Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ғибратты әңгімелер

Ғибратты әңгімелер

Соңғы сынақ
Баяғыда таудың қиясын мекендеген бір ерекше қасиетті қыран құс өмір сүріпті. Өзгелерге өрлігімен өнеге болған әлгі бүркіт бір жылы өмірінде бірінші рет үш балапан басып шығарыпты. Балапандардың қанаты қатайып, ұясынан ұшып шығуына аз уақыт қалғанда бүркіт үш балапанын уысына қысып, теңіз төсіне алып шығыпты. Ұшып келе жатқан ол, өзіндік өмірге қанат қаққалы тұрған балапандарынан соңғы рет сынақ алып, былай деп сұрапты:
– Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, мәпелеп бағып қаққанымды жақсы білесіңдер. Ертең өскесін, осының өтеуі ретінде маған қандай жақсылық жасайсыңдар?
Біріншісі айтыпты: – Анашым, сенің ақ сүтінді ақтау үшін қолымнан келгенін барлығын жасаймын. Мен сені өмір бойы қанатыма арқалап, алып жүремін. Дүниенің төрт бұрышын аралатам, таңғажайып тамашаларды көретін боласың, –  депті. Сонда бүркіт басын шайқап, уысындағы балапаның теңізге тастап жіберіпті. Сосын екіншісіне бұрылып: ­
– Ал сен не айтасың?
Екіншісі айтыпты: – Анашым, мен сені ел аралатып босқа әуре қылмаймын. Ғаламның барлық кереметін алдыңа әкеліп беремін. Ішкенің алдыңда, ішпегенің артыңда болады, –  депті. Бүркіт тағы да басын шайқап, екінші балапанын су тұнғиығына тастап жібереді.Үшінші балапанына бұрылып, жарқыншақ толы дауыспен былай депті:
– Ал сен қалай жарылқамақсың?
Сонда үшінші балапан былай үн қатыпты: –Анашым, өтірік қанша тәтті болса да, саған ащы ақиқатты ақтармасқа амалым жоқ. Маған жасаған жақсылығыңның шеті де, шегі де жоқ екенін, оны өтеуге бүкіл ғұмырымды арнасам да жетпейтінін жақсы білемін. Дегенмен, менің өмірім сені әлемді аралатуға да, сан түрлі ғаламаттарды алдыңа алып келуге де арналмайтынын айтқым келеді. Мен сенің маған жасаған жақсылықтарыңды өз балапандарыма жасау үшін өмір сүретін боламын.
Кәрі бүркіт сонда ғана көкірек кере терең дем алып: – Біздің әулет аманатын алға апарар, қыран деген атқа лайық бола алар ұрпақ туылғанына көзім енді жетті, – деген екен.
Сөз иесін табады
Бір күні бір адам Омар Хайямды жұрт көзінше:
–  Сен дінсізсің! Сен араққұмарсың! Сен тіпті ұрысың! –  деп балағаттапты.
Оған жауап ретінде Омар Хайям жай ғана күлімдеп қоя салыпты.
Осыны көрген бір бай, әдемі киініп алған адам:
– Сен қалайша бұлай айтуына жол бересің?! Сенің намысың келмей ме? –  деп таңдана сұрапты. Омар күліп:
–  Жүр менімен, –  депті. Бай оған ілесіпті.
Омар сарайына кіріп, ескі сандықты ақтарып, одан дымға жарамсыз жыртық халатты тауыпты. Оны әлгі байға лақтырып:
–  Мынаны өзіңе өлшеп көрші, саған шақ болуы керек, – депті.
–  Мұның маған не керегі бар? Менің киімім қымбат, әдемі екенін өзің көріп тұрған жоқсың ба? Сен шынымен де жынданыпсың! –  деп халатты Омарға қайтара лақтырыпты.
–  Көрдің бе, сен жыртық, ескі халатты өзіңе сай көрмедің. Сол сияқты мен де маған айтылған балағат сөздерді өзіме сай көрмедім. Сені балағаттаған адамға ренжігенің –  оның сөздерінің шындық екеніне келіскенің! –  деп жауап беріпті Омар...

Өзің сүзгіден өткіз!
Ел таныған ғұламаға бір кісі келіп: –  "Сіз туралы шәкіртіңіздің бірі не деп жүргенін білесіз бе?” –  дейді.
Сонда ғұлама: “Біреудің айтқан сөзін жеткізбес бұрын, оны үш түрлі сүзгіден өткізіп алғаның жөн. Алғашқысы – шындық. Соған салар болсақ, айтпақ сөзіңнің рас екеніне көзің толық жете ме?" дейді. Әлгі кісі: "Шынымды айтсам, өз аузынан естімедім" дейді.
– Онда екінші сүзгіден өткізейік. Ол "жақсы сөз" деп аталады. Айтатын хабарың жақсы сөз бе еді? – деп сұрайды. Ол кісі: «Жоқ, керісінше болатын» – дейді күмілжіп.
– Онда үшінші сүзгіден өткізіп көрелік. Мүмкін бұл сынақтан өтерсің!? Ол "пайдалы өнім" деп аталады. Ал енді мына хабарыңның маған қандай пайдасы бар? – деп сұрайды. Әлгі кісі қатты қысылып: «Пайда бермейтін әңгіме еді» дейді жерге қараған күйі.
Сонда ғұлама: «Өзі сенімсіз әрі жағымсыз әңгіме болса әрі маған түк пайда келтірмесе, оны маған қандай жақсылық ойлап жеткізгің келді?!» деген екен. Бұл бәрімізге керек сүзгі екен!

Дайындаған К.МАХСҰТ 
24 қаңтар 2022 ж. 4 041 0