Қазақ неліктен күйеу балаға төс тартады?!..
«Төс сыбағаның» салмағы мол
Көнеден жеткен қазақтың танымдық, философиялық дүниелеріне таңқалмасқа шараң жоқ. Олардың барлығы ғылыми дәлелденген. Салт-дәстүр, ырым-тыйымның қай-қайсы да тұнған ілім. Әрбір ел мен ұлттың өзіндік наным-сенімі секілді қазақтар ойлау жүйесі мен дүниетанымы жағынан басқалардан ерекшеленіп, дана халық деген атауға бекер ие болмаған.Себебі олар ой мен ісін философиялық тұжырыммен астастырып, табиғатпен үйлестіре білген.
Ас пен сусынның қайсысы адамға пайдалы екенін жақсы ұғынған. Қонақжайлылығы соншалық алыстан арып-ашып келген кез келген жолаушыға қымыз бен қымыран ұсынған. Бұл сусын шөлдегеннің құмарын қандырып, қуаттандыратын қасиетке ие. Оның құнарының мықтылығын ерекше түйсінгендіктен көшпелі халықтың дастарқан мәзірінен жыл бойы үзілмеген. Сол себепті де «киесі ұрады» деп ақты төкпеген, төлді теппеген.
«Қырықтың бірі Қыдыр» деп қонақ күту рәсіміне ерекше мән беріп, асты дайындау мен ұсынуда қазақы мәдениетті ұстанған. Мәселен ел ішінде қойдың әр мүшесіне байланысты қызықты әңгімелер кең тараған. Мал сойылып, асылған етті таратуға да ерекше мән берген. Ет мүшелері мен жіліктерін белгілі бір адамға ұсыну да шынайы сыйластықтың белгісі, жастарға тәлім-тәрбие беру және бағыт-бағдар көрсету үшін жасалған. Сондай рәсімнің бірі күйеу балаға қойдың төсін тарту. Бірақ не себепті жілік емес төс ұсынатынын көбі біле бермейді. Жалпы қойдың құйрық майы кез келген суықты сылып түсетінін және жесе ұзақ уақыт тоқ қылатынын ата-бабалар әу бастан сезгендей қабырғамен түйіскен төстің майлы еті ерлерге қуат беретінін білген. Сондықтан оның астарында қайын жұртқа келген күйеуге құрмет пен екі жас тездетіп нәресте сүйсін деген ниет жатса керек.
Қазақ халық ертегісіндегі «Ер төстік» кейіпкерін білмейтіндер кемде-кем. Аңыз желісі бойынша ерте заманда Ерназар деген бай болыпты. Оның жер қайыстырар малын жұт жылы сегіз ұлы алыс жайлауға айдап кетіпті. Бір қыстық азығын сайлап қалған кемпір-шал жұртта қалады. Айлар мен жылдар өтсе де ұлдары оралмайды. Азығы таусылған қос қария әлдері құрып, аштықтан әлсіреп жатқанда шалдың назары шаңырақтың күлдіреуішінде керулі тұрған кер биенің төстігіне түседі. Оны асып жеген Ерназар мен кемпірі ажалдан аман қалады. Көп ұзамай кемпірі жүкті болады. Шекесі торсықтай ұлдың атын Төстік қояды. Бұл қазақ халқының қиялынан туған туынды болғанымен астарында үлкен мән жатыр.»Бір қызығы әзербайжандардың ұлттық асының бірі – суда қайнатқан төс. Олар сорпаға көк жуа, бұрыш, аскөк, ақжелкен салып дайындайды екен. Дәмі тіл үйіреді. Ал біздегі күйеуге төс тарту кәдесі атадан балаға маңызын жоймай жеткен үлгілі үрдіске айналып отыр», – дейді қазалылық қария Игенбай Отаралиев.Көпті көрген ардагер ұстаз Қадырбек Бекетов тарихқа көз жүгіртіп: «Есім ханның қалмақтармен соғысында әскерді азықпен қамтамасыз ететін Жомарт сарбаз қатарына қосылуға ниет білдіргенінде Есім хан: “Жарайды. Соғыстың артқы шебін берсем, атыңа кір келтірермін, ортасында өзім жүремін, не де болса алдыңғы шебін берейін” деген екен. Жомарт әскерінің басындағы жігіттерге тек төстен дайындаған ас беріп отырған. Осылайша Есімхан жеңіске жетіпті-мыс», – деген деректі алға тартты.
Бұдан шығатын қорытынды күйеу жігітке берілетін “төс сыбаға” қадірлі ас. Көнеден жеткен жоралғы бойынша төс – қуат көзі саналады екен...