Алуан-алуан балық бар

Шынымен де балықтың тіршілігі, қасиеті, басқа да жайлары туралы әңгіме біздің де жадымыздағы көп жайлардың көпшілікке айтылуына себеп болды. Бүгін міне қолға әдейі қалам алдырып отыр.
Балықтың қылығы мен мінезі туралы халық аузында сипатталатын мынандай сөз бар.
Сазан «тайдай тулап жұлқынамын» дейді,
Шоқыр «барымды салып бұлқынамын» дейді.
Тыран «қалай, қайтіп құтыламын» дейді,
Қаракөз «өне бойы ұтыламын» дейді.
Шабақ шоршып «өлдім» дейді,
Қызылқанат «не болса да көндім» дейді.
Бекіре «қайық аударар күшім бар» дейді,
Шортан «байқа, арадай өткір тісім бар» дейді.
Жайын «әлім жеткенді жұтамын» дейді,
Майшабақ «тереңге тартып зытамын» дейді.
Қаяз «адамдар мені семіз, мұртты» дейді,
Ақбалық «қаяздан да семіз болғаным,
Тұқымымды әбден құртты» дейді.
Бұл енді балықты бес саусағындай білетін балықшы елдің дөп басып айтқан сөздері. Осыны тыңдап өскен балықшы ауылдың баласы балық кәсіпшілігінің әліппесін оқығандай болады. Таным-түсінігі қалыптасуына септігін тигізеді. Алғаш балыққа шыққанда:
Ақбалық-ау, ақбалық,
Қармағымды қап, балық,–деп қармақ құралын суға салады.
Біздің өңірде «Сазан пейіш көрген балық, сондықтан оның басын көп мүжісең, пейішке барасың» деген ұғым бар. Жалпы, балықты – пейіштің асы деп, балықшылар сүйсініп отырады. Оның мынадай аңызы бар.
Адам ата мен Хауа ана пейіштен қуылып жерге түскенде адасып қалып, ұзақ уақыт бір-бірін аңсап, бейнетпен тірлік кешкен деседі. Екеуі бір-бірін ғаламат сағынады. Бұны жайын балық сезіп, екі мұңлықтың кездесуін тілеп, күтіп тілекші боп жүреді-міс. Осылайша балықты кие тұтып, оның да обал-сауабын айтып отырған.
Балықшылар әдейі шақырылған қонаққа балық аспайды. Басқа тағаммен аттандырады күйі келгенше. Өйткені мал тұяғымен жүрген қазақ халқының біраз бөлігі балық жеп үйренбегендіктен, тікен кетіп қақалуы мүмкін. Обалына қалармын деп ырымдайды.
Тағы бір кең тараған мақал бар, «Балықтың батасы жоқ, иттің атасы жоқ» деген. Халқымыздың дәстүрінде атақты, белгілі адамдарды шаңырағына шақырып, балаларына, ұрпақтарына дуалы ауыздың ақ тілегін алып беретін болған. Оған тек әдейілеп төрт түліктің бірі сойылып, табақ тартылады, сый көрсетіледі. Ал қанша үлкен балық болса да, ондай жағдайда балық асы құрметті адамның алдына қойылмаған. Яғни балыққа бата жүрмейді деп сайған. Бірақ бата мен ас қайыруды айыра алмаған кейбіреулер бүгінде «Балыққа ас қайырылмайды» деп, дастарқаннан тұрып кететін боп жүргенін көрдік. Бұл білместік, дастарқаннан кішкентай нан ауыз тигізілсе де, ас қайырылады емес пе?! Осы жағын жұртшылық саралай білсе деп ойлаймыз.
Балықтың батасы жоқ болғандықтан да халқымыз «Қойдың басы кәріге, балықтың басы бәріне» деп, жас-кәріге қарамай жей берген.
Иә, кешегі ұлы айдын Арал теңізі кемеріне келіп, асып-тасып жатқан шағында мұнда балықтың алуан түрі болды. Қазірде де көне көздер «Аралдың балығы – ең дәмді балық» деп тамсана айтып жатады. Оларға бір күнде үш мезгіл балық тамағын берсең де, тәбеті қайтпай жеуге бар. Кішкентай кезімізде есімізде, Аралдың үлкен кісілері балық жегенде қызық көріп қарап отыратынбыз.
Сағымбек деген көрші әкеміз асылған сазан кеспелерін ортасынан бір бөліп, аузына бірінен соң бірін салып жіберіп жей беретін. Балықтың тікендері әлгі кісінің езуіне өзінен-өзі шығып жиналып қалады. Сол жиналған тікен-қылқандарды анда-санда қылымен алып тастап отырады. Осыған таңғала қарап отыратынбыз. Ондай ортада біреу тікен кетіп қадала қалса, «Ой,балық жеп көрмеген неме» деп жақтырмай қалатын.
Балықтың түрі дегенде біздің теңізде қызыл балық тобына жататын бекіре, шортан болды. Өзіміз ұзындығы үш метрдей болатын бекірені қыстыгүні бірнеше жігіт көтеріп келгенін көрдік. Сөйтіп оны өткір балтамен шауып отырып кеспелеген-тін. Ал қаяз балықтың майы сорғалап сыртына ағып тұрғанын көрдік. Етінің ерекше екенін сынап білуге болады, тісті, шортан балықтардың кеспелері қараңғы сарайда жарық бөліп жарқырап тұратын.
Жалпы, балықшы қауым аумалы-төкпелі теңіз, көл, дария үстінде жүріп, екінің бірінде ажалмен бетпе-бет келіп қалатындықтан, өмірге деген көзқарастарының, артық-ауыс сөзге, көпірме көп сөйлеуге жоқ болатынын білеміз. Дегенмен өз кәсібіне, балыққа байланысты ойларын, түйгендерін мақал-мәтел етіп аз сөзбен білдіріп тастап отырған. Оған куә балықшылардың «Жайынның жаңсасын жеген жатпас», «Шортанның басы–шоркемік», "Торта, шабақ – аш-аламанда тамақ", "Шортанның өзі өлсе де, иісі қалады", «Балық жеген тоқ болар, әл-дәрмені жоқ болар»,"Балықта сүт жоқ, баласын теңіз асырайды", "Теңіз балығы тегін", «Тісті, бір қайнаса пісті», «Балық өңешінен өткенді жейді», «Бекіренің басы тасқа тимей қайтпайды», «Көл азса, сазаны кетіп, табаны қалады, Ел азса, жақсысы кетіп жаманы қалады», «Балықшының байлығы – етек-жеңі кепкенше» сияқты өмірден, теңізден, су маржаны балықтың тіршілігінен пайымдаған ойларын әспеттеп жеткізіп тұр емес пе?!
Сондай-ақ балықшылар «Балықтың патшасы – бекіре», «Балықтың алтыны – қаяз», «Балықтың шырайлысы – сары сазан» деп әрқайсысына баға беріп, асқақтатып отырса, кейбір нашарларын еті дәмсіз, нәрсіздерін "асы болса қайттым" деп қойып, жыланбалық, қылыш балық, қызылқанат сияқты балықтарды менсінбеген. Шынымен де, мысалы жыланбалықтың тірлігіне қатысты жайды тыңдасаң, түршігіп те кетесің.
Белгілі ұстаз, қаламгер Бимұрат Үсеновтің бір әңгімесі есімде қалыпты. Жыланбалық бір қолтыққа барып уылдырығын шашады. Содан аналығы сол уылдырықты қорып, бауырына алып қозғалмастан жатады екен. Бір күндері уылдырық бірте-бірте балыққа айнала бастайды. Аналығы сол бауырын төсеген күйі тұра береді. Ал ана шүпірлеп өскен кішкентай құрт шабақтары анасының бауырын тістеп жей бастайды. Анасы сонда да кетпейді. Ақыры оны жеп әбден тауысқан шабақтар сонан кейін барып, судағы өзінше тірлігін бастайды екен.

Балығы – Аралдың байлығы. Кешегі ұлы теңіздің, бүгінгі Кіші теңіздің суында алуан-алуан балық жүзіп, жағалау жұртының өмірлік нәріне айналған. Теңіз жағасындағы балықшы ауылда туған ақын Ержеңіс Әбді:
Сазан түгіл тортасы да әдемі,
Қазандағы сорпасы да әдемі...–деп, балықтың ерекшелігін көрсе, тағы да:
Бар кезінде қаяз, мөңке, жайыным,
Баймын, тоқпын, жоқ ешқандай уайымым, –деп берекелі бірлікке сүйсініс білдіреді. Пейіштің асы, киелі балық туралы бүгін қаламымызға оралған мағлұматтыр міне осындай.
Ерғали АБДУЛЛА,
журналист