ш.Байманов, ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Б.Кәрібаев, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті филилогия факультеті, қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты С.Қосанов, журналист, филология ғылымдарының кандидаты Н.Көбегенұлы, тарихшы-өлкетанушы Б.Қуатов, зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, облыстық, аудандық мәслихат депутаттары және ғылыми-конференция қонақтарының қатысуымен Арал Аудандық мәдениет үйінде Ұлт-азаттық көтерілісінің көсемі  Жанқожа Нұрмұхаммедұлының туғанына  250 жыл толу мерейтойына арналған «Ел қорғаны Жанқожа» атты республикалық ғылыми-танымдық конференция өтті.
Аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың жүргізуімен өткен конференцияда облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Асқарұлы бастаса, 60 жас мерейтой иелері Берекет Бақытжанұлына «Қазақ тарихындағы батырлар институты және Жанқожа батыр» тақырыбында баяндама жасап:
– Адамзат баласы  табиғаттағы басқа да тіршілік иелері секілді белгілі бір қауымдастықтарға біріге отыра, дамып, өсіп, гүлденіп отырады. Ал кейде өкінішке орай, белгілі бір ішкі немесе сыртқы факторларға байланысты жойылып кетіп жатады немесе өзінен күшті, өзінен мықты  басқа бір этностың  ықпалына түсіп,  оның этникалық шеңбері кеңістігінде қалып, өзінің даму бағытын жоғалтып, өзгенің даму  бағытына түсіп жатады. Халықтың немесе этностың өмір сүруі үшін, дамуы үшін қолайлы шарттар мен алғышарттар және қозғаушы күштер қандай маңызды болса,дамуды анықтайтын негізгі белгілер де дәл сондай маңыз атқарады. Сондай этностың дамуын көрсететін  маңызды белгілеріне - оның өзін - өзі басқара білуі,  өзін өзі қорғай алуы, өзінің  ішкі қатынастарын өзі реттей алуы секілді қасиеттері жатса керек. Халықтың өзін - өзі басқара білу қабілеті – халықтың өзі қалыптастырған және бірнеше мыңдаған жылдар бойы  халықпен қатар дамып отырған оның  мемлекеттілігін, өзіне ғана тән  әкімшілік-басқару жүйесін туғызады. Халық бар жерде қоғам да болады, ал дамуы үшін  көп қатпарлы, сан салалы  қатынастарды туғызады. Осы күрделі қоғамдық қатынастарды реттеп отыру үшін, оны   уақыт пен замана талаптарына сай жетілдіріп отыру үшін  билер институтын өмірге әкеледі. Дәл осылай секілді халықтың өзін-өзі қорғай алу қабілеті - халық тарихымен етене тығыз байланысты болып, мыңдаған жылдар бойы қатар өмір сүріп  келе жатқан  оныңбатырлар институтын дүниеге келтіреді. Қарап отырсақ, батырлар институты – билер институты секілді, мемлекеттілік институттары секілдіэтностың өмір сүруі үшін аса қажетті, маңызды шарттар қатарына жатып, этнос тарихымен, халық тарихымен тығыз байланыста, онымен етене дамиды. Оларды бір-бірінен бөліп қарау мүлде мүмкін емес, – дей келе, соның ішінде үш көтеріліске қатысып, батырлықтық өшпес үлгісін көрсеткен Жанқожа батырдың ерлігін ерекшелей айтып өтті.
Одан кейін Серікбай Қылышбайұлы «Жанқожа батыр» жырының нұсқалары туралы» баяндама жасап:
– Жанқожа батыр жайында 10-нан аса тарихи жыр-дастандар шығарылып, ел арасына кең тараған. Солардың арасында Мұсабай, Лұқпан, Жөкей, Қарман, Нұрсұлтан, Орнықбай сынды ақын-жыраулардың туындыларын ерекше атаймыз. Жанқожа жайындағы тарихи жырды Н.Г.Веселовскийден бері қарай С.Сейфуллин, Т.Шонанұлы, С.Мұқанов, Ә.Қоңыратбаев, Е.Тұрсынов, С.Қасқабасов, Б.Шалабаев, Н.Төреқұлов, С.Садырбаев, Ж.Тілепов, Б.Жүсіпов, т.б. ғалым-әдебиетшілер зерттеді.
Қалай болғанда да Жанқожа батыр туралы тарихи жырлар мен аңыз әңгімелер Сыр бойы халқының жүрегінен өшпес орын алғаны анық. Енді осы кітапқа енген батыр жайындағы  жыр нұсқаларының ғылыми сипаттамасына тоқталайық, – деп Мұсабай жырау, Ж.Тілеповтың еңбегіндегі және Лұқпан Кенжеұлының нұсқалары мен Төремұрат жыраудың өлеңдеріндегі батырдың бейнесі жайлы ашып айтты.
Сонымен қатар Нұрлан Көбегенұлы «Жанқожа батыр туралы тарихи өлең жырлардың жаңғырығы және өміршеңдігі» жөнінде сөз қозғап, Болат Қуатов Жанқожа батыр тұсындағы майдандасы, айнымас серігі Бекмырза хан жайындағы «Бекмырза – Жанқожа батыр серігі» тақырыбында баяндама жасады.
Тарихқа көз жүгіртсек, Жанқожа батырдың ұлт-азаттық көтерілісін ұйымдастыруында қаншама серіктес, үзеңгілес батырлар мен билердің тұлғасы танылады. Солардың бірі әрі бірегейі Бекмырза хан. Қазақ халқы Хиуа хандығы мен Қоқан хандығының қысымына, сондай-ақ патшалық Ресейдің отаршыл саясатына қарсы күрескен кезеңде батыр жасағының басында замандасы Бекмырза хан батырды қолдап, оның жанында жүргендігі айтылды.
Конференция соңында Арал өңірінің тарихы мен осы аймақта өмір сүріп, өшпес із қалдырған тұлғалар жөнінде ұзақ жылдар зерттеу жұмыстарын жүргізіп келе жатқан тарихшы Болатбек Қыстауұлы Қуатовтың «Халқы қалаған хан Бекмырза» және «Арал ауданындағы қуғын-сүргін зобалаңы» атты екі кітабының тұсауы кесілді.
Қалам ұшындағы ғалам
Аудандық оқушылар ҮйіндеҚазақ әдебиетінің классигі, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстанның халық жазушысы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 100 жылдығына орай «Қалам ұшындағы ғалам» атты халықаралық суретшілер симпозиумының көрмесі өтті.

Заңғар жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің есімі ұлт тағдыры мен адамның ішкі әлемін эпикалық деңгейде суреттеген шебер ретінде мәңгі есте қалады. Оның шығармашылығы арқылы ұлттық әдебиет әлемдік кеңістікке қанат жайып, қазақтың болмысын шет елдерге танытты. Айдынды Арал өлкесі ұлы тұлғаның есімін ұлықтап, туған елінде 100 жылдық мерей тойын дүркіретіп тойлауда.
100 жылдық мерей той бағдарламасы аясында халықаралық суретшілер симпозиумына қатысушы суретшілерзаңғар жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің туған жеріне саяхат жасап, Әбенің шығармаларында айтылған жерлерімен танысып, шығармашылық шабытпен өміршең өнерді дүниеге әкеліп, бүгін бізге тарту етті.Сонымен бірге, кәсіби суретші ағаларымыз біздің жас суретшілеріміз бен олардың ұстаздарына шеберлік сағатын өткізіп, өз тәжірибелерімен де бөлісті.
Шығармашылығы уақытпен, ежелгі әдет-ғұрып, салт-санамен, бабалардың рухани сабақтастығымен, экологиялық мәселелермен, Арал тағдырымен тығыз байланысты Қазақстан суретшілер Одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері, Халықаралық «ТҮРКІСОЙ» ұйымы сыйлығының иегері Қайырбай Зәкіров Аралға арнайы келіп, көрмеде сөз сөйледі.
Суретішілер айдынды өлкенің киелі орындарын аралап, тағдырлы мекеннің тарихымен танысып шықты. Көргенін көркем туындыға айналдырған ҚР Суретшілер одағының төрағасы Өмірбек Жұбаниязов, Астана қалалық суретшілер одағының төрағасы Өмірәлі Исмаилов, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Оразбек Есенбаев, Өзбекстан Суретшілер одағының мүшесі Нортойлок Диеров, Республикаға белгілі кескіндемеші Жандарбек Сугуров, Орал Суретшілер одағының төрағасы Қайыр Оразғалиев, Қырғызстанның белгілі суретшісі Чынгыз Ормонбеков, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Берік Бөкешовтер ерекше еңбектерімен тәнті етті.
«Бұл – өгей қалған өнер еді. Қазақстан бойынша Арал Халықаралық суретшілер симпозиумын ұйымдастырып жатқан алғашқы ауданның бірі. Өнерді түсіну үшін үлкен парасат пен пайым һәм жүрек керек. Суреткер жазушы Ә.Нұрпейісовтің мерейтойына суретшілерді шақырып, көрегенділік танытқан Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевқа, Арал ауданының әкімі Аманжол Сақыпұлына айрықша алғысымызды айтамыз» деді одақ төрағасы Ө.Жұбаниязов.
Әбе әлеміне енген шуақ
Алаштың анасы атанған Сыр өңірі, оның ішінде қасиетті Арал топырағы талай тарландарды дүниеге әкелген, тарихи оқиғалардың куәсі болған, киелі мекен. Аралдың төл перзенті, қарымды қаламгер, қажырлы еңбек, арлы қаламымен, талайды тамсантып, қазақ деген халықтың басынан өткен аумалы-төкпелі заманның суретін шұрайлы тілімен, кемел ойымен кестелеген көркем әдебиет алыбы, көрнекті жазушы Əбдіжəміл Нұрпейісовтің 100 жылдық мерейтойына орай «ТЕҢІЗ ТЕКТІ ТҰЛҒА» атты жазушы-журналистер арасында шығармашылық байқау өткен болатын.Ұлт тарихын түгендеп, елдік және ерлік дәстүрді қаламына арқау еткен жазушының ғибратты ғұмырын, шығармашылығын насихаттап, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің бекзада болмысын, өнегелі өмір жолы мен даналығын жастарға үлгі ету мақсатында болған әлем таныған Әбе туралы естеліктер мен ойлы оқиғаларды, мазмұнды материалдарды жинақтаған байқау жазушы-журналистер арасындағы шығармашылық байланысты арттырды.
Осы орайда, Аудандық орталық кітапхананың оқу залында байқау жеңімпаздары – Қазақстан Журналистер және Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі, жазушы-журналист Жұматәлі Әбдіраман, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «kyzylorda-news.kz» ақпараттық агенттігінің бас редакторы Әзиз Батырбеков, республикалық қоғамдық-саяси тәуелсіз апталық  «Халық» газетінің тілшісі Қонысжан Замира және Қазақстан журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облыстық «Кызылординские вести» газетінің тілшісі Жанна Балмағанбетовамен «Әбе әлеміне енген шақ» атты  кездесу кеші өтті.
Шара шымылдығы Әбдіжәміл Нұрпейісов шығармашылығының көрмесімен түрілді.
Алғашқы сөз кезегі аудандық Ішкі саясат бөлімінің басшысы Махмут Марат ашып, байқау жеңімпаздарына аудан әкімінің алғысын жеткізді.
Кейін шара қонақтар мен көрермендер арасындағы сұхбатқа жалғасып, Мәдниет орталығының өнерпаздары әуезді әнмен әрледі.
Ғасырлық той аясындағы балуандар бәсекесі
Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 100 жылдық мерейтойына орай №19 ОРМБЖМ-нің спорт залында қазақ күресінен республикалық турнир өтті.
Әбдіжәміл Нұрпейісов – халқымыздың мәдениеті мен әдебиетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлға. Оның туындылары қазақ әдебиетінің алтын қорына енген, ал шығармалары бүгінгі күнге дейін жастарға рухани азық, өмірлік бағдар болып келеді. Одан бөлек, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің өзі спортқа да жақын болып, қазақ күресінің жанашыры және қолдаушысы болғаны белгілі.
Әбенің әдеби мұрасы мен қазақ күресінің арасындағы үйлесімнің кездейсоқ емес екенін көрсетіп, ұрпақтарына ерлік пен ізгіліктің, адамгершілік пен күш-жігердің маңыздылығын насихаттайтын, сондай-ақ жас спортшыларды қолдау мақсатындағы шараның маңызы зор.
Жазушы қазақ халқының рухы мен батырлығын, отансүйгіштігін өз шығармаларында терең бейнелеген болса, ал қазақ күресі — халқымыздың күш-жігерін, еркіндігін және ерлік дәстүрін көрсететін ұлы спорт түрі екенін белгілі.
Сайыс 7 салмақ дәрежесі бойынша өтті.
55кг салмақ дәрежесінде Шейхрахман Бауыржанұлы жеңіс тұғырынан көрінсе, 60кг салмақ дәрежесінде Ғалым Тұяқбаев қарсыластырынан оза шапты. Сайыскерлер арасында 70кг салмақ бойынша Нұрдәулет Жақсылық І орын иеленді. 80кг  балуандар арасында Азамат Шайкөзов жеңісті қанжығасына байлады.
90кг салмақта Алмат Тайбағаров оқ бойы алға шықса, 100кг салмақ дәрежесінде Қармақшы ауданынан Ғалымжан Абдрахманов үздік шықты.
Түйе балуандар арасында Нұрым Сәлімгереев қарсыластарынан басым түсіп, І орын иеленді. 
Барша қатысушылар арнайы дипломдармен марапатталып, жеңімпаздар ақшалай сыйлық алды.
Шара қорытындысы «Ғасырлар толқынының дарабоздары» атты эстрада жұлдыздарымен гала концертке ұласты. Кеш барысында барлық ұйымдастырылған байқаулардың жеңімпаздары марапатталып, құрмет төрінен көрінді.
11 қараша 2024 ж. 157 0