Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Табалдырық

Табалдырық

Халқымыз іс-әрекеттердің көбісін ырымға балаған. Мәселен, айға қолыңды шошайтпа, қыз балаға жілік ұстауға болмайды, ақты төкпе деген сынды ырым-тыйымдары бар. Сонымен бірге сәби көзін ашып ұйықтаса, жары сұлу болады, тіл ұшын жесе, сүйреңдеп сөйлей беретін болады деген секілділері де баршылық. Мұның барлығы бекер айтылмасы анық. Ертеректе үлкендер "табалдырықты баспа, табалдырықта тұрма, босағаны сүйкеніп тұрма" деген уақытта біз қызыға "неге?" деген сауалды қоятынбыз. Сонда үлкендер оның себебін айтпай "болмайды" деп бір сөзбен жауап қататын.
Бала кезімде үйге көрші Райхан апа келіп, табалдырықты баса тұрып анамнан жылдам ожау беруін өтінді. Анам тез арада ас бөлмеден ожауды әперіп жіберген болатын. Бір сәтте әжемнің қатқыл дауысы шықты. Құлақ түре тыңдап бастадым. Сонда әжем:
– Үйге кім келсе де алдымен табалдырықты аттауын сұра. Табалдырықта тұрып жөн сұрасқан дұрыс емес. Алдымен ол өзіңе деген құрметің. Ал сол кісіні есік алдына дейін шығарып салуың қажет. Ол сол кісіге деген құрметің. Бұл әрекетің балаларға дұрыс үлгі бола қоймас. Бұлар саған қарап бой түзеп, үлгі алады. Біздер қарапайым, ауызбіршілігі бар ауылдан шыққан жандармыз. Бүгінде қалалық болып, үйіне қонақ аттамайтын кісілер де жетіп жатыр. Міне, қарағым, осының барлығын есіңе сақта. Үйге адам келсе табалдырықтан аттатып барып шаруасын тыңдағаның жөн, – деді.
Осы кезде әжем біздерге қарап "неге табалдырықта тұруға болмайтынын айтайын ба сендерге?" деді жұмбақтап. Біз көптен асыға күткен сауалымыздың жауабын білуге ұмтылып бірден келісе кеттік.
– Алла Тағала әрбір жаратылысты, істі есеппен жасаған. Үлкендер бата бергенде, тілек айтқанда «құт ұялаған, бақыт қонақтаған, береке дарыған шаңырақ болсын» деп жатады. Мұның мәні тереңде. Мен де сендердей жас болдым және әжем болды. Ол кісі бізді әрдайым жанына отырғызып, өмірден көрген-түйгенін айтып беретін. Соны сендерге де баяндайын. Құлақ түріп, саналарыңа сақтап отырыңдар, – деп әңгімесін әрі қарай жалғастырды.
– Баяғыда Құт, Береке және Бақыт деген үш дос болыпты. Үшеуі ақылдасып, ел аралауға шығыпты. Ұзақ жол жүріп ашығып, шөлдеп келе жатқанда бір үйге тап болыпты. Есігін қағып, кіруге рұқсат сұраса, үй иесі жағдайының жоғын айтып, қонақ күтуден бас тартқан көрінеді. Дәл осы себеппен тағы 5-6 үйге де кіре алмаған. Кейін төменгі жақтан шамның жарығы көрінеді. Үшеуі түн қараңғысында әлгі үйдің есігін қағыпты. Үйден құрақ ұшып шыққан қариялар оларды құшақ жайып күтіп алыпты. Бізге тамақ керек емес, тек түнеп шықсақ болғаны депті үшеуі жарысып. Сонда отағасы қазан асып бере алмасақ та, тары қуырып беруге шамамыз жетеді деп үшеуіне дастархан жайған екен. Үш дос қариялардың кеңпейілдігіне риза болып, сол үйде мәңгі тұрақтап қалыпты. Үйдің өзі шағын, артық адамға артық орын да жоқ. Үй иелері ұялғандарынан өз төсектерін ұсынған екен. Сонда Құт тұрып, әркім өз төсегіне ие болсын. Мен табалдырықта қонамын депті. Береке еш ойланбастан дастарханға жайғасыпты. Ал Бақыт төр менікі деп иеленіп алыпты. Сол түннен бастап кедейшілікте ғұмыр кешіп келген қариялардың шаңырағында тоқшылық пен молшылық орын алыпты. Ду-думан да осы үйде болыпты, асыр салған бала-шаға да осы үйге үйір болған екен, – деп әжем әңгімесін аяқтады.
Сонымен бірге ерте кезде қазақ салтында құдалыққа келген адамдарды бірден үйге кіргізбейді. Ауылдың сергек те шешен бір əйелі үйге кірерде олардың алдын тосып: «Табалдырық аттарларыңызды беріңіздер, болмаса үйге кіргізбейміз» дейді. Құда-құдағилар «табалдырық аттар» кəдесін берген соң, есік ашып үйге кіргізеді. Бұл «табалдырық аттар» делінеді екен.
Міне, біз аңғара бермейтін ырым-тыйымдардың астарында осындай мән-мағынасы терең дүниелер жатыр. Халқымыз бекер "болмайды" деген сөзді айтпайды. Үйдегі табалдырықта құт болса, үйден қонақ арылмайтыны белгілі. Сол себепті осындай тәрбиелік мәні терең ырым-тыйымдарымызды бүгінгі жастарға үлгі ете білгеніміз дұрыс-ақ.
А. НҰРЛАНОВА
20 шілде 2024 ж. 278 0