Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Аралды жырға қосқан Қасым ақын

Аралды жырға қосқан Қасым ақын

Қазақ өлеңінің қарағайға біткен қарсы бұтақтай қайсар рухты ақындарының бірегейі – Қасым Аманжолов екенін ел-жұрт жақсы біледі. Тағдыр талқысын көп көрген ақынның өмірі туралы аңызға бергісіз әңгімелер бар. Қалай десек те, өзі айтқандай «Дүниеге келер әлі талай Қасым, Олар да бұл Қасымды бір байқасын» деп өрлікпен үн қатқан Қасым ақынның бір өлеңін бүгін біз тілге тиек етпекпіз.
Қасым Аманжолов 1911 жылы Қарқаралы ауданындағы Қызыларай қыстауында дүниеге келген. Әке-шешеден жастай жетім қалған. Алғашқы өлеңдерін Семейде оқып жүріп он бес-он алты жасында жазған. 1930 жылы Алматыға келіп «Лениншіл жас» газетінде жұмыс істейді. Кейін біраз жыл Орал қаласында театрда қызмет етеді. 1939-1941 жылдары арасында ақынның шығармашылығының елеулі өрлеу дәуірі басталады. 1938 жылы «Өмір сыры» атты алғашқы өлеңдер жинағы жарық көреді. Қазақ поэзиясында өзгелерге ұқсамайтын ерекше ақын келгендігін танытады. Кейін соғыс майданында жүріп көптеген лирикалық өлеңдер жазған. 1943 жылы сұрапыл кезеңде дүниеге келген бір ерекше, өлмес туындысы – «Ақын өлімі туралы аңыз» атты поэмасы.
Ұлы Отан соғысынан кейін жаңа өлеңдер жазды. «Дауыл», «Балбөбек», «Нұрлы дүние», «Таңдамалы шығармалар» жинағы басылып шықты.
Ақын 1947 жылдан бастап сырқаттанып, ауыр халде болады. Ауру меңдеп жүрсе де өз өлеңдері, поэмаларымен бірге А.Пушкин, М.Лермонтев, А.Твардовскийлердің классикалық дүниелерінен аудармалар жасайды. Сырқаты қатты меңдеп кетіп, Қасым Аманжолов 1955 жылы мәңгілікке көз жұмды.
Қасым ақын туралы естелігінде Әбдіжәміл Нұрпейісов: «Қасым Аманжолов шағын денелі, қаншырдай қатқан шақар, тік мінез адам болатын. Бірде Одақтан шығарып тастады. 1949 жылдың басы болар. Одаққа кіріп келе жатсам қарсы ұшырасты.
– Нұрпейісов деген сен бе? Тахауи кітабыңды оқыпты. Оның пікіріне сенемін. Ал құтты болсын! – деді де, тұсымнан өтіп кетті. Бірде «Иоға» деген өлең жазғанын айтты. Бұл өлеңін еш жерден ұшырата алмай жүрмін. Бір кездескенде үйді қалай алғанын айтып берді...» деп айтады.
Қасым туралы Әбе «Өзі де, өлеңі де өжет еді» деген мақала жазып өзінің «Толғау. Раздумые» кітабына енгізген. «Қазіргі қазақ Қасымның өз тұрғыластарының арасында теңдессіз талантын тегіс таныды... Қазақ топырағында Қасым өзінен бұрынғы бірде-бір ақынға ұқсамайды... Қасымға тән қанатты қиял, шабытты сезім, алмас жүзді өткір ой, көкейдегіні тап басатын тапқырлық, құлқы түсіп құшырланып кеткенде өлең жолынан от төгіп жіберетін оқшау шабыттылық... Қасым өзіндік анық, айқын бояулы, нақыш өрнегі, көркем кестесі бар дара туған талант» деп тамсана жазып үлкен баға береді.
Әрине, Әбенің аталмыш мақаласын толық оқып шыққан адам Қасым ақынның шығармашалық ерекшелігі, дарқан дарыны туралы көбірек біле түсері анық. Ал біз мақсатымыз мақаламыздың басында айтылғандай, арқалы ақынның бір өлеңін жерлестерімізге әдейі таныта кету болып отыр.
Ақынның ол өлеңі «Аралым, айдын шалқарым» деп аталады. Өлең 1949 жылы жазылыпты. Әңгіме өзегі осы өлең болғандықтан, жиырма жолдан тұратын туындыны толық бергенді жөн көрдік.
Ал қара көк айдынында,
Аққу жүзген Аралым!
Айдыныңа, ай нұрына
Айбаттана қарадым.
Аралым, айдын шалқарым,
Толқыны бұлтқа ұмтылған.
Толқын сайын бір жайын,
Тулап ойнап бұлқынған.
Шарасында шайқатылған
Берекесі даланың; 
Ақ қайраңы айға атылған,
Көл еркесі, Аралым!
Аралым, айдын шалқарым,
Толықсып жерде құлпырған.
Жағасында жасарып,
Қыз да туған, ұл туған.
Аралым, айдын шалқарым,
Жағалай қаптап ел қонған.
Балдырған жас баласы
Тез ержетіп, ер болған.
Бес шумақтан тұратын бұл өлеңі Қасым Аманжоловтың кейінгі шыққан барлық өлеңдер жинақтарына енген, яғни, ақынның белгілі туындысы.
Жалпы, өлең кездейсоқ тумайды. Шынайы ақындар өмір суреттерін көзбен көріп, көңіліне түйіп, шабыт буған сәтінде ғана қолға қалам алып, ақ параққа жан дүниесін тебіренткен көңіл толқындарын түсіреді. Содан келіп барып, ақиық ақын біздің айдынды Аралға жолы түсіп келіп, буырқанып, ақ көбік атып жатқан асау теңізімізді көрді ме екен деген де ой келеді. Ол жылдары Жазушылар одағының қолдауымен ақын-жазушылар ел ішіне шығып оқырмандармен қауышатын жақсы дәстүр болатын. Сондай сапарлардан соң олардың әсерлі туындылары дүниеге келіп жататын. Оны өлеңнің «Айдыныңа, ай нұрына, айбаттана қарадым» деген жолдар айтып тұрған жоқ па?! Шынайылық дара дарындардың шығармаларының негізгі белгілерінің бірі ғой. Және де бес шумақтың бәрінде де «Аралым» деп емірене үн  қатқы, ұлы теңіздің жағасында тұрған, суына түскен, айдын шалқардың айрықша қасиетін, асау мінезін сезінген адамның жүрегінен шыққанын көрсетеді.
Енді бір астын сызып бөліп айтарлық жай – «Аралым, айдын шалқарым» деген керемет жолы. Әрбір аралдықтың құлағына таныс, ән болып,  әуен болып жетіп жүрген сөздер. Жағалау жұртының жүрегін күмбірлететін, көкірегіне рухты күй енгізетін тіркестің кейінірек атақты ақын Әбілхан Махановтың аузынан қайта бір түлеп шығып, Аралдың гимні дейтіндей дәрежеге көтерілгенін білеміз. Әрине, әдебиетте, сөз әлемінде мұндай құбылыстардың болып тұратынын жоққа шығармаймыз. Бір ақынның жүрегін жарып шыққан дауылпаз сөз келесі ақынның жүрегін тулатып жаңа арнада жауһар жырға айналып жатса жақсы-ақ емес пе! Сондықтан да ақын Әбілхан Махановтың 1982 жылы дүбірлі айтыс үстінде тіліне оралып, керемет жыр болып төгілген «Аралым, айдын шалқарым» бүгінде теңізді өңірдің бір дәуірдегі үні боп қалды. Қасым ақын алыстан келіп, арынды айдынды көріп, теңіздің сырлы суретін сөзбен сомдаса, Әбілхан ақын теңіз жағалауы жұртының мақтаныштарын шабыттана жырлап, жұртқа паш етеді
Қазақ поэзиясының алыптарының бірі Қасым Аманжоловтың бір өлеңін – «Аралым, айдын шалқарымды» тағы бір мәрте оқып отырып, дауылды, дабылды ақынның туындысына тебірене отырып түйген азды-көпті ой-пікіріміз – осы! Ақынның өмірбаянын ақтара қарап отырып, оның біздің айдынды өңірімізге келгені туралы деректі таба алмасақ та, шабытты сапары хақында алдағы уақыт мағлұматтар білерміз деген ойдамыз. Ондай мағлұматтардың ізі ашылып жатса, оның өзі өз алдына бір келелі әңгіме...
Ерғали АБДУЛЛА
07 желтоқсан 2024 ж. 185 0