Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Бір қолымен пеш салып, пішен орған...

Бір қолымен пеш салып, пішен орған...

Біздің бес-алты жасар кезіміз ғой деймін. Әсіресе, бала күнгі көзіміз көрген, құлағымыз шалған суреттер мен әңгімелер әлі күнгідей есімізде елестеп тұрады.
...Айша апайдың төрінде бір қолы шынтағынан жоқ, шоқша сақалды, жас шамасы елуді еңсерген кісі әлдебір ескі жыр-дастанды жүйе-жүйесімен жүделетіп төгіп отыр. Табалдырықтан төрге дейін иін тірескен үлкен-кіші әлгі кісінің айтқанын қалт жібермей ауызын ашып, құлағын тосып отырғандары тіпті қызық. Шамасы, әлдебір батырлық, әлдебір ғашықтық туралы эфсана тыңдап отырса керек көлдей етіп жайылған дастарханды жағалай жайғасқандар. Әйтеуір, сонда маған солай көрінген шығар.
Әңгіме айтушының аузынан шыққан әрбір сөзі әсерлі шыққан болуы керек. Тыңдарманның бірі көңілі толқып көзінен аққан жас тамшысы алақанының сыртымен сүйкесе, енді бірі «Ой, ой» деп басын шайқап, «Пай-пай» деп әлгі ескі жырға елтіп еріксіз еріп кетіп отырды.
...Ту құйрығы бір тұтам,
Тұлпар міндім, өкінбен.
Туған айдай нұрланып,
Дулыға кидім, өкінбен.
Зерлі орындық үстінде,
Ақ шымылдық ішінде,
Тұлымшағын төгілтіп,
Ару сүйдім, өкінбен.
Бүгін сонда өкінбен,
Өкінбестей болғанмын.
Ер Мамайдың алдында,
Жаһид кештім, өкінбен...
Ол кездері бес-алты жастағы мен бұл жырдың иесі жауынгер жырау Досмамбет екенін қайдан білейін.
...Әжем ана кісі осы жырды айтып демін ала бергенде мені ертіп төрге қарай ентеледі, Әңгімеші кісіге мені көрсетіп бірдеңелерді айтты. Жаңағы жүзі нұр шашқан  шоқша сақалдыкісі мені бауырына тартып, күн иісі аңқыған тақыр басымнан емірене иіскеді.Көзі күлімсіреп бірдеңе деді. Бірақ ол бірінші рет көрген адамын жатырқап тұрған менің миыма кіріп те шыққан жоқ еді.
Сөйтсем бұл кісі соғыста хабар-ошарсыз кеткен менің атамның әрі құрдасы, әрі аталас туысы Қаракеней  Ермағамбетов атамыз екен.
Ержете келе, Қаракеней атам жатқа айтқан жырдыңәйглі «Қарасай-Қази»  дастанының үзіндісі екенін түсіндім.
Бұл менің жадымнан  әлі күнге дейін шықпай жүр. Көңілі жүйрік қызықты қисса-дастандарға атамыз жас шағынан құмар екен. О кісінің туған атасы Жанабай деген кісі жанынан өлең суырып шығаратын ақынжанды адам болыпты дегенді бала күнімде құйма құлақ қарттардан құлағым шалған. Ал, Қаракеней атамыздың Қызылорда қаласында тұратын немере туысының баласы Қуандық Тілеулесов ағамыз Жанабай бабамызыдң бір-жар жыр шумақтарын жатқа айтып отырғанын құлағымыз шалған болатын. Сонан есімдеқалғандары Санай  деген інісіне айтқан еді:
«Баласы Байқоңырдың сары Сонай,
Балығың былтырғыдан биыл қалай.
Асымдық балық бермей бүгін тағы,
Тұсымнан өтіп кеттің жанай-жанай...»
Бір шумақ бұл өлеңнің артық-кемі болса, бабаныңмұра сөзін жадында мұқият сақтап жүрген Қуандық ағамыз кешірсін.
Ежелгі халық қазынасын ел-жұртқа ерінбей-жалықпай жеткізіп жүрген Қаракеней Ермағамбетов 1907 жылы Арал ауданы, бұрынғы Бөген ауылдық кеңесіндегі Көнебөген елді мекенінде дүниеге келіпті.Ескіше де, жаңаша да сауатты атамыздың өзінен кіші інілері Қаражан молда, Қалила ұстаз деген бауырлары болған.
Бір қызығы, Қаракеней Ермағамбетовтың 1940жылғы суреті «Арал әлемі» газетінің редакторы Ерғали Абдулланың қолынан табылды. Ерғалидың айтуынша бұл суретті Ұлы Отан соғысы басталардан бір жыл бұрын,1940 жылы әлдебір мәскеулік фототілші Арал ауданына іссапарға келеді. Сонан теңіз қолтығындағы Қаратүп колхозында болып, теңіз тарландарының жампоз бейнелерін, тынымсыз тіршіліктерін фотоаппарат нысанасына іліктіреді. Сөйтіп, сол 1940 жылы бүкілодақтық беделді бір журналда бұл сурет жарияланған көрінеді. Әлгі фотосурет «Арал әлемі»газетінің 2024 жылғы 15 қаршадағы №21 санындаараға сексен  төрт жыл салып екінші мәрте жарияланған болатын. Енді соған назар аударайық.
Аталмыш суретте (солдан оңға қарай) С.Сапаров (бригадир), А.Бижанов (звено жетекшісі), К.Ермағамбетов (балықшы), С.Омаров (балықшы) бейнеленген бригадир С.Сапарвтың Ысқақ Сапаров екенін, соғыста қаза тапқанын, оның жолын тосқан жары Палау әже де, жалғыз ұлы, №20 Бөген мектебінде ұстаз болған Сейділда да әлдеқашан қайтыс болған. ? балықшы К.Ермағамбетовтың Қаракеней Ермағамбетов екенін ұпақтарынан сұрастырып жүріпдеректерін білдік.Ал, қалған екеуі әзірше белгісіз.
Енді басты кейіпкеріміз Қаракеней Ермағамбетовтың жөн-жосығына келейік. Оның бұл суретке әскери  гимнастеркаментүсуіне қарағанда, ? 1930-1940жылғы финдер соғысына қатысқан болуы мүмкін деген ой түйдік. Әйтпесе, қарапайым балықшының үстіне әскери гимнастерка қайдан тап болады.
Жоғарыда айтқанымыздай, кеңес одағы мен Финляндия арасындағы 1939 ? жылы басталып,1940 жылы аяқталған  қарулы қақтығысқа Қаракеней Ермағамбетовтың де қатысуы мүмкін ғой. Себебі, 1940 жылғы әлгі фотосуреттегі әскери гимнастеркесін көргенде осындай ойтуған. Қазір ол кездегі жағдайды білетін қатар-құрбыларының,замандастарының бәрі келместің кемесіне мініп кеткелі қашан.
1942 жылы Сталинград майданына Арал аудандық әскери комиссариатына тікелей аттанғанда Қаракеней атамыз тура отыз бес жаста болатын. Ауылдан барғандар үшін Сталинград қаласының түбінде болыпжатқан шайқас нағыз тажалдың өзі еді. Жан алып жан беріскен жойқын ұрыс ежелгі Волга өзені бойындағы тас қаланың әрбір көшесінде, әрбір бұрышында өтіп жатқан. Керек десең кез келген үйдің әр қабатында, кіре берісінде өлім мен өмір үшін қанды шайқас болған көрінеді.
Иә, қызыл әскер Қаракеней Ермағамбетов барғанда Сталинград қаласын алу үшін неміс фашистері бар күшін жұмсап жанталасып жатқан еді. Соған орай кеңестік бас командования осы қаланың Солтүстік-батыс және оңтүстік жағында ірі әскер топтарын жинақтап қарсы шабуылға шыққан. Орасан зор шабуыл мақсаты, дұшпанның бүкіл әскерлер тобын қоршауға алып, жойып жіберу болатын. Құрамында Қаракеней атамыз бар жаяу әскерлер тобы жау бомбасы мен снарядтарынан титықтаған алып қаланың ішінде қолма қол шайқасқа шыққан. Жүректерінде басқыншыларға деген өрттей өшпенділік пен ыза-кек қайнаған кеңес әскерлері бірте-бірте жау әскерін қаладан тысқыра бастаған.
Осы сәтте жаяу әскерлердің төбесінен бұршақтай жауған снарядтың жарқыншағы алға қарай жүгіріп бара жатқан қатардағы жауынгер Қаракеней Ермағамбетовты мұрттай ұшырып түсіреді. Жалма жан арттарында келе жатқан жауынгерлер естен танып шала жансар жатқан атамызды әскери санитарларға тапсырады. Сол жерден дереу Қ. Ермағамбетовты Пенза қаласындағы әскери госпитальға әкетеді. Есін жинағанда снаряд жарқыншағы сол қолын төмен тұстан жұлып кеткенін бір-ақ біледі. Сол госпитальда ұзақ емделген жаралы жауынгердің елге қайтуына тура келеді.
Келсе төрт жылғы соғыстан шаршап-шалдыққан ауылда кемпір-шалдар мен қыз-келіншектер, кәмелетке жетпеген жасөспірімдер. Жеңіс үшін таң азаннан ымырт қараңғысына дейін белдері бүгіліп тер төгіп жүр екен. Бұрыннан Қаратүп колхозының мүшесі болған ол бұл еңбекке бел шешпей бірден кірісіп кеткен. Бірақ, көп ұзамай жалғыз қолмен колхоздың махнатты жұмысына атамыз жегілген. Кешегі ержүрек жауынгердің еңбек жолы осы жерден аяқталып, отбасы, күнкөріс қамына кірісті.
Осылайша Қызылжар деген жерге қоныс аударған атамыз Бөген, Қарашалаң елді мекендері тұрғындарының жеке малдарын бағуға кірісті. Көктем шыға Жаңабай баба әулетінің кіші баласы Кенжебай, Ермағамбет баласы Қаракеней аталарымыз Тоқмағамбетқызы Қалампыр апамыз болып қарамағындағы жекелердің аманат малдарын айдан көш басын Қамбаш көлінің «Шулыған», «Қарабас» тұстарына бұратын. Сол жерлерде алты ай жазмал бағып, шөп басына алғашқы шық түскенде шамалы уақыт «Құмар» төбенің етегіне жалын қос тігіп аз-маз аялдайтын. Бұл хабар құлағымызға тиген бойда әжем. Көрші үйдегі туысқанымыз Тұрсынбай және мен екі шақырым жерге келіп қонған оларға ентелей жететінбіз. Жолда келе жатқанда әжем «Үлкен шаңырақ иелері ғой» деп сырттай тілеулестігін сездіретін.
Сонан олар көп ұзамай Бөген асып, аржағындағы Қызылжарға құлайтын. Бұл жөнінде Ұлы жеңісті жақындату жолындағы жанқиярлық ұрыста жалғыз қолын жат топыраққа қөміп келген майдангердің ортаншы ұлы Жүсіпбек ініміз былай дейді:
– Әкеміз соғыстың алдында Қымбат деген бірінші апамызға үйленіп, одан Кіташ, Зерқия деген екі қыз бен Досан деген ағамызды көреді. Қазір олардың бәрі жер қойнында. Содан кейін екінші рет Сырлыбай деген кісінің Алуа деген қызымен бас қосады. Бұл апамыздан Күләш деген апамыз, Рысжан, Рыскүл деген қарындастарымыз, Тұрсынбек деген менен үлкен ағам бар. Олар Арал қаласында тұрады. Мен және Жанайбек деген інім екеуміз осы Қарашалаңда, ата жұртта өмір сүріп жатырмыз.
Жеңімпаз жауынгер бес уақыт намазын қаза жібермейтін. Оның үстіне көріпкел, қазақы емшілігі бар, аса діндар адам болған көрінеді. Жадының мықтылығы соншалық, әңгімеміздің басында айтқандай, халық қазынасы іспетті, ескі қисса-дастандарды кешкі іңірден, атар таңға дейін жатқа айтады екен. Әсіресе, «Қарасай-Қази», «Рүстем-Дастан» қиссаларын жиналған көптің сұрауымен жатқа айтқанда жалықпайтын болыпты. Арнай мешіттен дәріс алмаса да, есте сақтау қабілетінің ерекшелігінен көпшілік бас қосқан ортада шежіре, пайғамбар туралы ескілікті әңгімелерді әсерлі етіп, майын тамызып айтады екен.
Қазақы құнтсыздығымыздан майдангер Қаракеней атамыздың жауынгерлік бір-жар ордені жоғалса да Жеңістің 10, 20, 30, 40 жылдығы медальдары балаларының қолында сақтаулы көрінеді.
Бейбіт күндері бір  қолымен пішен орып, пеш салған жеңімпаз жауынгердің ерлігі ұрпақтар жадында ылғи да сақтала беретін болады.
Т. НҰРЖАН-БАЛТА
19 сәуір 2025 ж. 38 0