Саржановтың Арал қаязына сыйлаған екінші ғұмыры
Айдынды Арал – берекелі де қуатты суқазаны. Жағалауы қайсар да еңбекқор балықшылар мекені. Ал көк теңіздің тарландары тіршілік қамымен су маржандарын сүзіп келеді. Иә, теңіз емген халықтың қай кезде де маңдайы жарық болды. Теңіз – ел байлығы.
Бұл теңізде балықтың жеті атасы бар. Сонау кезде жағалауда тұрған адамды құйрығымен соғып құлататын жалпақ басты жайыннан бастап, алақанға сыйып кетер кішкентай тортаға дейін қонақжай аралдықтардың дастарқанынан ешқашан үзілмейтін.
«Балық – пейіштің асы» деп қадірлейді айдын жағасындағы жұртымыз. Сондықтан да ақбалық пен сазанның, мөңке мен тістінің дәмін татып білген қай адам да бұл өңірге аңсары ауып, мойын бұрғысы келіп тұратын. Ал Аралдың майы тамып тұрған қасиетті қаязы көк теңіздің киесіне бағаланған. Оның дәмін бір татқандар үстел үстіне қатар қойылған жылқының қазысы мен теңіздің қаязы болса, әуелі нәрлі де татымды қаязға қолды созған деседі.
Арал өңірінің балық шаруашылығының қайта дамуына бүгінгі күні Қазақстан Республикасының «Қызыл кітабына» енген, дүние жүзінде тек Арал теңізінде өсетін, өте құнды қаяз балығының тұқымын сақтап, аналық ұрпағын өсіріп, бүгінде толқыны қайта толқи бастаған Кіші Аралға жіберіп, 2005 жылдан бастап «Шарткен-Ата» қоғамдық бірлестігін құрып, бағалы балық тұқымын қайта қалпына келтіру бағытында үлкен еңбек етіп, ата кәсібінен қол үзбей, өмірін туған жерін түлетуге арнаған қайраткер бар. Ол – Қазақстан Республикасының өндірісіне еңбегі сіңген қайраткері, еліміздің бұрынғы балық шаруашылығы министрі Құдайберген Саржанов. Оның бұл саладағы еңбегі ұшан-теңіз. Өйткені балық түрін қайта көбейту, оны қайта өндірістік аулау дәрежесіне көтеру – аса маңызды бастама.
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының екі мәрте лауреаты Шәкізат Дәрмағамбетұлы Құдайберген Саржанұлынан:
– Абыроймен қызмет етіп, беделің артып, зейнетке шығып 65 жастан асқанда қиындығы жетіп артылатын, бейнеті көп, тың жаңа іске белсене кірісуіңе не себеп болды, дегенде:
– Тыным таппай жұмыс істеп, күн сайын алдыма мақсат қойып, соны орындауға ұмтылып жүрген адамға үйде отырып қалу қиын екен. Зейнетке шықсам, Арал төңірегіне барып, көкейімде көптен жүрген шаруамен шұғылданамын деп ойға алдым. Кіші Арал теңізі қайта толып, суы шалқи бастаған кезінен осы балықтың тұқымын іздеп тауып, Аманөткел балық өсіру шаруашылығында аталық-аналық ұрпағын өсіріп, Кіші Арал теңізіне жіберу арқылы көптеп өсіруді алдыма мақсат еттім. Кіші Арал теңізіне балық қорларын молайту мақсатында «Шарткен-Ата» қоғамдық бірлестігін құрып, қаяз балығын өсіруді қолға алдым, – деген екен.
«Оны өзімнің ата жұртымдағы Арал балықшылары әруағы алдындағы борышым, сонымен бірге қаяз балығы елге мақтаныш болған, оны өсіру теңізіміздегі осы бір бағалы балықтың алдындағы парызым санадым» деген қайраткер өткен жылдарды былай деп еске алады: «Сонау 1955-1960 жылдары ұлы теңіздің басын толқын жатқан шағында басқа балықтармен бірге қаяз балығын да молынан аулағанбыз. Қаяз жазда теңізден дарияға көтеріліп кіріп, жоғары өрлейді де, күзде басын ағысқа беріп, теңізге қайтатын. Ыққа қарай жүзсе, сағалына дарияның лай суы бітеліп, жүзе алмай қалатын. Алғаш ұстағаным үлкен 19 келілік қара қаяз болатын. Өте семіз ішінің екі қаптал жағынан 2 келі тап-таза май түсетін. Басқа балықтың центнері 100-120 сом болса, сол уақытта қаяз бағасы 250 сом болған, қымбат бағаланатын. Айтатыны жоқ, бұл ерекше балықтың жас еті де, кептірілген еті де қолға түсе бермес құнды тағам. 1930 жылдардан 70-жылдардың орта шеніне дейін Арал аймағының мақтанышы, өңіріміздің бет пердесі де, маркасы да қаяз балық болған».
Иә, тартылған теңізбен бірге тұқымы да жойылып кеткен осынау балықтың, міне, екінші «ғұмыры» басталды десек те болар. Сағым болған қадірлі қаяз Аралға қайтып оралып жатса, жалпақ әлемге танымал алтын балықтың өзі қолға түскенмен пара-пар болушы еді...
Т. Аблезова,
«Балықшылар» музейінің ғылыми қызметкері