Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Дәріптелген дәстүр

Дәріптелген дәстүр

Жақсы сөзден сыбаға, жарқын ойдан мұра, халықтық қағидадан үлгі алудың маңызын бір отбасынан байқадық.
Аралға жол түсіп, Жайшылық Елешовтың шаңырағында қонақ болдық. Қалыңдық келінді күткендей қаумалап, тіпті құрақтай иіліп, қуанышпен күлімдеп қарсы алған ақсақалдың бейнетті аз көрмегені бет-жүзінен тебіндейді. Ол шалғайдағы «Қарақұм» шаруашылығында мал дәрігері қызметін тапжылмай ұзақ жыл атқарып, зейнетке шыққан. Малды ауылдың мың сан шаруасы болса да, балалардың болашағы үшін туған жері мен тіршілін қимай тастап, аудан орталығына көшіп келгеніне бес-алты жылдың жүзі болыпты. Көппен көтерген іс келелі ғой, үрім-бұтағы жабылып даңғарадай үй салған. Сол үйдің бүгінгі қонағы біз едік.
Есік алдынан имене шыққан немересіне атасы құман ұстатып, қолға су құюды тапсырып жатыр. «Шырағым, көпке қызмет етіп, алғысын алған адам көгереді, өнеді-өседі» деп ақылын айтты. Бір қолында құман, бір қолында шылапшын, иығында сүлгісі бар пысық бала ата ақылымен алдымыздан шықты. Ішім жылып қалды. Тағылым деген осы ғой деймін көңілден көрікті пікір түйіп.
Кенет Майлықожаның:
Бақ қонады ұл таңдап,
Қонақ қонар үй таңдап.
Болымы жоқ бозбала,
Бейнеттен қашар бұлтыңдап, – деген өлең жолдары еске түсе кетті. Ақын да осындай кестелі көрністі суреттеген сияқты.
Ақсақалдың тілі жорға, жампоз екен, тіршіліктің жай-жапсарын жүйелеп жеткізді. Біз шай үстінде ұйып тыңдап отырмыз. Әңгіменің дәмі тартымды. Ұлттық рухты жаңғыртар әңгіме құлаққа жағып барады. Соның әсерімен соғымның етінен дайындалған үлкен ас дастарқанға келгенін аңғармай қалдық.аңқыған иіс мұрын жарады. Сүбелі табақтан бұйырғанды алдық.ет желініп,енді бата күткен кейіп байқаттық. Жайшылық көке келінін табақ алуға шақырды. Енесі Дариға анамыз да ілесе келді.жетпіс жасты таянған анамыз әлі сараман. Ылдым-жылдым, қазан-ошаққа өзі араласып жүр.
Бес қыздың ортасындағы жалғыз ұл болса да бітімі бөлек, болымы бір төбе Абайы қара шаңырақтың құтын кетірмей, үйлестіріп отырған үміті екені белгілі. Сыралғы жігіт. Құдай қосқан қосағы Перизат жақында ота жасатып, белгісіз бір аурумен бейтаптанып, аурухана төңіректеп жүргенінен хабардар едік. Сонда да қазақтың ибалы келіні емес пе, сырқаты жөнінен сырт адамға сыр білдіргісі келмейтін кейіппен қонақтың жайын жайлап жүр. Онысын енесі ғана сезгендей. Бір кезде келіннің денсаулығына кедергі келтірмейін деп жетпістегі жеңгеміз сәлем салып, табақты алды. Мына оқиға ойлантып тастады. Бұл сыйластық келінге деген ененің ілтипаты екенін ұқтық. Ауылдағы ағайынның ауызбіршілгі осы қарым-қатынаспен-ақ дәстүрге қанықтыра түсті.
Қ. ҚҰРБАН
28 маусым 2025 ж. 74 0