Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Уақытпен үндескен басылым

Уақытпен үндескен басылым

Бүгін «Толқын» газетінің қалың оқырманға алғаш рет жол тартқан күні. Ақпарат айдынына құлаш сермеген басылымның Ахмет Байтұрсынов айтқандай, халықтың көзі, құлағы һәм тілі болып жасасып келе жатқанына биыл 92 жыл толып отыр. Ендеше тарихы тым әріден басталатын, талай қаламгерлердің еңбек жолы бастау алған газеттің әргі бергі тарихына шолу жасайық.
Арал аудандық «Толқын» газетінің сарғайған парақтарында елімізге белгілі тұлға, әдебиеттану ғылымының майталман маманы, филология ғылымдарының докторы, профессор Ә.Қоңыратбаевтың қолтаңбасы қалған. Оң ең алғаш «Екпінді балықшы» деген атпен тараған газеттің редакторы болды. Аудандық басылым алғаш жарық көрген 1930 жылдардан бері қарайғы уақытта саяси идеялық, материалдық-техникалық базасы жағынан да толығып, өсу-өркендеу, өрлеу жолынан өтті.
«Екпінді балықшы» газеті латын қарпімен басылды. Газет жарыққа шыға бастаған күннен ел ішіндегі көкейтесті мәселелерді сөз етіп қана қоймай, орын алған кемшіліктердің түзетілуіне, қоғам келеңсіздіктерін жоюға атсалысқан.
«Екпінді балықшы» ауданның жарқын жаңалығы, өзекті ой-пікірлерімен өз оқырмандарының сенімді серігіне, сырлас досына айналды. Ә.Қоңыратбаев республикалық «Колхозшы» газеті басшылығына жоғарылағанда, аудандық басылымға аз-кем уақыт аудандық партия комитетінің бөлім меңгерушісі Қайнарбаев қол қойған. «Екпінді балықшының» құлашын кеңге сермеуіне 1933 жылдың қазан айынан 1935 жылдың сәуіріне дейін редактор болған Тойбазар Елемесов айтарлықтай еңбек сіңірді. Ол газет төңірегіне жер-жерден әр саланың білікті мамандарын автор ретінде тартып, мазмұнын байытқан. Отызыншы жылдары Ақтөбе облысының өндірісті ауданы саналған Аралға сол аймақтан кадр ізделгені «Екпінді балықшы» тарихынан да мен мұндалайды.
Бұдан кейінгі жылдары қаламы шыңдалған, өмір тәжірибесі мол Опа Алпанов редактор болып келді. Уақыт тынысын дөп басқан басылымда жарық көрген мақалалар бірнеше қайта машинкада басылып, теңіз басындағы балықшыларға жетіп дауыстап оқылып берілетін болған. Бұдан бөлек,сауат ашу, ауыл шаруашылық артелінің ұйымдық жағынан нығаюы, мектеп және мәдениет мәселелерін газет түгел қамтып отыратын.
1938 жылдан бастап газет «Социалистік Арал» болып аталды. «Социалистік Арал» Ұлы Отан соғысына дейін 4 бет, соғыс жылдарында екі бет болып шықты. Оқырман арасына тереңірек еніп, көшпелі сипатқа тез икемделді. Осы жылдар ішіндегі газеттің жауапты редакторы (1936-1938 жылдары) Әбдіраман Байтақанов болған.
Осы кездің өзінде ауданда бірнеше газеттердің жарыққа шыққанын айта кеткеніміз жөн. Ұлы Отан соғысына дейінгі жылдарда «Приаральская правда» (кейін «Аральская правда») және көп тиражды «Арал балықшысы», «Аральский рыбак», «Маяк» газеттері сол кездегі Арал тұрғындарының сүйікті басылымдарына айналды.
1965 жылы аудандық газет «Толқын» деген атпен шыға бастайды. Бұл тұста еңбек жолын «Лениншіл жас» («Жас алаш» – ред.) газетінде әдеби қызметкер болып бастаған, «Социалистік Арал», кейін «Ленин жолы» газеттерінде жауапты хатшы болып істеген, макет сызудың асқан шебері, Мәлік Сәрсенов редактор болыпқызмет етіп, газетті республикаға танымал етті.
2014 жылы «Сыр медиа» ЖШС құрамына кіргелі «Толқынның» екінші тынысы ашылып, өзгеше сипатқа енді. Техникалық базасы нығайып, тілшілер қосынына айналған ғимараттың іші-сырты қайта жөнделді. Қызметкерлерге жан-жақты қолайлы жағдайлар жасалып, ынталандырып отыру да ұмыт қалмады. Баспасөз әлемінде өзіндік беделі бар басылым 2020 жылы өзінің 90 жылдық мерейтойын тойлады. «Толқын» атын еншілеген газет ауданның жаңалық жаршысына айналып заман ағымымен үндесіп ақпарат тарата бастады. Газеттің сайты (tolqyn.kz)тәулік бойы ел көлеміндегі ең басты деген жаңалықтарды уақытылы жеткізіп отырады. Бұл дегеніміз, ақпараттық технология дәуірімен үндескен газетте жарияланған мақала төрткүл дүниеге таралады деген сөз.
Сондай-ақ қазіргі таңда газеттің тасымал қызметі де қарастырылып, бір жолға қойылған. Соның нәтижесінде газет оқырманға уақытылы жетіп отыр.
«Толқынмен» сонау 1947 жылдан таныс болған, әдеби қызметкер, редакцияда бөлім меңгерушісі, жауапты хатшысы деген еңбек сатысынан өткен ардагер журналист, ССРО журналистер Одағының мүшесі, марқұм Омар Әбдуәлиевтің бейнелі сөзімен айтсақ: «Толқын», сен ауыз жаппай, республикамыздағы «мен тәуірмін» деген аудандармен ат құлағын теңестіріп келе жатқан Арал сияқты әйгілі ауданның тарихын жазып келесің. Сен аудан өмірінің тірі куәсісің, жанды шежіресің. Дем бітіп, дәм таусылып, тағдыр жеткен жерде біз қаламыз, ал сен болсаң өмірмен бірге мәңгі жасай бересің, өлмейсің, өшпейсің! Өмір бар жерде, сен барсың. Сенің бізден артықшылығың осында», – деген еді.
Расымен де, бұдан артық бағалау жоқ та шығар. Ғасырға жуық жасаған «Толқын» газеті әр дәуірде ақпарат айдынындағы өз биігін қалыптастырды. Билікпен үндесіп, халықпен тілдесе білген газет ауданмен бірге жасасып келеді.


Н. Маратқызы
01 қараша 2022 ж. 315 0