Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі

ӘЙТЕКЕ БИ

Талай жауын Тәуке хан талқан еткен,
Бірде үмітін үш биге артады еппен.
...Бұл оқиға басында Күлтөбенің,
Игі жақсы жиналған ортада өткен.
Үш биіне хан қарап жайлап еппен,
Ел бірлігі жайында ойға кеткен.
– Қане, қайсың төбе би боласың, – деп
Үшеуіне өз ойын байлам еткен.
Мынау байтақ жазира ұлы елімді,
Қорғағандай қорғадым жүрегімді.
Енді міне, мұңдайтын елдің мұңын,
Төбе би қып сайлаймын біреуіңді.
Бой жетпейді теңіздің ұшанына,
Дала сенің симайды құшағыңа.
Мен сондықтан үш адам тұрған тауды,
Арқау еттім осынау мысалыма.
Сонда Төле айтыпты: – бұл расың
Болса ханым, жауабым мұныңа шын:
Биік шыңның басына шыққан адам,
Көреді екен төрт бірдей құбыласын.
Көрмегені жоқ мынау кең даланың,
Керегесі бүп-бүтін ел, қарағым,
Әлгі таудың басына шыққан адам.
Ол әрине мінекей, мен боламын.
Бауырында сол таудың тұрған адам,
Халқыңа түк пайда жоқ мүлдем одан.
Биік таудың өйткені бұлт аспайтын,
Көрінеді тек қана бір жағы оған.
...Төле биден қалған ба түгел сөзің,
Әйтекеге тастап ап бірер көзін,
Етектегі көреді екі жағын,
...Екі биден оздырып жіберді өзін.
Айтқанына ел-жұртын көндіретін,
Тіпті ағалық жолым бар жөн білетін.
Екеуінен үлкенмін, бұл билікті
Беретұғын хан ием, келді ретің.
Жә, жә,Қазыбек кенеттен килікті оған,
Тиесілі бұл жерде билік маған,
Ағаменен інінің ортасында
мына менмін!
Беріңдер сый қып маған.
Айбынатын алдағы ағасынан,
Именетін інісі,
жаны ашыған
Адам менмін,
Төбе би мен боламын,
Жауап берші хан ием, қане, осыған.
...Игі жақсы тұс-тұстан сұрақ қойған,
Мейлі, басын алса да бұлақ қайдан,
Төмендегі құймай ма сайға келіп,
Тумайды ма ұлы істер мұратты ойдан?!
...Әйтекеге бір кезде келді кезек,
Би екенін біледі ел бұл өжет.
Төгіп-төгіп жаңбырдай тақпақтады,
Ханға қарап қасқарау тілді безеп.
Бөлмеген би үш жүздің еш арасын,
Ақбоз үйдің аттатып босағасын.
Төрге оздырған Төле мен Қазыбектей,
Бір кездері құрметтеп қос ағасын.
Үлкендерін кішісі ардақтаған,
Саф алтындай айтарын салмақтаған.
Құла түзде құр босқа мал бақпаған,
Арғы бабам Алшын да әруақты адам.
Талай жолдан өтіпті ел бұралаң,
Соны айтатын кезегі келді маған,
Алты рулы ел болған ата жұртта,
Әйдік менің Әлімдей бергі бабам.
Жүк ауырын көтермек дұрысы нар,
Інісі бар ағаның тынысы бар.
Ағалары шынымен артса сенім,
Ойындағын олардың інісі ұғар.
...Екі ағасын өстіп тақымдапты,
Ойда-жоқта осылай ақыл тапты.
Інісінің айтқанын үнсіз тыңдап,
Төлеменен Қазыбек мақұлдапты.
Аға ендеше дамылдап бас бағады,
Іні болса ел ісін басқарады.
...Табан асты Тәуке хан бопты разы,
Орақ тілі Әйтеке тас жарады...
Қазағымның сияқты бой тұмары,
Алуан-алуан жадыма ой тұнады.
Үш аяғы сияқты ошағымның,
Үш би жайлы аңыздар айтылады...
Әділдікті оңай ма салмақтаған?!
Түбі озады елі үшін жан бақпаған,
Әділ берсе халыққа төрелігін,
Сондай биді жалпақ жұрт, ел мақтаған.
Өмірдің де болмайды төте өткелі,
Итің қасқыр алмайды жетектегі.
Тең болмайды деген кім хан мен қара,
Ел болмайды деген кім етектегі?!
Кіші жүзді үйірген тіліменен,
Не айтпақшы екен Айтық би мұныменен?!
Қос ағасы батасын бағыштаса,
Ел ісіне жегілер іні деген...
...Әңгімесін Әйтеке жалғайды әрі,
Тапқыр сөзін ағызып таңдайдағы.
Кіші жүздің биінің айтқанына,
Ұйып қалған қарашы, қандай бәрі.
Миығынан бұл сөзге күліпті хан,
Біраз көзін айырмай ұлық бұдан.
Төбе биге үш би де лайықты?...
Хан шешімін жиналған ұғыпты жан.
***
«Елдің қамын жоқтай білген,
Дұрыс сөзге тоқтай білген.
Ердің намысын жоқтата білген,
Өз сөзіне тоқтата білген жігітке не жетсін.
***
Ашу деген ағын су,
Алдын ашсаң арқырар.
Ақыл деген дария,
Алдын тоссаң тоқырар.
***
Кісі бір туыспау керек,
Туысқан соң сөз қуыспау керек.
Сөз қуған бәлеге жолығады,
Жол қуған олжаға жолығады»
...Теңіз тектес ойының тереңіне,
Айтшы қане, енді тең келеді не.
Әлі күнге әр қазақ бас шұлғиды,
Әйтекенің осынау дегеніне.
Қаперіне сақтайтын бүгінгі ұлан,
Әрі ақылды, бопты би білімді жан.
Керек десең жойған жоқ мән-маңызын,
Жеткен сөзі жоғалмай бұрынғыдан.
Заман басқа болатын қазір өткен,
Жүз ойланып-толғанып әзір еткен.
«Жеті жарғы» келіпті дүниеге,
Әйтекемен,
Төлемен,
Қазыбекпен...
***
Тарлан тарих тап бүгін кешегі әр із,
Төле, Қазыбек, Әйтеке көшелі абыз.
«Төле би тауып айтады,
Қазыбек би қазып айтады,
Әйтеке би әділін айтады».
Бұрынғыдан жеткен бұл деседі аңыз...

Толыбай АБЫЛАЕВ
21 қараша 2024 ж. 78 0