Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Теңіздей толқыған қаламгер»

«Теңіздей толқыған қаламгер»

Өткенімізге ой жүгіртіп, болашағымызға бағдар көрсету, асыл қазынамызды жас ұрпаққа насихаттау – әрбір адамзаттың парызы. Осыған байланысты №3 кітапхананың ұйымдастыруымен жергілікті ақын жазушы Мешітбай Құттықовтың шығармашылығына арналған «Теңіздей толқыған қаламгер» атты жыр кеші өткізілді.
Кештің мақсаты – елге танымал асыл қазыналарымызды жас ұрпаққа насихаттап, жеткізу.
Шара алдымен әдебиет жанрының барлық түріне қалам тербеген ақынның шығармашылығына арналған шараның шымылдығы ақынның өмір естеліктерімен түрілді. Шарада сөз кезегі ақынның қызы Мирамкүл апай әкесінің өнегелі өмір жолына тоқталып, артында өнегелі өмірі, өлмес өлеңі, үзілген үмітін жағып, жолын жалғастырар ұрпағы қалған ақын ел есінде мәңгі сақталатынын жеткізді
Айтар болсақ, тұңғыш өлеңдері 1948 жылы баспасөз бетінде жарияланып, артынша 1978 жылы Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданған. «Құс жолы», «Ар-намыс», Мазасыз түндер», «Сонар» жыр кітаптары мен «Аяқталмаған ән» атты повестер, әңгімелер жинағы шыққан. Ол бірнеше үкіметтік медальдардың, облыстық, республикалық грамоталардың иегері. Арал ауданының құрметті азаматы, қазақ тілінің жанашыры М.Құттықов өмірінің ақырына дейін аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрағалығымен бірге, «Асыл мұра» газетін шығарып, оның редакторы қызметін қоса атқарды.
Иә, Мешітбай ақынның шығармашылығы, өмірі түгелдей дерлік Арал өңірін жырлауға арналды. Бұл салада көптеген өлеңдері, «Дерт-дастан» атты көлемді публицистикалық поэмасы жарық көрді. Арал теңізіне байланысты тарихи оқиғаларды халыққа, болашақ ұрпаққа жеткізуде ақынның еңбегі зор. М.Құттықов – ақын, жазушы, жалынды публицист, әдебиет зерттеушісі және қоғам қайраткері ретінде республикада және одан тысқары аймақта да елге танымал қаламгер. Сол ару да шалқар теңіздің ұлтанының құрғап қалғанын көрген ақын:
Жете алмай келем жағаға,
Жол салып теңіз түбімен.
Жалғыздан жалғыз шағала,
Төбемнен төмен үңілген» – деп жырлап, туған жерге деген ыстық сезімін осылай жеткізіп еді.
Шарада «Аралды сүю керек қайтқанда да» атты ақын өміржолынан сыр шертетін бейнебаян көрсетілді. Сонымен бірге кеш қонағы Р.Сатаева, Б.Әлімбетова, Ж.Дәрімбетов ағамыз ақын туралы естеліктерге тоқталды.
Жыршы термеші С.Жұбаниязов жырдан шашу шашып, №260 мектеп оқушылары А.Аралбайұлы, Д.Нұрболатұлы, Б.Қалыбек өрелі жас жеткіншектеріміз Мешітбай ақынның өлеңін жатқа оқыды Кітапханашы Б.Әбілдаева «Өлеңнің жүйрік дүлдүлі» атты кітап көрмесімен таныстырды.
К. ЗДЕНОВА
27 мамыр 2024 ж. 260 0