Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » «…Тек жақсылық егер едім!»

«…Тек жақсылық егер едім!»

Сайлаубай Жұбатырұлы,
жазушы, көсемсөзші-эколог,
Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері,
қоғам қайраткері,
«Парасат» орденінің иегері

Қабырғалы қазекем өз тарихында талай данышпан ақыл кенін, сұңғыла философ, жау жасқар батыр, жезтаңдай әнші туғызған. Мұндай қасиет иелерін айтқанда, біз көбіне өткен бір заманалар жүлгелерін қуалап кетуге бейімбіз. Ал анығында, әр заманның өз майданы болатыны тарих қолға ұстатқан  шындық. Әр уақыт, мейлі ол зар заманның сарнау күйлерінде болсын, қой үстіне бозторғай ұя салған мамырлы жырларда болсын, әйтеуір, өз ағымының толқындарында өз тұлғаларын өмірге келтірген. Бір емес, бірнеше замана сынын басқа салған кешегі, ХХ ғасыр да сондай тарихтың бір, бірегей ерек алабы болды. Ол да өз тұлғаларын туғызды. Біздің замандастар, тағдырластар, ғасырластар… Үсті-үстіне қат-қабат келген зұлмат зілзаласы да, таң-тамаша ғажабы да көп ғасыр болды ол…
Осы күні аты әлемге мәлім болған (өкіншке орай, орны толмас ғапылдықта) Аралды айтса – еш киноның қиялы жетпестей ереуіл көріністер мен мұңды мақам Батысыңның да, Шығысыңның да жүрегін сыздата жөнелер еді. Сол әуен дүниеде Арал үні, Арал дабылы деп қабылданған. Мойындалған.
70-жылдардың аяқ тоғысы. Басынан бағы тайған сонау теңіз жағасынан бір ащы үн шықты. Ол «Аралмен мұңдасу» жырын көтерген ақын Мұрат, сазгер Мұраттың азаматтық үні еді… Сол бір Ұлы судың жағасында, екі ғажап тоғысының жүрек лүпілін, тыныс-самалын, бір шоршып түскен торта ойынын, шағаланың жалт еткен қанатқағысын зерделеп өскен сол көңіл. Не айтса да, өмірдің өзіндей ақиқаттар тұғырынан айтпақшы ақжолтай ниет. Аруақтар тілегінің үнімен сөйлеуге имани ықылас… Саналы ойға бұл өзі сонша түсініксіз жағдай емес, ұлдық парыздың бір парасы сондай. Азаматтық үннің бастау табиғаты сонан. Теңіз толқыны тербеген мінез, теңіз әлдилеп өсірген көңіл талпынысы сол. Ол сонау ерек дүние мұңын тереңірек сезген. Соның жолында жан-тәнімен тебіреніс кешкен. Сонан туған еді ғой әлгі атойлы жыр!
Тарихтар «іңгәдан» басталған… Сонау ілгерірек, Сыр мен Арал тоғысындағы бір қара шаңырақта, бір қара баланың айқайы өзінің жарық дүниеге келгенін паш етіп еді. Осыдан 80 жыл бұрын. Табиғаты мол пішілген, көңілі ақжайлау, болмысы қазақтың өз затындай кең – дарқан су­дың жайсаң жағасы еді. Сол, Арал толқынымен астаса жеткен періште дауыс болашақтағы үлкен азаматтық үннің басы екенін сезімтал ата-ана жүрегінің ақ тілегінен басқа, ұққан-сезген біреу болды ма екен?.. Жә, ондай әулиелік міндетті де болмас… Сыдық қария мен Болқын-ананың құбақан шаңырағы еді… Дария мен теңіз қауышқан Кішітүбек-Қарашалаң топырағы… Көкжиектен үрей мен қатердің қара бұлттары да ереуілдесіп тұрған шақ… «Соғыстың балалары» деген ұғым бар тарихта. Таланы соған тұспал келген Сыдық баласы Мұрат сол ұрпақтың, сол уақыттың бар ащы-тұщысын заманымен бірге, бір адамдай-ақ татып өсті.
Өз сөзіне салып айтсақ, «алты жасынан домбыра ұстады». Болар баланың тағдырын айқындаған бірінші талап сол. Талап басы, өмірі­нің сонан кейінгі кезеңдері, «әләуләп жүріп жазды алған» бос, мәнсіз тіршілік болған жоқ. Дегдар Толстойдың «Қажы Мұраты» сияқты, өзінің тақыр да тұзды топырағына тамырын терең жіберген (ұлдық махаббатпен тереңдеткен), тағдырдың қандай жұлмасы мен сілікпесі болмасын, тарамыстанып, үзілмейтін, егесіп өсіп, ерегісіп өрлейтін қайсар қасиет болмысын тапты… Сол мұңдасу!.. Дүние құлағы елең еткендей еді… Менің де бүкіл азапты Арал жолым кестеленіп, көз алдыма келді… Жалғызжалау айқастағы көңіліме жұбаныш таптым… Сонан бері біз сырласпыз. Жақынбыз. Мұңдаспыз. Дабыра-дақпырт жолында емес, ұлдық сезім, ұлдық парыз қамшылаған адамгершілік соқпақтарында. Адам өзі табиғаласты (яғни жан үндесін) іздейді. «Арал!» деп ұрынған жарты ғасырдан аса өмірім сүркілінде, жолдан қосылған кейбір пысықай, коньюнктуралық «жолбике ерлерді» есепке алмасақ, менде шын жан қайғысын бөлісер көп дос та болған емес. Кімді кінәлайсың, бәрінің ұйқысы тыныш, жарқын ұрандар өрекпіген заман еді. Базбіреу, құдіреті күшті Совет заңына қарсы келіп өле алмай жүр ме, әлде, сөйткен «ерлік» қызметіне, мансап-беделіне пайда беріп, бала-шағасына азық бола ма? дер. Ілкеу пысықтар әр кезең амалдарымен, жел баққан аңдаулармен ұтымды өмір кешкен ғой… Бірақ, ұл сезімі сені сайға бұқтырып қояр ма?!.
Сол ұлдық сезім қамшылауының «арқасы» ғой: сіңіріміз шығып жүріп, жариялаған мақаламыздан, жазған-сыз­ған еңбектерімізден, ән-жыр, жиын­дардан түскен жүздеген, мыңдаған сом ақшаны Аралға көмек қорына аударатынымыз… Бүгінмен санағанда ғана емес, сол кездің өзінде де аз дүние емес еді… Есептен тысқары болдық. Қулыққа бармадық. Ел мен жер деп, отқа-суға ұрынғанда, көңілде аруақты рух жебеуі жүрді. Сөйткен «донкихоттыққа» бүгін біреулер іштей күлер, бір ізгі көңілдер тұшына мойындар… Асылы… Ел көзі ашық, Құдайдың назары әділдікке түзу ғой. Ат басындай алтын беріп сатып ала алмайтын абырой бар бүгін. Халық ықыласы бар. Бәрі сол «көңілге берген» иман байлығы деу ләзім.
Сондай тұғырдан таймай келген бір тұлға – Мұрат Сыдықов.
Бұл есімнің тізгініне тіркестіре, бүгін көп адами дәреже тізбесін қосуға болар еді: күйші, сазгер, ақын, жырау, фольклорист, қоғам қайраткері, ұйымдастырушы, отансүйгіш, азамат… Және «дарынды күйші-композитор, жыршы, шебер орындау­шы, сұңғыла сценарист, білікті режиссер, тамаша актер, табиғи биші, ұлағатты ұстаз» деген ел пікірін аттап өтуге тағы болмас.  Әрбірінің атынан ат үріккендей бұл дегдар дәрежелер бір адамның болмысына жайдан-жай келіп қона қалған кезекші қасиет, өткінші бақ емес. Қайсысын бөліп алып қарасаңыз да, тамырлы құбылыстарға тереңдей бойлап кете барар едіңіз. Мөкең соның жеке-жекесі де және бәрі де. Сондықтан, кең құлаштап айту да, тараулап тоқтала сөйлеудің қай-қайсысы да бір жағы – тартымды, бір жағы – аса жауап­ты талап болмақ.
Иә, Мөкең Құдай берген әлеует-талантты бос ойын ошағында жағып, өмірдің көгенкөз жылдарын бостекей ағымда өткерген жоқ. Қарап отырса, болмысын мәнге, төңірегін әнге, ағайын көңілін сәнге толтырған өмір-кесте құралыпты… «Балықшы қыз», «Қайдасың сен?», «Сыр гүлі», «Жан-жарыма», «Аққуым менің» сияқты жастық сезімімен мөлдіреген әндер… Бәлкім, шабытына шалқу қосқан Базар-сұлу – Базар жеңгейдің жан-ағын, сезім-бастауы бар бұл жастық туындыларында. Екеудің сыры, жүректен шыққасын, елдің жырына айналып кете барады. Сонан ба, Сыр бойы, Арал жағасы ғана емес, қазақтың кең төскейінде бұл әндермен талай сезім гүл ашты, талай махаббат баянын тапты деп білем… Үлкен азаматтық позицияға жол бастаған өнер жасты­ғының алғашқы толқындары ғой бұлар. Махаббаттың ұлысы – туған жерге деген сезім. Азамат тұлғасын сомдайтын сол құдірет. Бұл орайда мен, сөздің рет-хронологиясын бұзып қойып, «Аралмен мұңдасу», «Арал толғауы», «Сүйінші, теңіз-анам келе жатыр!» туындыларын ерек бөліп атар едім…
Мұнан арғы жолдарда, Қазақстан Композиторлар одағының сыншыл көңіл төрінен ойып орын алған «Арал толқыны», «Сырдария», «Қыдыр қонған Қызылорда», «Шалқи бер, дала!», «Туған жер», «Майдангерлер мәңгі жасайды», «Әке арманы», «Қайран, ағалар!», «Біздің Ғани», «Өмір толғауы», «Тойға шашу», «Махамбеттің толғауы», «Батыр баба ‒ Жанқожа», «Астанаға сәлем» және де басқа әндер мен күйлер кө­гені ағытылды. Есімдері дүниеге мә­лім ән бұлбұлы, қаһарман апа Роза Бағланова, Нұрғали Нүсіп­жанов, Мәдина Ералиева, Набат Ай­дәу­летова, Рысбек Әшімов, Елмұра Жаңа­бергенова, тұйғын-күйші Ерболат Мұстафаев,  елімізге белгілі Қа­занғап, Тұрмағамбет атындағы оркестрлер осы туындылардың рухын та­сытып, республикамыздың радио-телеқорының алтын сөресіне апарып қойды.
Аралдың бағы кетсе де, әні мен сәні кетпеген сортаптау жағасында «Шағала» «Толқын», «Алау» ән-би ансамбльдері, «Алтыбақан» ойын-сауық отауы, ұлт-аспаптар оркестрі, «Сыдықовтар» отба­сылық ансамблін құрды әр кезеңде. Сөйтіп, тайпалмай төнген нәубеттің бетін өнермен қайырғандай,  «қарлығаш қанатымен су сепкендей» бір игі істер атқарды. Осынау еңбек, өнер үлгісіне ел ардақтылары Асқар Тоқпанов, Фариза Оңғарсынова, Роза Бағланова, Ғазиза Жұбанова, Шара Жиен­құлова, Мыңжасар Маңғыт­баев, Еркеғали Рах­ма­диев, Кеңес Дүйсе­­кеевтер жү­рек­­жар­ды пікірлер айтты. «Сы­дықов­­тар­дың от­басылық ансамблінің құрамы шағын болса да, бір шығармада оншақты музыкалық аспапты пайдаланып, шебер ойнайтын музыканттар екен. Шығармаларының мазмұны, орындау шеберліктері жоғары. Бір қуанарлығы, композиторы да, ақын да, әнші де, жыршы да өздерінде…» деген Е.Рахмадиевтің сейіс-сөзі осы реттен. Осы сөз Сыдықовтар отбасын 1988 жылы Мәскеу төріне апарды. Жарты әлемнің өнерпазы алқаласқан өнер аламанында таңғажайып триумф болды.
Шын талант, Құдай берген қасиет, мейлі, сен алқаулы астана-шаһарда өмір сүр, мейлі, бау-шарбақты ауылда жүр, бәрібір, ондайлық «жағра­фиямен» санаспас болар. Қын түбінде өткір пышақ жата алмайтыны сияқты, бір күні қалай да жарып шығар. Айдай әлемге өз үнін жария етер. Және мойындатар. Талант. Және талмас еңбек. Бұл екеуінің басы біріксе, әй, екеуінің алмайтын қамалы жоқ-ау! Әлемді тебіренте жүріп, Аралынан кіндік үзбеген Мөкеңнің азаматтық ерлігі – осының бір таңбалы мысалы.
Жастық лирикалары, туған жер алдындағы ұлдық парыз туындылары ретінен кейін, күйші-композитордың тарихи, аруақты дүниелерінің өзіндік биігін шолу лазым. «Махамбеттің толғауы», «Мұраттың төкпесі» «Батыр баба Жанқожа», «Ақтан батыр»… Бұл күйлерді жай ғана тыңдап опа таппайсың. Ол мүмкін емес. Әсіресе, «Батыр баба…»! Шынында да, ұлы шығарма бұл. Отқа-суға салады. Бипаз сырлы нюанстар қапелімде ұлы жосын жорыққа, тасыр-тұсыр майдан сахнасына ұласады. Майда қоңыр аяңы мен тебінгі терден шіріген жортуылды жорықтың жан алып, жан беріскен сәттері алуан бояуда санаңда ойнап, сезіміңді тулақтай қағып, жаныңды жай таптырмас. Отырған орындығың ойма ер, төңірегің майданға айналады… Күй біткенде, батыр аруағымен әлі де бірге күңіреніп, жаныңның солығын көп баса алмай отырасың… Міне, өнер сиқыры. Сиқыр емес-ау, хикметі, құдіреті!..
Бәрінің толымды түйіні – соңғы жылдары шыққан екі дүние. Көп жылдардың толғамы, көп еңбектің байламы. «Жырлайды Арал перзенті» және «Жыр мәйегі – мақам». («Кітап» деу – кемшін соққандай бір анықтауыш болғасын, «дүние» деп отырмын. Дүние сипатты болғасын, оның ішінде көп қазына бар). «Жырлайды Арал перзенті» – қазақтың қасиетті саны – 7 бөлімнен тұрады. Әр бөлімнің етек-жеңі кең, айтары көп. Ғасыр мәнді ғұмыр мен зейнетті еңбектің түгелденген, тұжырымдалған толық намасы. Ұлағаты мол, ұстыны биік дүние. «Жыр мәйегі – мақам». «…XIX-XX ғасырларда Арал-Қазалы өңірінде туып, бүкіл Сыр бойын дүбірлетіп өткен атақты Нұртуған мектебінің негізін қалаған – Бижан, Жансүгір (Сары жырау), Молда Дәулет, Жаңаберген, Жаппарберді, Дәріқұл, Жалғасбай, Үмбетәлі сынды дүлдүл жыраулардың баға жетпес асыл қазыналары – ән-мақамдарын жоғалтып алмай сақтап қалу үшін көп жылдардан бері зерттеп, нотаға түсіріп жинақтадық…» деген авторлық сөзбасы туынды негізін ашады. Еш жерге ұқсамайтын Арал-Қазалы жыр өнерінің болмысы осында ашылады. Абай мен Нұртуғанның рухани үндестігіне осыдан тәнті боласың. Жаңабергеннің қыран дауысын есітесің. Сырға толы, терең фәлсафалы Жаппарбердінің мұңды мақамдарына бойлайсың. (Мөкеңнің Арал толғауларына көп дес берген, демеу болған аруақ…) Дүлділдердің соңғы тұяғы іспетті Үмбетәлі жыраудың ақыр-сырын білесің… Үлкен еңбек, зерделі жұмыс. Ұғынылуы мен түсінілуі әлі де кемшін жауһар жәдігерлеріміздің беті бері қарап, ұрпақтары алдында шүкіршілік пен байырқа тапқан алқалы қауым отырғандай бүгін төрімізде.
Сексен белестің алдында бас-аяғы түгенделіп, өмірге келген осынау екі сүбелі еңбек. Ұзан жылдар, ұзақ жол­дардың тұжырым-түйіні десе лайық.
Мұрат Сыдықовтың еңбегі мен еткен-еккенінің адами, іліми, өнер-теориялық тереңіне бойлауға, мына, мен қаузап отырған жедел жаз­ба, қалай тартсаң да, келте шапан болмақ. «Өнерге бар талабы…» бал­ғын жастан бастап, рухани өрістің талай сүрдегі мен шүйгінін шалған сарабдал маманның бағдар ұстар жөн сілтеушісі, сілемі сан-тарау өнер­дің, көр­гені мен көгергені мол өмір­дің қыры мен сыры және тағы да басқа ада­ми қазынасы мол дүниелер. Ба­йып­­ты бағамдауда көп кеніш ашары сөзсіз. 
Мұны талай сөз шебері, өнер сейістері айтып та жүр. Және сол кенен, терең еңбектерді діттеп айту, талдап зерттеу әлі де кемшін екені орынды ескертіліп те жүр. Шындық сөздер, қосыламын. Толғамды-талғамды ой­лар өздерінің лайықты сөзін айтады, баға-бәсін әлі де ашып береді деп сенемін! Тек, теориялық, ғылыми зер­делі сөз ғана емес, өнер тәрбиелі сыныптарда, кафедраларда, институттарда дәріс, ілім деңгейіндегі әлеуеті ашыла түссе – өнер өрісінде, рухани өмірімізде бір игілікті іс жүзеге асқан болар еді.
М.Сыдықов тұстай бір өлкенің – Арал алабының ғасырлардың бақи­лық астарына ұзаған көне жәдігерлерін тірілтуші, жаң­ғыртушы және сол дәс­түр­лерді сыры мен сынын бұзбай сақтай отырып, жал­ғастырушы да.
Ой түйінін тұжырғанда: жыр, өнер, жәдігерлер әлеміне орнатылған, бірегей дәстүрдің, мектептің энциклопедиясы дәрежесіндегі еңбектер.
Өткенге тамсанысты қанағатта, ат қаңтарып, ескегін судан шығарып отырған жан емес ол. «Үйрен дана Абайдан», «Сабырлық, бірлік керек бәрімізге!» туындылары – Мөкеңдей өнер дарағының биыл жаз қосқан жаңа жапырақтары. Уақытқа үн қосу. Ел тілегімен бір болу. Талант тұғыры әлі өз биігінде…
Базар жеңгеймен екеуі отбасы, өмір-тұрмыстың қос ұстыны болса, өнер деген айдында ақ құстың қатар қағылған қос қанатына ұқсаған жандар. Бұл жарасым-үйлесім ел алдындағы өнеге мысалында орнық­қан. Мойындалған. Жаратқан екі жақсыны солай сай еткен. Тағдыр қосқан. Мәуелі бақ дәрежесіне шейін әулет өсіру жазған. Алтын асықтай ұлдар мен қыздар, немере-шөберелер – сол бұйырғанның ең қымбат мәуесі. Бүкіл ізденіс-тірліктердегі таяныш­тары Жандос, Сәнира, Айдос және немере, шөберелер – осы іспетті Құ­дайдың берген бағы. Әрине, күнгей ас­тарында өмірдің кей көлеңкесі жүреді. Отбасына тағдыр салған қиындық та жоқ емес… «Жаратқанның сыны» деген сабыр бар… Біраздан бері ілеленіп жүрген өнерлі оғылан Төлеген тәуір болады деген үміт үлкен…
Өткеннің жүгі, адалынан жиылған болса, өз қомшасына өзі батып, қолдың кіріндей өшіп, ғайыпқа сіңіп жоғалмас болар. Ел ықыласты еңбек атқарылса, қаттаулы қазынадай болып, көңілдер төріне шығады. Өмірдің игілікті жемісі түрінде елдің көзінде, еңбегі халықтың көңілінде, асылдары ұлыстың рухани қазынасында қаттаулы тұрады. Мөкеңнің барша мұраты да сол іспетті болып шықты.  Тіпті кеңге салсақ, сонау бір жан үні әлем құлағында жүр бүгін.
Бәрінің артында ақ тілеулі ел мен жердің асқақ рухы тұр.
Кей сәті от-майданнан бір де кем емес мылтықсыз майданның ерлері. Бұны басынан кешкендер терең түсінеді… Бүгін де «жағадан алғандар» мен «етектен тартқандармен» бітіспес күрес бар. Арал жарақаты ашық, майданы әлі тынған жоқ. Қажыр, қайрат, ізденіс талап еткен жол бұл… Ағасының 80-жылдығына өлең арнаған алматылық ақын інісі Айжарық Ерәлиев дұрыс айтқан: Дүниенің бар байлығын құрбан еттің, Жолында ұлы өнердің тоқсан тарау…
Шебердің салалы саусақтары аспап шанағын қармап, сабағына бипаз қонғанда… жоқ бұл өнер адамының үйреншікті кәсіби машығы емес, бұл аруақты бір сәттің орнауы – Махамбеттің ереуілде егеулі найзаны қолға алуы, Құрманғазының құдірет үйірілген сәтте, қасиетті қара домбырасын бауырына баса, сарта жүгінуі болып көз алдыма келеді…
Мөкең бүгін, Құдай қалап, екінің біріне бұйыра бермеген өмір сеңгіріне еңсесі тік, өресі биік қалпы шығып тұр. Жаратқанның бергені! (Сөз ретінде айтайық, асылы, сеңгір жастың асуында тұрған ағаларымыздың барлығына Жаратқан қуат берсін! деу артық болмас). Асау да ұрт мінез тағдырдың өзі де мойындап, тілек, ниет, талапқа қайымдасып келгені. Шалғай-басты, шаужай күрмеулі, шау тарту емес, шы­ғармашылық шыңдаған, өмір-күрес пен тіршілік-талап-талпыныс шар­болаттай қайраған жігер тұ­ғырына ұқсайды Мөкеңнің осы биігі. Әйтпесе, мына жолдар не дейді:
…Аралдың ақбас, асау айдынында,
Асыр сап, ойнап өскен
шөгелі едім.
Теңіздің тереңіне таймай сүңгіп,
Ұшындай көк
сүңгінің жебелендім…
…Әттең-ай, төрт құбылам
түгел болса,
Аспаннан жыр нөсерін төгер едім.
Жамандық атаулыны жерге тығып,
Орнына тек жақсылық егер едім…
 Беймаза жүрек тыныштық іздеп, тымырсықта қала алар ма? Ашық сана, ұшқыр ой, талапты көңіл қанаты әлі серпінді. Алдыңғы жақта күрес, өнер, ой майдандарының талай бағыттары әлі атой салып, ашық жатыр. Оған көзі ашық, тайсақсыз қарау, келер күн сұрақтарын жаба-жасырмай бағамдап, соған кеуде тоса беттесуге ықыласты болу – қажымас қайрат, мұқалмас жігер, бір сөзбен, ердің ісі деу ләзім. Демек, Мөкең өз бабында. Демек, күтер жемістің де, тілер жеңістің де Жаратқан оңынан бергей біраз қарамы әлі алда.
Ылайым солай болғай!

Мен қатты кісі едім. Алайда, Мұрат «Махамбеттің толғауын» ойнап отырғанда, кешегі қайран Махамбет пен Исатайлар шын елестеп, көзімнен еріксіз жас шықты.
А.Тоқпанов,
қа­зақтың тұңғыш кәсіби режиссері,
Қазақстанның халық артисі

Осындай Сыр сүлейлерінің лайықты ізбасарларының бірі – айдынды Аралдың сан қырлы талантты төл перзенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Композиторлар одағының мү­шесі, Арал ауданының Құр­метті азаматы, күйші-композитор, жыршы-ақын Мұрат Сыдықұлы Сыдықов.
Қ.Көшербаев,
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы

Мұраға­ның халқымыздың киелі жырау­лық өнері саласындағы зерттеу, орындау еңбектері – өз алдына бір төбе.
К.Дүйсекеев,
Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген қайраткері, кәсіби композитор

Мұраттың «Теңізбен мұңдасу» атты үлкен шығармасы – Арал тағ­дырының гимні. Өте әсерлі, мәнді туынды.
Ф.Оңғарсынова,
ақын, Қазақстанның халық жазушысы, қоғам қайрат­кері

Мұраттың табиғи таланттылығы, ерен өнерпаздығы бірінші кезекте оның тегінен, қанынан тамыр тартары сөзсіз. Екінші кезекте оның жанқиярлық, өлермен, өзін-өзі аямайтын еңбекқорлығы, тынымсыз ізденімпаздығы, төзімділігі, талап­шылдығы, талғам­паз­дығы жатыр…
С.Шаухаманов,
мемлекет және қоғам қайраткері
18 қараша 2024 ж. 127 0