Жағал қозы
Ол кезде біздің үй Көкқабақтың Қасқырлы деген жерінде кеңшардыңжеті жүз қойын бағатын. Көктемгі Наурыздың каникулында қаладан ауылға бардым. Барсам, қой төлдеп, ызы-шу, қым-қуыт болып жатыр екен. Бір күні бір қой жағал (сұр) қозы туды. Қозы әп-әдемі, сүйкімді-ақ. Қызығып кеттім. Ол кезде мемлекет қаракөлге жаңа туған қозының терісін алатын. Ферма орталығынан тіркемесі бар Беларусь тракторы немесе ГАЗ-51 машинасы келіп, туғанына 5-6 күн болған қозыларды қаракөлге он бес-жиырмалап тиеп алып кетеді. Енесінен айырылған қозылар да, қозысынан айырылған аналары да ұлардай шулап, маңырап, ауылды азан-қазан қылып, сай-сүйегіңді сырқырататын. Жаның ашып жүрегің сыздайды. Бірақ көнбеске амал жоқ, тәртіп солай. Бүгінде Кеңес өкіметінің құлауына да осылардың көз жасы себеп болмады ма екен деген ой келеді. Қозылар туғасын 5-6 күн аналарын емуі шарт. Осы уақытта олардың терісі сәл көтеріліп, әдемі күйге келеді. Көбінесе қаракөлге қозылардың еркегін алады, ұрғашыларын кейінге өсімге қалдырып отырады. Кейде жоспар орындалмай жатса, ұрғашыларын да ала береді. Қозы 5-6 күннен асып кетсе терісі өсіңкіреп кетеді де, қаракөлге жарамай қалады. Менің қозым жағал, әрі еркек болып туды. Ол кезде жағал, көк терілер өте қымбат, алтынмен бағаланатын. Мен жағал қозыны қаракөлге бермей, қалайда алып қалғым келді.Үймен келісіп, қаракөл алушылар келгенде жасырып қалып, мерзімді мезгілден өткізіп жібердім. Сөйтіп қозы аман қалды. Каникулым аяқталып, қалаға қайттым. Жазғы үш ай каникулда тағы да ауылға келіп, қой бақтым. Жағал қозым үлкейіп, марқа қозы болыпты. Маған әбден үйреніп, қасымнан шықпай, түнгі қойдың күзетінде қасыма келіп жататынболды.
Біздің үйден бір қырдың астында жылқы ауыл бар еді. Жылқышы Қаныбек деген үлкен шал кісі. Руы Алтынбай болғасын, маған нағашы болып келеді. Бір күні түсте малды ауылға әкеліп тұрсам, әлгі нағашым таяғын екі қолымен артына қыстырып, үйге жақындап қалған екен. Аттан түсіп, нағашыма сәлем бердім. Жағал қозым әдеттегідей қасымда жүрген. Нағашым қозыма қарап тұрды да:
– Жиен, мына қозың семіз екен, сойып, мені қонаққа шақырсайшы, –деді. Мен күлдім де қойдым.
Нағашым үйге кіріп, апаммен бірге шай ішіп, біраздасын қайтып кетті. Ертеңіне қойды өріске шығарып жатсам, әлгі қозым жүре алмай қалыпты. Артқы екі аяғында жан жоқ, алдыңғы екі аяғымен бұзаубас сияқты жорғалап жүр. Бір түннің ішінде бұған не болғанын түсіне алмай дал болдым. Қозыны ауылға тастап кетуге тура келді. Апам айтты:
– Балам, нағашыңның тіл-көзі өтетіні бар еді, қозыңа тіл-көзі тиген, байғыз аттаған ғой, енді мал болмайды, ертең сойып, нағашыңды қонаққа шақыра ғой, – деді.
Байғыз аттаған дегенге мен шошып кеттім. Байғыз деген үкіден аумайтын кішкентай құс, үлкендігі қараторғайдай. Ол құс кездейсоқ малдың үстінен аттап ұшса, ол мал жазым болады. Табиғатта көбінесе көне молаларда, елсіз қалған қыстауларда кездеседі, ауылдық жерлерге жолай бермейді. Қазақта киелі құс саналады. Шаңыраққа, үйдің төбесіне қонып боздаса ол үйде жаманшылық, ал күлгендей болып шықылықтаса жақсылық болады деген ырым бар. 1952 жылдың тамызында таң алдында біздің үйдің шаңырағына байғыз қонып боздапты. Апам даусынан оянып, ұшырып жіберсе, қайта қонып қайта боздапты. Ертеңіне үйдің көлеңкесінде апамның «таң алдында шаңыраққа байғыз қонып боздап отыр екен, ұшырып едім, қайта қонып боздады, азаматым аман қалса жарар еді» деп көрші үйдің әйеліне жылап отырғанын байқап қалдым. Әкем сол кезде ауырып жатқан. Шынында да көп ұзамай әкем және екі қарындасымнан айырылдық. Әкемнің қолының қарына жара шыққан, сірә жаман жара болуы керек. Сол жазылмай іріңдей берді, арты гангренаға айналған болуы керек. Ал екі қарындасымдікі кәдімгі іш ауру, дизентерия. Бүгінгі медицина болса түкке тұрмайтын дүниелер, ал ол кезде ондай медицина жоқ, оның үстіне елсізде отырған малды ауылда қандай медицина болсын.
Ақыры жағал қозыны сойып, нағашымды және сол маңайдағы малшыларды шақырып қонақ еттік. Апам тері илеудің шебері еді, жағал қозының терісін жақсылап илеп берді. Теріні үйдің төріне көпке дейін іліп жүрдік.
Жақсыбай Төребеков