Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » ЖҮРЕККЕ ЖЫЛЫ ЖҮЗДЕСУ

ЖҮРЕККЕ ЖЫЛЫ ЖҮЗДЕСУ

Заңғар жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің қай кезде туған жерге бүйрегі бұрып тұратыны бесенеден белгілі. Сондай бір сапары-тұғын, Әбе ақсақал Арал қаласында болды. Жай болған жоқ, өсіп-өнген өлкесін алаңсыз аралады. Сонымен қатар, аудандағы үркердей ғана шығармашылық қауыммен жүздесті.
Аудан әкімдігінің ғимараты. Жарығы алысқа түскен жайсаң жан атқарушы және өкілетті билікпен бірге қалам ұстаған азаматтармен емен-жарқын әңгімелесті. Ол осы бір жүрекке жылы жүздесуде азаматтарға жазудың, ойдың кенін қазудың мақашаты да, рахаты да болатынын ортаға салып, өзі бір күндік, сөзі мың күндік газеттің патша көңілді оқырмандары үшін берері мол екенін алға тартты. Бұдан бөлек, аудан айнасына баланған «Толқынның» дәуірден-дәуірге үндесіп, тарихпен тілдескеніне әрқашан риза екенін айтты.
Міне, заңғар жазушының 100 жылдық  мерейтойы қарсаңында әр естеліктің, әр суреттің мәні орасан екенін негізге алып, сөз сабақтаудың орайы келді.
Жалпы, «Қан мен тер» трилогиясы мен «Соңғы парыз» диалогиясының авторы жазушылық қырымен әлемді мойындатты. Жағалау жұртының ғана емес, күллі Қазақстанның мақтанышының адами болмысы биік еді. Суреткерлік қыры тіптен ерекше болатын. Әрбір кейіпкерін айшықтап, ақжал толқыны жағаға ұрған теңіз халқының тұрмысын айна-қатесіз көптің көз алдына әкелді.
Иә, тау тұлғаның кісілік келбеті, ұшқыр қиялы жайлы айтылып та, жазылып та жатыр. Аралдың ахуалын көтеруден жалықпаған жазушымен жүздескенім үшін әлі де марқаямын. Осы бір суретті тұмарымдай сақтап, баспасөз саласындағы жолымда қайталанбас адаммен жолыққаныма шүкір деймін. «Өткен күнде белгі бар» деген осы шығар.

А.ЕЛЕШ
12 қараша 2024 ж. 73 0