Ауыл клубының шамшырағы

Осы ауылдың бүгінгі күнін арайландырып жүрген арда азаматтардың бірі де бірегейі - елді мекендегі мәдениет пен өнер ошағы - Ақбай ауылдық клубы мемлекеттік мекемесінің басшысы Нартай Маханов болатын.
Ауылдағы бүкіл қоғамдық мәні бар мәдени-рухани шаралардың барлығы оның қатысуынсыз өтпейді. Өйткені ойлы да мақсаткер жігіт ағасы көрген -білгені , алған арнайы білімінің арқасында ауыл жұртына жол көрсетер, бағыт-бағдар берер деңгейде екенін өнерсүйер қауым да, өзге жұрт та - бәрі де жақсы біледі.
"Туған жерге туыңды тік" деген біздің халықтың даналығында осындай бір өте жақсы сөз бар. Осы сөз Нартай Сержанұлына арналып айтылғандай. Оның өмірлік соқпақ жолы ешқашан туған ауылынан алыстап кетпепті. Ауылдың сан-салалы тірлік-тынысы, күнделікті қарапайым да қарабайыр өмірі Нартайдың өмірбаянымен астасып жатыр.
Нартай Сержанұлы 1964 жылы ресмилеп айтсақ, Сайғонды ауылдық кеңесіне қарасты Ақбай ауылында дүнеге келіпті. 1971 жылы ауылдағы №63 сегізжылдық мектебінің табалдырығын аттап, 1979 жылы орталау білім алып шықса, ары қарай №21 Қамыстыбас мектебінде 9-10 - сыныптарды тәмамдап кәмелеттік аттестат алады. Өнерге құштар елгезек бала мектеп қабырғасында жүріп ән мен жырға, халықтық әуен-сазға ынталы боп өсті. Ауыл мектебінің кішкентай сахнасына да домбырасын қолына алып ең алғаш көрермендер алдына шығып қошеметке ие бола бастаған. Орта мектеп бітірген соң, арманшыл да өнерпаз Нартай әуелгі баста түрлі салаларда еңбек етсе де, өнерге деген іңкәрлығы жылдан жылға үдемдесе, бір пәс те төмендеген жоқ.
1982-1984 жылдары әскер қатарында болып азаматтық борышын өтеп келген соң, алғашқы мамандығын алу үшін Арал қаласындағы №16 кәсіптік-техникалық училищеге оқу түсіп, жүргізушілік дипломын алды. Оқуға талабы бар жігіт одан соң, 1985- 1988 жылдары Қызылорда қаласындағы политехникумнан техник- электрик мамандығын игеріп шықты. Жас маман туған жерге оралып, "Приарал" кеңшарының №4 фермасында жұмысшы, электрик, "Агропром энерго" мекемесінде электрик қызметтерін алғаусыз атқарды. Ол жылдары қай-қай мекемеде де көркемөнерпаздар үйірмелері болады, Нартай сол үйірмелердің белсенді мүшесі, ұйымдастырушысы ретінде өзін көрсете білді.
Өнердің құдырттілігі сол, бойдағы дарын ерте демей, кеш демей бүр жарып шығатыны шындық. Қолынан қара домбырасы түспейтін Нартай Маханов 1992 жылдың қараша айында Арал аудандық мәдениет бөліміне қарасты Ақбай ауылдық клубының меңгерушісі қызметіне тағайындалды. Клуб қызметкерлері ауыл мәдениетінің шамшырағы ғой. Ел-халық даналықпен айтқандай "Ауылына қарап азаматын таны" дегендей, Нартай бүгінде осы елді мекеннің ерекше имиджін қалыптастаруға, беделін арттыруға бел шеше кірісті.
Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдар еді. Азат елдің арманшыл ұрпағын қалаптастыруға өз үлесін қосуға барынша ат салысты. Мәдениет ошағында өтетін іс- шараларды түрлендіре бастады. Жаңаша көзқараспен жаңалық енгізуге, оны жастардың бойына сіңіруге ауқымды жұмыс істеді. Әрине, ол үшін арнайы білім керектігін жан-тәнімен сезініп, 2005-2007 жылдары Қызылорда қаласындағы М. Маметова атындағы гуманнитарлық колледжінде оқып, "Мәдениет қызметін ұйымдастрыушы" мамандығы оқып, осы саланың білімін алды.
Білімді де тәжірбиелі маман Нартай Сержанұлы ауыл клубын- ауылдық округ мәдениетінің нағыз отауына айналдыру үшін "Шуақ" әжелер тобын, "Дидар" мәдени-үгіт бригасын құрды және оларға өзі жетекшілік етті. Ән мен саздың, әуенді-көріністі қойылымның шырағын жаққан қос ұжым аудандық байқауларда бірнеше мәрте жүлдерлер қатарынан көрінді. Мәдениет маманы ретінде ауқымды жұмыстары басшылықтар тарапынан ескерілмей калмайды. 2020 жылы "Дарын" шығармашылық орталығының "Үздік тәлімгер" аталымын иеленсе, 2024 жылы "Еңбек даңқы" медалін төсіне тақты. Сондай-ақ Қызылорда облыстық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің, Арал ауданы әкімнің, аудандық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің, осы саланың кәсіподағының Алғыс хаттарын бірнеше мәрте алу мәртебесіне ие болды.
Оның жарғақ құлағы жастыққа тимей ауыл клубымен етене араласып кеткені сондай алыс-жақындағылар Ақбай ауылдық клубын "Нартайдың клубы" деп ерекше мақтанышпен айтады. Шынымен де, ауыл балаларының нешеме буынын қасиетті қара домбыраға баулыған, жыр-терме айтуға үйреткен, сырлы баянымен әсем әуендерді әуелеткен Нартай қандай мақтауға да әбден лайық.
Атпал азамат, өз ауылының шынайы жанашыры Нартай Сержанұлы ауылдың барша тірлігінің бел ортасында жүр. 2019 жылдан бері Ақирек ауылдың округы жанынан құрылған Қоғамдық кеңестің төрағалығына сайланып, елді мекен тұрғындарының барша тірлік- тынысына араласып келеді.
Жаңа уақыт талабынан қалмауға бел буған ол 1997 жылы "Жанарыс" отбасылық шаруа қожалығын құрып, ел дәулетін тасытуға да үлес қосып келеді. Арманы асқақ Нартай еңбектен қол үзбей жүріп, 1994-1999 жылдары Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін "Зооинженер" мамандығы бойынша бітіріп алған.
Үлгілі азамат Нартай Маханов жақсы отбасы иесі, 2 бала тәрбиелеп өсіріп, бүгінде немересін аялаған ата. Талапты да талантты ұлы қазір ауданның салтанатты үлкен шараларын жүргізуші болып иеленді. Дикторлық диапазондағы даусы әрбір аралдыққа таныс. Барлық салтанатты шаралардың жүргізушісі.
Ұлы жолдың бойына орын теккен Ақбай ауылының ақ жүректі, адал ниеті, "Ауылым-ата мекенім" деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген қарапайым азаматы Нартай Маханов осындай мәртебесі биік жан!
Ерғали АБДУЛЛА