Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» 11 мың мәрте оқырманмен қауыштық

11 мың мәрте оқырманмен қауыштық

«Газеттің өзі бір күндік, сөзі мың күндік» деген тәмсіл бар. Сол тәмсіл аудан айнасына баланған «Толқын» газетіне арналып айтылғандай. «Толқын» газеті биылғы 94 жылдың қарсаңында тұр. Осы жылдар ішінде әрине, саяси-идеологиялық, материалдық-техникалық базасы жағынан әбден шыңдалып толысты. Бір сөзбен айтқанда, теңіз төскейінің бас басылымы сындарлы өсу-өркендеу, өрлеу жолдарынан жүріп өтті.
Айтар болсам, газеттің өмірге келуіне үлкен ұйытқы болған алғашқы редакторы филология ғылымдарының докторы, профессор Әуелбек Қоңыратбаевтың қол қоюы – біз үшін үлкен абырой.
Ауданның алғашқы газеті «Екпінді балықшы» деген атпен елге тарап, жарқын жаңалығы, өзекті ой-пікірлерімен алғашқы санынан-ақ өз оқырмандарының сенімді серігіне, сырлас досына айнала білді.
«Екпінді балықшының» идеологиялық майданда шынығып, ел тілегіне болыса білуіне Әуелбек Қоңыратбаевтан кейінгі редактор Тойбазар Елемесов сынды қаламгердің еңбегі өлшеусіз.
Газет Ұлы Отан соғысы жылдарында да барша қиындықты халықпен бірге көтеріп, үлкен ұйымдастырушылық жұмыс атқарды. Сол уақыттарда Қазақстанға белгілі суырып салма ақын Иса Байзақов та «Социалистік Аралға» өзінің жаңа жырларын жолдап, шығармашылық байланысын орнатты.
«Социалистік Аралдың» әр кезеңдегі редакторлары Ә.Жанзақов, Қ.Қарабалин, Ж.Шәукебаев, Т.Нұржанов, Т.Тәжіков сынды азаматтардың есімдері газетпен бірге жасасып, оның тарихында өшпестей қолтаңба болып қалды. Ақындығы мен азаматтығы қатар жүретін Қалас Сәрсенбаевтің есімі өз алдына бір төбе еді. Оның атына Арал қаласының көрнекті жерінен ойып тұрын көше атауы берілді.
«Толқында» Аралдың талай перзенттері қаламын ұштап, әдебиет әлемінде қанатын қақты. КСРО мемлекеттік сыйлығының иегері, дарынды жазушы, жерлесіміз Әбдіжәміл Нұрпейісов, қайсар қаламгер Зейнолла Шүкіров, ақын-жазушылар Молдахмет Қаназ, Абдул-Хамит Мархабаев, Жақсылық Түменбаев, Жарасхан Әбдірашев, Шөмішбай Сариев, Қуаныш Жиенбай және басқа қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері біздің басылыммен біте қайнасып, алғашқы туындыларын жариялағаны газет беделін одан әрі арттырды.
«Социалистік Арал» 1962 жылғы 25 сәуірдегі 3741 санынан кейін ауданаралық газеттердің жарыққа шығуына байланысты біршама уақыт өз қызметін тоқтатып, араға үш жыл салған үзілістен кейін 1965 жылғы тамыз айының 1 жұлдызынан бастап «Толқын» деген атпен патша көңілді оқырманға жол тартты. Жаңа есімді еншілеген газеттің аудан көлемінде таралымы бұрынғы жылдардан әлдеқайда еселенді. Атап айтар болсақ, 1965 жылы «Толқынның» таралымы 4,5 мың дана болса, 1970-1975 жылдары 9 мың данаға дейін көтерілді. Бұл газеттің идеялық мазмұнымен бірге сапалық, шығармашылық жұмыстары ширыға түскенін көрсетті.
«Толқын» газеті бүгінгі күні табыссыз емес. Ғасырлар тоғысында редакция облыстың Құрмет грамотасымен, ал 2003 жылы Қазақстан Журналистер Одағының дипломымен мараптталып, тілшілер қосынының абыройын асқақтатты. Сондай-ақ 2005 жылы баспасөз күні құрметіндегі облыстық байқауда «Ең үздік аудандық басылым» номинациясы бойынша І орынды иеленді. Одан әрі осы марапат жалғасын тауып, редакциядағы тынымсыз еңбек еленіп, кезекті рет Қазақстан Журналистер Одағы «Толқынды» құрметті деп танып, арнайы марапат ұсынды.
«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі». Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсыновтың осы бір қанатты сөзін ақиқатқа айналдырып, бүгінгі таңда 11 мың санды шығарып отырған редакция қызметкерлерінің бәрі де «сен тұр, мен атайын» деуге лайық. «Толқын» газетінің бас редакторының орынбасары Алтынбек Бисенов, тілшілер Оңталап Жолдасов, Назерке Бақыран, Айсауле Нұрланова, Гүлмарал Сақтапова қай кезде де аудан имиджін қалыптастыратын мақалаларымен ерекшеленіп, қоғамның күнгейі мен көлеңкесін ажыратуда үлкен ізденіспен жұмыс істеп келеді.
Бұдан бөлек редакцияның сонау баспахана кезінен көз майын тауысып, осынау қызығы мен қиындығы қатар жүретін қызметте аянбай іс қылып, газеттің ыстығы мен суығы, шыжығы мен қызығын ұзақ жыл бірге өткеріп, мінсіз еңбегімен танылған Райкүл Пірманова, Күнзипа Зденова, Күлмараш Ерғазиева жаңа буынның ақылшысы әрі қамқоршысы болып еңбек етуде.
Қазіргі күні оқырманға оңтайлы жағдай жасау үшін газет тасымалдау мәселесі де жүйелі жолға қойылған. Редакция жанындағы пошта тасымалдаушыларымыз газет шыққан күннің ертесіне-ақ ойлы оқырманның қолына тигізуге асығады.
Иә, 11 мыңыншы сан «Толқынның» уақытпен үндесіп, тарихпен тілдескенін аңғартса керек. Біз Тәңір жазса келер жылы 95-тің төріне көтерілеміз. «Толқынды» таңдаған, осы басылымды рухани сырласымыз деп білген қауым барда өміршең болмысымыз жалғаса беретініне сенеміз. Бүгінгідей әлеуметтік желінің айы оңынан туған шақта төл басылымға жазылуға асыққан жандар барда – Аралдың толқынынан жаралған «Толқынның» баспасөз саласындағы жолы жалғасын таба бермек.
Абай ЕЛЕШОВ,
аудандық «Толқын» газетінің бас редакторы
---
14 мамыр 2024 ж. 113 0