Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Салауатты ой мен саламатты өмірдің сардары

Салауатты ой мен саламатты өмірдің сардары

Сірә, кей азаматтарды өздері ұзақ жылдар бойы маңдай терін сылып тер төгіп, қажырлы еңбек еткен саланың барша тіршілік-тынысынан айырып алып бөлек қарай алмайсың. Олардың бүкіл ғұмыры сол саламен тонның ішкі бауындай астасып жатады.
Айдынды Арал өңірінің елге танымал, айбаты да, айбары да бар тау тұлғалы арда азаматы Жылқыбай Арынғазиев ағамыз туралы жазуды мақсат етіп, қолыма қағаз-қалам алғанда маған осындай бір ойлар орала берді. Оны өмірдің өзі көрсетіп келеді. Шынында да айдынды Арал теңізі мен айбынды қайраткер азаматтың өзі туралы ғана айтып, екінші боп тұрған теңіз туралы сөз қозғамасаң, айтар ойың олқы тартатындай. Жәкең осы уақытқа дейін қай жерде болса да «Теңізім, қайран теңізім» деп бір адамдай іздеу салып келеді. Әлі күнге дейін әр күні теңіздің қамын жеген жанайқайына толы.
Жаратылысы бөлек, әр ісі ерек Жылқыбай аға Арал теңізінің жағасындағы шағын балықшы ауылда туып-өскен екен. Көргені – көк теңіз, көксегені – сол көк теңіздің төсінде жүзу болды. Қара қайықтың ескегіне жармасып, асау толқынмен арпалысып өсті. Ағаның айбарлы мінезін көріп, теңізде туып, теңізде өскен кісілердің бүткіл болмыс-бітімі де сол аспанға ақ көбік шапшытқан телегей шалқарға ұқсап кете ме деп қаласың. Кейде моп-момақан, тып-тынық болып марғаулана жатып, аяқ астында өршелене, өрлене толқын атып шарасына сыймай кетеді. Теңіз дегенің – сол, теңіз ұлының да болмысы – сол.
«Теңізім толқып-шалқып жата берсін, әз-халқым берекесін тата берсін» деп осынау балық өндірісі саласына еңбекке араласқан ер Жәкеміз бүгін сексеннен асып тоқсанға қарай қадам жасаған шағында, ұлы теңіз баяғы арнасынан тартылып, жер бетінен жойылғанда, бүкіл балық шаруашылығының құлдырағанын, жағалаулар бойы жарыса қонған балықшы ауылдардың ата кәсібінен айырылған жұрттары алыс-жақынға үдере шұбап көшкенде ел айырылған күй кешкен қиын заманды көріп бір уақ түңілген де болар. Алайда көк теңіздің қайтып қалпына келерінен еш үміт үзбей, сол қайратты жүректегі қарымымен балықшы қауымның өз тіршілігіне, өз ата кәсібіне оралуына бар күш-жігерін салып, түрлі-түрлі деңгейдегі әлемдік, мемлекеттік ауқымдағы жиындарда, кеңестерде, басқосуларда «Аралым, менің Аралым, оңыңнан тусын талабың!» деген ниетпен батыл-батыл ойларын ортаға салып келеді. Ол өзі Аралдың бара-бара үшті-күйлі жоғалып кететініне әсте сенбейді-ау, сенбейді. Орталық Азияның жақұт жанарындай болған теңіздің жоқ болып кетуіне көнбейді-ау, көнбейді...
1960 жылы көкжиегіне көз жетпейтін, ұшқан құстың қанаты болатын ұлан-ғайыр аумақты алып жатқан Арал теңізі, барынша кемеліне келіп, балық өндірісі айтарлықтай дамып, бүкіл елге мақтаныш болып тұрған жұлдызды шақта Каспий жағасындағы қазіргі Атырау (бұрынғы Гурьев) қаласындағы балық мамандарын даярлайтын техникумды жақсыға тәмамдап, қолына білдей бір диплом алып келген Жылқыбай Арынғазиев туған жеріне қадам басқан. Сол 60-жылдардың арғы-бергі жағында Құдайберген Саржанов, Дәуқара Аймағанбетов, Зинор Абдуллаев, Сырғаш Медетбаев, Сағитжан Сермағамбетов, Өмірзақ Рахметов, Ағытай Есеновтер де балық шаруашылығына тың екпінмен келген.
Аталмыш жылдың хатталып қалған шежіре-тарихына көз салайық, көңіл аударайық...
Иә, жас маман Жылқыбай Арынғазиев балық комбинатының табалдырығын аттаған 1960 жыл! Айдынды Аралдың арнасынан тасып, тонна-тонна су маржандарын бітпес қазынасындай балықшы қауымға өлшеусіз беріп жатқан шағы. Арал мемлекеттік балық тресі енді Балық комбинаты аталып, Арал ауданы экономикасының 75 пайызын, ал Қызылорда облысы экономикасының 25 пайызын беріп тұрған кезі. Не деген алып өндіріс екенін осыған қарап-ақ білуге болады. Осы жылдары Арал балық комбинатына екі балық аулау мемлекеттік базасы, алты балық зауыты, он тоғыз балық колхозы, бір машина-мелиоративті станса қарайтын. Оларда 4500 жұмысшы-қызметкерлер еңбек етсе, оның 1800-і балық аулау бойынша жұмыс істеді. Балықшылар поселкелерінде өзге сала қызметкерлерін – денсаулық, білім, сауда, қызмет көрсету салаларын санағанда 11 мың адам еңбекке араласты. Қанатын кеңге жайған Арал балық комбинатын ғаламат ұйымдастырушы, аса тәжірибелі маман Хамит Мұсаұлы Мұсағалиев басқаратын.
Міне, осындай ұлы еңбектің қара қазаны сарқылдап қайнап жатқан балық өндірісіне 21 жасар талапты жас жігіт Жылқыбай Арынғазиев әп дегеннен білегін түрініп, бел шеше кірісіп кеткені анық. Қай қиындыққа да төзуге бар жігіттің еңбек жолы өріліп жүре берді. Ол әуелгі баспалдақтарына қадам жасап, білім мен білік, іскерлік пен жауапкершілік, ұқыптылық пен мұқияттылықтың арқасында қызмет даңғылы биіктей берді. Арал балық комбинатында инженер, Жамбыл атындағы балық колхозы басқарма төрағасының орынбасары, Қызылорда балық өсіру тоғанды шаруашылығының директоры, Арал балық өнеркәсібі өндірістік бірлестігінің бас маманы, Бірлестік бас директорының орынбасары, бас инженер, екінші мәрте бас директордың орынбасары, «Ақнұр» ЖШС директорының орынбасары, Арал аудандық ауыл шаруашылық басқармасында балық шаруашылығы жөніндегі маманы болып қырық жылдан астам уақыт бойы алғаусыз, бұлдаусыз еңбек етті. Шаруашылық саласын өте жақсы білетін ол қаншама тың бастамалардың, өндірістік-технологиялық жаңашылдықтардың бастамашысы, алғаш енгізушісі болды.
Жәкеңнің өзі қызмет істеген шаруашылықтардағы ерен еңбегін, қажымас қажыр-қайратын, мұқалмас талабын басқалар, әріптес болғандар қалам тербеп жан-жақты жаза жатар. Мен бір буын кейінгі ұрпақтың өкілі болғандықтан, өзім көріп-білген бір-жар эпизодтарды өзек етіп айтып өтейін.
Жалпы Жылқыбай ағаны балалық, бозбалалық шағымыздан көріп өстім десем де болар. Қандай-қандай үлкен қызметтер атқарып, аты шығып жүрген басшы болса да, сол замандағы басшы кісілер сияқты қарапайым тіршілік етті. Баяғы трест салған екі пәтерлік коммуналдық үйде тұрды. Ұзын ғимараттың бір жағында олар, екінші жағында менің әкемнің ағасы Зәйтөн көкем Абдуллаевтың отбасы болды. Күнделікті аяқ-табақ араласып, тату-тәтті көршілік қарым-қатынастарына ешқашан сызат түсірмеді. Екі үйдің ауласы ортақ. Ауыл төрінде көкем мен Жәкең әңгіме-сұхбат құрып отырар еді. Екі үйдің бала-шағасы осы ортақ аулада ойнайды. Көкемнің үйіне жиі-жиі келетін біз де осы ауладамыз.
Жәкеңнің үйінде қарқарадай үлкен, ірі бітімді, аппақ ақ жаулықты, келісті келбетті әже болды. Балаларға «айналайынын» айтып отыратын. Жәкеңнің өмірлік қосағы Даража апа әжем Зімарзатпен шүйіркелесіп жүреді. Қай істі болса да тындырып тастардай қайратты кісі болатын. Көкеміздің үйінде болған құдажолы-тойларда көршілік қақын мүлтіксіз атқаратын, шаруаларына ақыл қосып көмектесіп кететін. Екі отбасының үлкенді үлкен­дей, кішіні кішідей сыйластықтары жарасымды болды.
Дегенмен ауладан, әрине, Жылқыбай ағаны сирек көреміз. Сірә, қызмет бабымен сыртта көп жүретін болуы керек. Ал анда-санда көргенімізде, ол үйдің шаруасын, қора-қопсы, сарай маңында үнемі бірдеңе істеп, тынымсыз қимылдап жүретін.
Бұлар тұратын ел аузында «Трудпоселке» атанып кеткен шағын ауданның үлкен адамдарының: «Жәкең елден ерте тұрып, трико, кедасын киіп алып, ыстық-суыққа қарамай күнде таңертең жүгіруге шығады. Сосын жаттығу жасайды. Ешқашан осы дағдысынан жаңылмайды» деп таңдана да тамсана, қызыға әңгімелеп отыратын сөздерін құлағымыз шалатын. Бұл бізге ерекше көрінді. Өйткені жан-жағымызда қаншама үлкен кісілер бар, бірақ олардың жүгіретінін естіп те, біліп те, көрген де емеспіз. Содан да жүгіруді өмірінің мәнді де бұлжымас қағидатына айналдырып алған Жылқыбай ағаның спортқа құштарлығынан біраз ғибрат алып жүрдік.
«Шынықсаң шымыр боларсың» дегендей, жастайынан денсаулығын баптағандықтан да болар Жылқыбай ағаның қимыл-қозғалысы әрдайым ширақ, жүріс-тұрысы жылдам. Осы күнге дейін де ол үйінде көлігі болса да, көшеге шыққанда үнемі жаяулатып кетіп бара жатқанын көру – әбден үйреншікті құбылыс. Оның құрыштай мықтылығына, шыныққан күштілігіне байланысты бір әңгімені Нұрсұлтан Саржановтан естігеніміз бар.
Қайбір жылы қыстың көзі қырауда батыс беттегі Ақбасты ауылынан бір көлікпен Аралға 4-5 адам бірге қайтады. Содан бір тұсқа келгенде көліктерінің майы таусыла ма, әлде бұзылып қала ма, мінген машиналары айдалада кілт тоқтап қалады. Бұл бағытта бұл уақытта әрі-бері жүріп жатқан машина да жоқ. Айнала тізеден келер қалың қар. Содан олар ойласа келе бір-екеуі машина ішінде қалып, қалған екі-үшеуі алдағы бір ауылдан көмек алып келуге келіседі. Өйтпесе түн мен аязда қатып өлулері мүмкін. Ауылға қарай қарды омбылап жүріп отырады. Әуелде бәрі бірдей, қатар жүргенімен, біраз жол жүрген соң, біреулері қалыңқырай бастайды. Ондаған шақырымды мынадай қарда еңсеру оңай ма, қан сорпа болып терлеген, шаршағандардың жүргенінен тұрғаны көбейеді. Тек қана алдыда бәрінен озыңқырап ұзап кеткен Жылқыбай аға бұл кезде іштеріндегі ең жасы үлкені, жетпістің арғы жағына шыққан болатын. Сол күйі еш тоқтамаған Жәкең көздеген ауылдарына бірінші болып жетіп, көмек беретін адамдар мен көлікті алып қайтып оралып келіп, жолда қалғандарды да, бұзылған машина маңындағыларды да дін аман алып қалған екен. Бұл оқиғаны еске алып әңгімелеп отырған Нұрсұлтан Жәкеңнің қайрат-күшіне таңғалғанын қайта-қайта айтып отырды.
Өткен жылы кешқұрым тиісті дағдыммен мен де жүгіруімді аяқтап, жаңа салынған Жалаңтөс баһадүр аллеясына тыныққалы келе беріп едім, бір орындықта спорттық киім киген Жылқыбай аға отыр екен. Көрген соң жақындап барып сәлем бердім. Жанына отырдым. Сонда аман-саулық сұрасқаннан кейін Жылқыбай аға арт жағындағы стадион жақты қолымен нұсқап қойып: «Бес рет айналып келдім» деді өз жайынан хабар беріп. Шынымен де, сексеннен асып кеткен қазыналы қарттың спорттық бабына таңқалмасқа лаж қалмады. Оның жылдар бойы қалыптасқан саламатты өмір салты кейінгілерге, жастарға нағыз үлгі-өнеге болатындай-ақ.
Арал балық шаруашылығын еселеп дамытуға елеулі үлес қосқан қайраткер азамат, туған жердің тарланбозы, салауатты ой мен саламатты өмірдің сардарындай болып жүрген Жылқыбай Арынғазиев ағамыз осындай текті де туымды жан.
Ерғали Абдулла
21 қаңтар 2025 ж. 80 0