Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аймақ басшысы эколог-жазушы Сайлаубай Жұбатырұлымен кездесті

Аймақ басшысы эколог-жазушы Сайлаубай Жұбатырұлымен кездесті

Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «Парасат» орденінің иегері, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, эколог-жазушы Сайлаубай Жұбатырұлын қабылдап, Арал теңізін қалпына келтіру мәселесін талқылады. Кездесуде эколог-жазушы аймақ басшысының Сырдария өзеніндегі су тапшылығына байланысты, күріш алқаптарын азайтып, ауылшаруашылық саласын әртараптандыру жобасын қолдайтынын жеткізді.
«Сіздің жақында республикалық телеарналарға берген сұқбатыңызды көрдім. Онда су тапшылығына байланысты суды көп қажет ететін күріш алқаптарын азайтып, ауылшаруашылық саласын әртараптандыру қажет екендігін айттыңыз. Бұл жоба өте дұрыс шешім. Қазіргі таңда Сырдария өзенінде су өте аз мөлшерде, күріш алқаптары сол судың теңізге жетуіне мүмкіндік бермеуде. Сондықтан суды үнемдеу арқылы, Арал теңізін қалпына келтіруге жұмыс жасаған абзал», – деді эколог-жазушы Сайлаубай Жұбатырұлы.
Аймақ басшысы Арал теңізін сақтап қалу және қайта қалпына келтіру бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі екендігін айтты. Сонымен қатар, ауылшаруашылық саласын әртараптандырудың маңызы ерекше екенін жеткізді.
«Кешегі пандемия кезінде біз азық-түлік өнімдерін көрші облыстардан алдырдық. Қарапайым көкөністердің өзін сырттан тасыдық. Сондықтан ауылшаруашылық саласын әртараптандыру арқылы қажеттілікті өзімізден өндіруді жоспарлап отырмыз. Бұл бір жағынан су тапшылығынан туындаған жоспар, екінші жағынан Арал теңізіне мол су жіберудің амалы», – деді облыс әкімі Г.Әбдіқалықова.
Сондай-ақ кездесуде С.Жұбатырұлы 1921 жылы Поволжье мен Ресейдің құрғақшылық кезінде аштықтан зардап шеккен халқына көмек көрсету мақсатында Арал балықшыларының 14 вагон балық жөнелту тарихи оқиғасының 100 жылдығына орай ғылыми-танымдық конференция өткізу, кітап шығару және ескерткіш орнату туралы ұсыныстарын жеткізді. Аймақ басшысы аталған датаны эпидемиологиялық ахуал тұрақталған жағдайда 2021 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында атап өтуге болатынын айтты. Шараны жоғары деңгейде өткізу үшін облыстық іс-шаралар жоспары әзірленіп, ұсыныстар осы жоспарға енгізілетіндігін жеткізді.
kyzylorda-news.kz
09 қараша 2020 ж. 616 0