Ауылға су келгенде
Балалар сүйіншілеп шапқылады.
Бойына қан жүгіріп Ақбастының,
Бұрқырап құбырдан су атқылады.
Қыс болса, кәрі-жасың қар тасыған,
Ала қап түспеуші еді арқасынан.
Жаз болса Жанұзақты күтуші едік,
Жалықпай Үкілісайдың қырқасынан.
Теміржан, Үбайдулла, Жарасхандар,
Ащықұдық суымен қарасқандар.
Тал түсте Шәкидан да жетуші еді,
«Талдыбике суы, – деп, – таласпаңдар».
Жүруші ек кәтлаванда күнге күйіп,
Тұрушы ед Зеріп апам суды құйып.
Су тасып иінағашпен, пляг теуіп,
Қайтушы ек үйге қарай күшті жиып.
Бурабай, Қырыққұдық тағы да бар,
Бөгет пен Көшербайдың қағына бар.
Су сұрап тасаттыққа сиыр сойып,
Құдайға айтушы едің шағына зар.
Бұл бір жай сынақ болып елдігіңе,
Налушы ең ауыз судан кемдігіңе.
Ауылға Сарбұлақтың суы келіп,
Сол күндер ұмыт болып енді міне!
Құдай деп қуанышқа кенелдіңдер,
"Су келді, сүйінші" деп жөнелдіңдер.
Арланып қонақ келсе жүруші едің,
Ал бүгін адамзатқа теңелдіңдер!
Су келді сағындырып ту алыстан,
Жас келді жанарларға қуаныштан.
Шынымен Ақбастыға су тартқызып,
Кім екен топты жарған бұл арыстан?
Мың алғыс Сәуелхандай қарияға,
Ұқсаған арнасы мол дарияға.
Су бер деп үкіметке дабыл қағып,
Сөздерін салған талай жарияға.
Бұл сұрақ толғандырған бұрын көпті,
Талайдың жазған хаты қырын кетті.
Сәукеңдей ағамызға құлақ қойған
Сірә да ұмытпас ел Қырымбекті.
Болса да мәселенің дүдамалы,
Ағаның айтқан сөзін құп алады.
Қырекең болмаса егер мол ақшаны,
Қымтаулы қазынадан кім алады?
Ардагер азамат ол арамызда,
Мың алғыс Қырымбектей ағамызға!
Жетпіс жас мерейтойы құтты болып,
Жеткізді су бұлағын сабаңызға.
Еңбегі сіңген ағам Имамадин,
Мен көрдім суға құжат жинағанын.
«Зейнетке шыққанымша Ақбастыға
Су жеткізсем» деп жанын қинағанын.
Одан бері бері бірталай заман болды,
Қиындық көрген түстей тамам болды.
Серіктің еңбегі зор суды айтқанда,
Ақжолтай деп атайын Аманжолды!
Алалап ағайынды нағылайық,
Алғысқа азаматтың бәрі лайық.
Айрықша қошеметке лайықты,
Аймақбасы Нұрлыбек Нәлібаев!
Еңбегін жасап жатқан халық көрді,
Еліне құт, береке алып келді.
Далаңа сусыраған су әкеліп,
Қалаңа сырлы сарай салып берді.
Тектінің тұқымы еді шынжыр-қатар,
Тілейміз Нұрекеңе сәтті сапар.
Сәукеңнің ақ батасы қабыл болып,
Соңынан ере берсін азаматтар!
Тұсауын аймақ басы қиып берген,
Толтырып тостағанды құйып көрген.
Ағайын құтты болсын қуанышың,
Алланың мейіріндей иіп берген!
Рақмет Нұрлыбектің атасына,
Халқымның ие болған батасына.
Сарыла күткен елдің арманы еді,
Су келді Ақбастының жотасына.
Ақ тілек айтып алыс-жақының да,
Асыға жыр арнайды ақының да.
Ақбастым, айналайын топырағыңнан,
Арманың орындалды ақырында!
Серікбай ҚОСАН,
ақын,
ҚР Жазушылар одағының мүшесі,
түркітанушы ғалым,
филология ғылымдарының кандидаты