«Ақты төкпе», «ақты баспа»

«Ақты қорлағанды ант ұрады» деп «ақты төкпе», «ақты баспа» деген секілді тыйымдар мен аққа байланысты ырымдарды тұрмыста берік қолданады. Айтайық, жолға шығып бара жатқан жолаушыға ақ ішкізіп аттандырып: «Ақ жол болсын!» – деп тілек айтады.
Тіпті үйге кіріп кеткен жыланның басына ақ тамызып шығарып жібереді. Босағадан бас сұққан жылан екеш жыланға да қастық жасамай, көңілдің түзулігін, пейілдің ақтығын сүт арқылы білдірген. Өздігінен бәле іздемейтін бейбіт, текті халықтың басқаға ұқсамайтын бұл да бір ерекшелігі еді. Тілімізде «ақ сақалды ата», «ақ жаулықты ана», «ақ неке», «ак жүрек», «ақ пейіл», «ақ ниет» деген секілді ақпен байланысты тіркестер жиі кездеседі. Мұның бәрі – ақ сүттің қасиетіне, тазалығына орайластырылған ұғымдар.
turkystan.kz