Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жан жылуы мол Жаңбырбай

Жан жылуы мол Жаңбырбай

Республика күні құрметіне Қамыстыбас ауылдық ауруханасының дәрігері Жаңбырбай Айтжанов «Қазақстан денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Арал ауданының үстінен өтетін болатжолдың бойындағы үлкен елді мекен – Қамыстыбас бекеті. Батысында Қамбаш көлі анадайдан айнадай жарқырап, қараған жанды өзіне еріксіз тар­тады. Сонау жаугершілік заман­да Жанқожа батырдың жасағы­на қару-жарақ соққан үлкен ұс­тахана орналасқан Темірші төбе­сі де төбеңе төніп тұрғандай. Үс­тіне шықсаң, айнала алақанға салғандай айқын көрінеді. Маң­айының бәрі мамықтай әппақ ақ құм. Қалай аунасаң да, үстіңе шық жұқпайды. Қайта шаң-тоз­аңнан тазаланып шыға келесің. Адамдары да сондай ақжарқын, жаратылыстары бөлек. Айтпақ­шы, Ресейде аштыққа ұшыраған Волга бойы халқына Арал бал­ық­шылары жөнелткен 14 вагон бал­ығы да осы жерден тиелген. Күні кешеге дейін бүкіл Сыр бойы халқына азық-түлік, басқа да тұтыну тауарлары осы Қам­ыс­­тыбас жұмысшылар коопера­циясы арқылы таратылып келді. Қысқасы, бұл ауыл тіршіліктің қайнаған ортасы, күретамыры бола білді.
Біз әңгімегелі отырған Жаңбырбай міне, осы ауылда ту­ып-өсті. Көлінде ақшабақтай шоршып, шаттана шомылды. Құмында құлын-тайдай аунады. Жұпар ауасын саумалдай сімір­іп, салауатты өмір кешті. Бала­лық­тың балдәурені осылай бас­талған Жаңбырбай негізі 1900 жыл­дардың басында салынған орыс купецінің қарағай тамынан қаланған №21 орта мектебінің табалдырығын аттап, өз қатар­лар­ымен білім алды. Оқуда озат атанып, 1978 жылы орта білім алып шыққан Жаңбырбайдың алдында болашаққа қадам басар  сан тарау жол тұрды. Сынып­тас­тары алыс-жақын жерлердегі оқу орындарына аттанып жат­қан­да ол ата-анасына, отбасы жағ­дайына қарайлап, аудандағы атақты "Аралтұз" комбинаты­нан бір-ақ шықты. Комбинаттың қай­наған жұмысының ортасын­да жүріп ауыр еңбектің ащы дәм­ін татты. Жұмысшы өмірі­нің от-жалынында болаттай шың­далып шықты. Қастерлі кәсі­бінің қайтарымы - алғашқы айлық табысы қолына тигенде, өзінің нағыз жұмысшы екенін және отбасына табыс кіргізер тағы бір азаматтың пайда болға­нын берік сезінді. Соның айғағы ғой, айлық ақшасын шашау шы­ғармай, ата-анасының қолына тапсырғанда, теміржолда істей­тін әкесі Жолдыбай мен үй ша­руашылығында отырған анасы Нәзипаның қуанышында шек болмады. Әсіресе анасының ба­ласына деген ықыласы ерекше. Бір үйге бір айлықты шаққа жет­кізіп отырғанда, баласының таб­ысы байытып тастағандай бір қуанса, Жаңбырбайының отба­сы­ның асыраушысындай көрін­іп, есейіп қалғанына тағы бір қуанды да "Алла бергеніңе шүк­ір" деп тәубеге келді.
Жаңбырбай осылай "Арал­тұз" комбинатында бір жыл жұм­ыс істеді. Үйді де салып бітірді. Сөйтіп жүріп күзде әскер қатар­ына алынып, Красноярск  қаласын­да екі жыл Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп, жау­ынгерлік жолдан өтті. Мерзімі біт­іп, елге оралған соң, бірден оқу­­дың ізіне түсті. Таңдағаны дәр­ігерлік мамандығы болып, Қыз­ылорда қаласындағы медициналық училищеге оқуға түсіп, оны қызыл дипломмен бітіріп шықты. Жас маман Қазалы ауда­нына келіп, Әйтеке би кентіндегі жедел жәрдем стансасына фельд­­шер болып жұмысқа орналасып, медицина саласындағы алғашқы еңбек жолын бастады. Бірақ бұл жұмысты ұзақ атқармады. Жаң­бырбай мұнан да жоғары оқу ор­ны­на түсіп, мұнан да жоғарғы ма­мандық иесі атануды армандады. Сол арманның айдауымен сол жылы күзде Ақтөбе қаласынан бір-ақ шығып, осындағы меди­ци­налық институтқа құжаттарын тапсырды. Барлық емтихандар­дан сүрінбей өтіп, студент атан­ып, 1991 жылы институтты тера­певт мамандығы бойынша ойда­ғыдай бітіріп шықты. Ізденімпаз жас студент болып жүріп облыс­тық аурухананың жан сақтау бөл­імінде кіші медицина қызмет­кері болып жұмыс істеп, өз тәж­ірибесін жетілдіре білді. Оқуға зерек, жұмысына тиянақты Жаң­бырбай мұндағы бірқатар білікті дәрі­герлердің көзіне түсіп, оқуды бітірген соң олар "осында қал" деп өтініш білдірді. Бірақ ауылды ой­лаған Жаңбырбай бұл өтініштен бас тартып, өз облысына, Қызыл­орда қаласына келіп, қалалық ау­рухананың терапия бөлімшесіне дәрігер болып қызметке орна­лас­ты. Осында интернатурадан өтіп жүрген кезінде де алғашқы маман­дығынан қол үзбей жедел жәрдем бөлімінде кезекшілікте жұмыс іс­теп жүрді. Қалалық аурухананың жан сақтау бөлімінің меңгерушісі Жақсылық Сәрсенбаев, терапия бөлімшесінің меңгерушісі Гүлнар Ибраевалар Жаңбырбайдың жұм­ысына риза болып, өздерінде қа­луға қолқа салды. Ақтөбелік ма­мандардың өтініштеріне илік­пе­ген ол Қызылордада қалудан да бас тартып, қайткенде де туған жеріне оралып, өз ауылдастарына қызмет етуді, өзін сарғая-сағына күтіп отырған ата-анасына қол­ғабыс білуді берік мақсат тұтты.
"Талпынған жетер мұратқа" демекші, Жаңбырбай Айтжанов 1992 жылы өзінің туып-өскен құт­ты мекені Қамыстыбас ауыл­дық ауруханасына терапевт ма­мандығы бойынша дәрігер болып келіп, талай жыл армандаған қыз­метіне қол жеткізді. Туған жер, ту­ған ауыл, туған үй - қандай рахат, қандай бақыт! Осы бақытты сәтті қаншама жыл күтті десеңші.
1978 жылы мектеп бітіргеннен кейін жұмыс іздеп Жақсықы­лыш­қа келіп, "Аралтұз" комбинаты­нан басталған сүрлеу соқпағы, Крас­но­ярскідегі әскери бөлімде, Қыз­ылорда медучилищесінде, Қаза­лы жедел жәрдем стансасында, Ақтөбе мединститутында, одан Қызылорда қалалық аурухана­сын­да жалғасып, араға он төрт жыл салып, армандаған ауылына келіп, біржола ат басын байлаған-ды. Енді Жаңбырбай қуанбағанда, кім қуанады? Шын бақыт дегенің осы емес пе!
Жас маман жаңа жұмысына жан сала кірісті. Оның бергі жа­ғында туған ауылының адамдары туғанындай құшақтап қарсы ал­ып, құттықтап жатыр. Жылы құш­ақ, жылы сөз жан жадыратып, бойына ерекше күш-қуат құйып, қызметіне ерекше құлшыныс, тың талпыныс туғызды. Бұл кез­де­рі аурухананың бас дәрігері Жет­керген Өтегенов болатын. Ол да жас маманға өз тәжірибесін, білгенін айтып, ауылдың жағдай­ын­да қалай жұмыс істеу керекті­гін, ерекшеліктерін үйретіп жат­ты. Осылай жұмысқа жаңа кірісіп жатқан кезі ғой. Аудандық ауру­ха­наның басшысы Тыныштық Жаппаров телефон соғып, Жаңбырбайға Талдыарал елді мекен­іне барып, жүкті әйелге көмек көр­сетуін тапсырды. Аталған жер­ге жеткен кезінде жергілікті дәрігер мен акушер күтіп алып, жүкті әйелдің үйіне ертіп апарды. Уақыт таңертеңгі сағат 9-дың ша­масы. Науқасты байқап көрсе, аяқ-қолында құрысу белгілері бас­талған екен. Ол кезде қажетті дәрі-дәрмек мол болғандықтан, дереу дәрігелік көмек көрсетіп, құрысу белгілерін басып, қан қыс­ымын төмендетіп, қалыпты жағ­дай­ға келтіріп, әйелді ұйықтатты. Мұнда байланыс телефоны бол­ма­ғандықтан, кешкілік Водокачка елді мекеніне барып, ондағы су ай­дау насосының теміржол телефо­ны арқылы аудандық ауруханаға хабарласып, болған жағдайды баян­дап, арнайы бригада шақ­ырт­ты. Таңалдында Алдақияр бас­таған бриагада келіп жетті. Науқасты көріп, сол жерде бірден ота жасайтынын айтты. Бірақ, күн шыққаннан кейін әйелдің жағдайы жақсарған соң, Аралға алып кетті. Өзі алғаш көмек көр­сеткен әйелді бір өлімнен аман қалғанына қатты қуанды.
Жаң­быр­байдың дәрігерлік қызметін­де мұндай тосын жағ­дайлар жиі кездесіп, бірінен соң біріне жалғасып жатты. Мұндай­да қолы жеңіл ме, әлде жолы болғыш па, Жаңбырбайдың жама­нат­қа қалған кезі болған жоқ. 1997 жы­лы Құмбазар ауылында құр­өзек ауруы пайда болды. Аса қау­іпті ауруды одан әрі өршітпеу мақ­сатында аудандық аурухана­ның бас дәрігері Тыныштық Жап­паров басқарған арнаулы бригада келді. Өкінішке орай, құрөзек дертіне шалдыққан жан дәрігер бригадасы келемін дегенше өмір­ден өтіп кетті. Дегенмен бриагада 15 күндей болып, елді мекенде құрөзекке қарсы залалсызданды­ру, егу, тұрғындар арасында қау­іпті аурудан сақтану шаралары жайлы жұмыстар жүргізді. Осы жұмыстың бел ортасында тағы да Жаңбырбай көрінді. Бригада кет­кеннен кейін де тұрғындардың жай-күйін бақылап тұру, дәрі­герлік-санитарлық үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу Жаңбыр­байға міндеттелді. Ол тағы да осы ауылда 15 күндей болып, тапсыр­маға сай халыққа қызмет етіп, сенімінен шыға білді.
– 2011 жыл ғой деймін,-деп бас­тады Жаңбырбай бізбен әңгі­месін,-осы Қамбаштан Алмағам­бетов Нұржаудың үйінен шақыру түсті. Келінінің жағдайы нашар­лағанын, ес-түссіз жатқанын айт­ып, дереу жетуімді өтінді. Науқас келіншекті көргеннен кейін жат­ыр­дан тыс жүктілік екенін анық­тап, алғашқы дәрігерлік көмек көрсетіп, қасыма акушер дәрігер Сейітованы алып, дәрі-дәрме­гімді егіп, системасын қосып, нау­қасты аудандық ауруханаға жеткізуім керек болды. Ол кезде жедел жәрдем машинасы бұзы­лып қалып, біреудің жеке маши­насымен Аралға жол тарттық. Үлкен трассаға жақындағанда науқастың жағдайына қарасам, Аралға жеткізе алмайтын түрім бар. Содан дереу Қазалы темір­жол ауруханасының бас дәрігері Ршымбетовке хабарласып, түскі үзіліске кетпеуін, және мен апара жатқан науқасқа көмек көрсетуін өтіндім. Бара жатып жолда көлік жүргізушісіне: "Арыстанбаб ба­ба­ның басына бір секунд болса да тоқтап өтші" деп едім, әлгі жүргізуші алып бара жатқан нау­қастың ауыр халін көріп тұрған­нан болар: "Өлейін деп жатқан адамды алып бара жатып, айда­лада тұрып қайтеміз" деп өзіме дүрсе қоя берді. Сонда да болса қоймай бабаға сыйынып, тұсына келгенде бір секундтай тоқтап, одан әрі жүріп кеттік. Қазалыға түскі үзіліс кезінде жеттік. Ал­дында айтқанымдай бізді бір топ дәрігерлер күтіп тұр екен. Дереу дәрігерлік көмек көрсетіп, сол аурухананың аяжаны грек қызы, қазақтың келіні Лена өте әлсіз жатқан келіншекке қан құйып, отаға алды. Ота сәтті жасалып, біраз күн жан сақтау бөлімінде жатып, жағдайы дұрысталған соң, ол отбасына, балаларына аман-сау оралды,-деп бастан өткен ұм­ытылмас бір сәтті еске алды.
Мұндай оқиғаларды Жаңбыр­байдың дәрігерлік қызмет жолы­нан көптеп айтуға болады. Соны­мен бірге оның аурумен арпалыс­қан азапты жолы алғысқа толы десек те болады. Адамға жақсы­лық жасау қандай бақыт десек, ол да осы Жаңбырбайға айтыл­ғандай. Ауылдағы ауруға шалды­ғып, жанына дауа іздеген жанның осы азаматтың алдынан өтпейтіні кемде-кем. Сондайда білімді дәр­ігер біліктілікпен шипалық ем-домын жасап, ақыл-кеңесін беріп, олардың бәрін де қайта қатарға қосып отыратын. Ол өзінің біл­імін жетілдіруден бас тартқан емес. Cол үшін де өздеріне жақын Қазалы ауданындағы жедел жәр­дем бөлімшесімен тығыз байлан­ыс орнатып, айына екі кезекшілік алып, дәрігерлік қызметтің кейбір түрлерін ұмытып қалмас үшін қос­ымша жұмыс істеп жүрді.
Осындай ізденімпаз азамат 2007 жылы Қамыстыбас ауыл­дық ауруханасының бас дәрі­гері болып тағайындалды. Кезін­де осында басшылық орында жұм­ыс істеген Тыныштық Жап­паров, Мамай Өтемісов, Дәншәт Нұржанова, Жеткерген Өтеген­овтердің жолын одан әрі жал­ғастырған Жаңбырбай Қамыс­тыбас ауруханасының жұмы­сын одан әрі жетілдіріп, жаңа жолға қойды.
Бұл ауруханаға негізінен Қамбашпен бірге Қос­жар елді мекені және №92, 93 теміржол бекеттері қарайтын. Қатынас жолдың, көліктің, ауа-райының қолайсыздығы сияқты қиын­дықтарға қарамастан он­дағы халықтарға тұрақты дәрі­герлік қызмет көрсетіліп тұрды. 20-30-ға жуық адам жұмыс іс­тейтін аурухана ұжымы ауыл­дың мәдени-көпшілік шаралар­ынан да шет қалған емес. Ауылда айрықша аталып өтетін Наурыз, Құрбан айт сияқты ұлттық мере­келерді атап өтудегі шаралар­дың бел ортасында аурухана ұжымы да жүрді. Ауылдағы тазалық айлығы, тұрмысы тө­мен отбасыларына қайырымдылық көрсетуден де шет қалған жоқ. 2015 жылы аудандық аурухана жабылып қалғанның өзінде де Жаңбырбай іскерлік танытып, бірде-бір қызметкерін шашау шығармай, ұжымын сол күйінде ұстап қалды.
Білікті басшы, білімді дәрі­гер Жаңбырай Айтжановтың халыққа дәрігерлік қызмет көр­сетудегі жетістіктері үшін Мин­истрліктен, облыстық, аудандық денсаулық сақтау министрлері басшыларынан алған марапат­тары өз алдына бір төбе. Атап айтсақ оның ішіндегі Қазақстан Президентінің Алғыс хаты, Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет грамотасы, дәрігерлер арасындағы республикалық байқаудың «Өз кәсібінің майталманы» аталымы бойынша үздігі, облыс әкімінің Алғыс хаты, тағы басқалар бар.
Әкесін құрметтеп, анасын ардақтай білген Жаңбырбай ата-анасына қолғабыс беріп, қам­қор­лығын көрсету және де қыз­мет ету үшін медицина инсти­тутының екінші курсында оқып жүріп-ақ ерте үйленді. Үйленгені Ақтөбенің қызы емес, махаббат-сүй­іспен­шіліктері сонау мектеп қабыр­ғасынан басталған ауыл аруы, ауылдың айтулы ақса­қалдарының бірі Әбдіәлидің қызы Райкүл болатын. Оқуды бітіріп, елге оралып келем де­генше екі ұл, бір қыз сүйіп үл­герді.
Кешегі Қамбаштың көше­сіндегі ақшақұмда асыр салып ойнаған, көгілдір көлінде ақ шабақша шоршып шомылған Жаңбырбай бүгінде пайғамбар жасына келген ауылдың айтулы ақсақалдарының бірі. Студент кезіндегі балалары ержеткен. Индира қызы Жақсықылыш кентінде мұғалім. Нұрланы Ақөтөбе қаласында медици­налық орталықтың дәрігері. Нұрболы қолында, ауылдағы орман, тоғай шаруашылығында қызмет етеді. Олардан сүйіп отырған немере, шөберелері өз алдына бір төбе.
Сондықтан да жан жары Райкүл қасында, ұл-қызы аман, жан-жағын немерелері қор­ша­ған Жаңбырбай өмірдің де, ең­бектің де рахатына бір адамдай кенеле отырып, тағдырының осы бергеніне шүкіршілік етеді. Өз биігіне өз маңдай тер еңбегімен, білімімен шыққан, пейілі қана­ғатқа, көңілі елдің алғыс-құр­метіне бөленген өнегелі жан, ау­ыл ағасы атанған, жан жылуы мол Жаңбырбай Айтжановтың бұл тілегіне біз де қосыла отыр­ып, ақсақалдықтың ақ жолы адастырмай абырой асқарына, парасат биігіне одан әрі бастай берсін демекпіз.
Жұмабай ЖАҚЫП,
Арал ауданының Құрметті азаматы.
03 желтоқсан 2024 ж. 360 0