Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » БҰЙЫРМАҒАН ОТЫЗ МИЛЛИОН

БҰЙЫРМАҒАН ОТЫЗ МИЛЛИОН

Бүгін келген басылымдардың ішінен “Егемен Қазақстандағы (25.Х.2024 жыл) республика күнінің маңызы уақыт өткен сайын арта береді” деген мақаладағы сұқбат беруші кісінің аты-жөні мені елең еткізді. Кім еді дейсіз бе?! Мемлекет және қоғам қайраткері Жәнібек Сәлімұлы Кәрімжанов болатын. “Ой, азамат-ай, есен-сау жүр екен ғой!” деп сол Сәлімұлымен кездескендегі бір әңгіменің ойыма түсе қалғаны.***
Е-е, қысқаша баяндайын. 1991-жылдың мамыр айында жасым келіп, зейнеткерлікке шықтым. Тәуелсіздік алдық. 1992-жылы ауданға әкім болып келген Биғали Каюпов шақырды. Аудандық атқару комитетінің төрағасыжәне аупарткомның бірінші хатшысы болған сұңғыла жігіт ғой.
– Аға, – деді майда үнмен-«ардагерлер бақшалық ұйымын» құрғалы отырмыз, соны Сіз басқарсын деп ұйғардық. 
Аралда өндіріс, мал және балық шаруашылығы басым. Диханшылық үрдіс емес. Тек Қазалы ауданымен шекарадағы «Ақбай» ауылының «Басықара» каналынан су алып, аз-маз жонышқа, қауын-қарбыз егетіні бар-ды. Ол алқап Аралдан 90 шақырым шалғайда. Сірә, қариялар кетпен-күрек ұстап, егіншілікке шыққанда, сендердікі не отырыс, деп жастарға қозғау салмақ ниетін түсіндім де, жақсы, мен келістім. Биғали Әбдікерұлы дедім. Көлікте, техника да жоқ.
Бірақ үлкен трасс бойындамыз. Машина ерсілі-қарсылы жүріп жатыр. Қол көтеріп, тоқтатамыз. Солай жүріп жаттық. Көбіне-көп Қазалының «Рза» АҚ-ның президенті Самұрат Имандосовтан көмек алдық.  Жеріміз биік, суды насоспен аламыз. Өтпелі қиын кез ғой, Соляркіден де осы Имандосов қол ұшын берді.
Үш-төрт жылдың ішінде ардагерлер саны 41 адамға жетті. Үлкен ұйымға айналдық. Тек су алуымыз қиындай түсті. Біз үлкен каналдан емес, содан Ақбайлықтар жайылымға су жіберетін шолақ арыққа труба салып, шағын көлтабанға су құлатамыз. Оның тереңдігі тобықтан келеді. Көлтабанды қолмен қазып, тереңдетіп насосқа су жинаймыз. Бізге ең қиыны осы болды.
***
Ұмытпасам 1999 жылдың күз айы-ау! Жел  тұрып, шаңдатып тұрған. Насоспен бақшалыққа су айдап жатырмыз. Әйелдер ақ жаулығын бүркеніп алған. Үстімізден айналып вертолет ұшып, бізден 2-3 шақырымдай жердегі төбе басына қонды. Сол кездегі аудан әкімі Айтбай Көшірбаевтың алқынып машинасы жетті.
– Жүріңіз, Сізді вертолетпен келген қонақтар шақырады, – деді  шофер.
– Вертолетте кімдер бар?
– Облыс әкімі Б.Сапарбаев пен республиканың ауыл шаруашылығы министрі Ж.Кәрібжанов бар.
Келдім. Министр еңбегімізге сәттіллік тіледі және "Қандай өтінішіңіз бар?" – деп сұрады.
– Біз су алатын каналдың соңғы нүктесіндеміз. Бас каналдың өзінен емес, содан тартылған ені не бәрі 2 метрдей шолақ арықтан көлтабанға су жинап, соны пайдаланамыз. Сол көлтабанды 2-3 метрдей тереңдетіп, қаздырып берсеңіз, су тапшылығынан құтылар едік.
– Көлтабанның көлемі қандай?
– Ені де, ұзыны да 200 метрдей...
Министр ойланып қалды. Бердібекке қарап еді, ол кісі үндемеді. Әдептілік сақтап сөз қоспады. Министр маған қарап күлімсіреді.
– Ағасы, олай болмайды, енді ардагерлер шаруа қожалығына айналасыздар, жеріңіз тегістеледі, бақшалықты тамшылатып суаратын боласыздар, қажетті техника мен технология келеді. Бұған 30 (отыз) миллион теңге бөлінеді, жер көлемін өлшеп, картаға түсіру күні ертең-ақ басталады, – деді.
Вертолет ұшып кетті. Басым айналып, мең-зең болып, отыз млн! Отыз!.. деп қайталай беріппін. О жылдары бұл ақша біздей жалаңаяқтылардың түсіне де кірмейтін көп қаржы еді.
– Әке-ау, не тұрыс? – деді Айтбай Көшірбай жеңімнен тартып, министр айтты, солай болады.
Ертеңіне Шымкеттен автобуспен мамандар келіп, жерді өлшеп, картаға түсіруге кірісті.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы қасыма бір маман қосып, мен Тараздағы жобалау институтына кеттім. Керекті қағаздарды жүгіріп жүріп бітірдік.
Көңіл қош. Бүгін үйдемін. Арада қанша күн өткені есімде жоқ. «Егеменнің» кезекті санын ашып қалсам, министр Ж.Кәрібжановтың айналасына шегірткені қаптатып, суретін салыпты. Ол ұзамай қызметінен кетті. Бар шегірткені Кәрібжанов айдап келгендей... Орнын орынбасары Күрішбай басты. Жаңа министрге хат жаздым. Осылайда-осылай деп. Бюджеттің қалтасы бос, ештеңе бере алмаймын деген мағынада жауап келді.
Жауап хатты бақшашыларға оқып бергенімде, ардагер Тиыш Елешов орнынан тұрып:
– Мүмкін емес, хат жаңа министрдің қолына жетпеген. Бер жағындағы бөлім басшылары жаза салған. Әйтпесе Күрішбаев сауатты, ғалым адам. Біздің экологиялық қасірет аймағының кіндігінде өмір сүрып жатқан хәл-жайымызды ескеріп, ең болмағанда бір автокөлік бөлген болар еді, – деді.
***
Өкпе айтатын кез емес. Күрішбаев министрден кейін ректор, одан соң парламентке депутат болып сайланды. Көріп, біліп отырдық. Ал Жәнібек Кәрібжанов Шығыс Қазақстан облысына әкім болып тағайындалғанда:
– Е-е, солай болса керек еді-ау, – деп президент шешіміне разы болып қалдық. Жәнібек ініміздің сонау өтпелі кезеңде айтқан жақсы лебізі әлі есімде. Шал-шауқан жиналған жерде айтып отырамын.
Десе де, ызалы қариялардың “Кәрібжанов бөлген қаржыны, Күрішбаев келіп қайта алды” деген өкпе-наздарының елде айтылып жүргенін де жасырғым келмейді.
Шәкірат ДӘРМАҒАМБЕТҰЛЫ,
тыл ардагері,
Арал ауданының «Құрметті азаматы»
26 қараша 2024 ж. 95 0