Сегіз белден сергек асып…

Айдынды өңірдің арыс азаматы Жағал Таушанұлы жасы сексенге келіп, қартайып отырған тілді биге сәлем бере келіп, оңтайлы әңгіме үстінде:
– Жетес аға, сіз сексенге келдіңіз, әр бір он жылыңызды бір белеске қойғанда, оны не нәрсеге теңер едіңіз? – деген екен.
Сонда би-баба біраз ойланып алыпты да:
– Е, қарағым-ай, мен он жасымда асық атып ойнадым, қызығына тоймадым. Жиырмаға келдім, көк құрақтай өсіп, күннен-күнге бойладым, түнді ойынмен өткізіп, күндіз тойды тойладым. Отызға келдім, қызыл алтайы түлкі болдым, қыран бүркітке алдырмадым, құмай тазыға шалдырмадым, құрбымның көңілін қалдырмадым. Қырыққа жеттім, арғымақтай аңқылдадым, ақ алмастай жарқылдадым, дариядай сарқылмадым, айтар сөзден тартынбадым. Елуге келдім, биік қара төбенің басына шықтым, алды-артымды тегіс көрдім, бірақ қай жағы алыс, қай жағы жақын екенін біле алмадым. Алпысқа жеттім, алты тарау жолға кезіктім. Жетпіске келдім, жеңілгенімді білдім, билікті бала-шағаға бердім, айтқанына көндім, жетегіне ердім. Тап осы күні сексендемін, сегіз белден өтіп тұрмын… – дегені бар.
Біз қысқа қайырдық. Ал қара сөздің көсемі Жетес би әр ойын тереңдетіп, тебірентіп айтқан екен.
Жетес би бабаның пәлсапалы сөзін еске алып отырғанымыз оның тікелей ұрпағы, тіл мен ой байлығын қайта бір түлеткен шөбересі, алтынның сынығы Жұмабай Жақып бүгінгі таңда сегіз белден сергек асып, сексеннің сеңгірінің биік төріне шығып отыр. Әр адамға жаратылыс шама-шарық, болмыс-бітім береді. Мұраты мен мақсатына қарай қол создыратын қабілет-қарым, дара-дарын дарытады. Көнеден көп алғанымен де, жаңа заманның жайсаңдарының қатарында болған Жұмабай ағамыздың жол даңғылы, әрине, өзгеше.
«Талантты адам қай істе де таланттылығын айқындайды» деген нақыл сөз бар. Бір басына аз ба, көп пе Жұмабай ағамыздың бүкіл шығармашылық жолы сегіз арналы соқпақтан тұрады. Тіпті әрі-беріден соң оның бойындағы шығармашылық салаларының қайсысы басым, қайсысы ілгері деген сұрақ туса, бірден жауап айта алмаймыз.
Сескенге келгенше қиялын шарықтатып, ақыл-ойын аспандатып, тебіреніс пен толғанысын тереңдетіп, сезім нөсерін селдетіп келе жатқан бойындағы осы сегіз соқпақтың біреуін де олқы көре алмайсың. Соған қарап өнердің қай саласын қай сәтте де қолға алса, соны бар жанымен, барша сезім иірімдерімен әрлеп, жүректен жүрекке мөлдіретіп жеткізеді-ау деп ойлайсың.
Жұмабай Жақып – жампоз жазушы, жалынды журналист, арқалы ақын, зерделі зерттеуші, дәулескер күйші, сырлы сазды сазгер, шебер орындаушы, өрелі өлкетанушы. Қай-қай шығармасында болса да, керемет қиялшыл, нәзік лирик, парасатты ойшыл, ең бастысы – оның алға қойған мақсатына жету жолындағы табандылығы мен еңбекқорлығы тәнті етеді. Сірә, бір пайыз талант, тоқсан тоғыз пайыз еңбек деген сөзді шындыққа айналдырып жүргені даусыз.
Әрдайым бабында жүретін қаламгер шабытты шақтарында ғажайып дүниелерді әп-сәтте туындатып тастайтыны да сондықтан болар.
Соңғы оншақты жылдың бедерінде Жұмабай Жақып ағамызбен бір салалы жұмыстың басында, бір кабинетте қойын-қолтық қатар отырып келеміз. Алдыңғы буынның шығармашылық сәттері біздер үшін қызықты. Жұмекеңнің бір шығарманы қолға алған сәтінен басталған жан мен ой сезім тебіренісі көз алдымызда өтеді десем болар. Әдеби-көркем дүниені былай қойғанда, қарапайым газет материалын жазуға оқталғанның өзінде қырандай сілкініп, етек-жеңін жиып, тас-түйін болып, бар назарын алдындағы қағазына аударып, жазар дүниесінің кілтін тапқанша ой қазанында әбден пісіріп алатынына куәмін. Содан кейін әлгі туындысын бір ауанмен, бір деммен оп-оңай жазып шығатын сияқты. Өйткені қаламгер ретінде Жұмабай ағаның тілі бай, өрнекті кестедей көз тартып төгіліп түседі. Және бір жазғанын екіншісінде қайталамайды.
Осы бір шығармашылық-психологиялық лабораториясына біз де үңіле отырып, жазу өнеріндегі бір мектеп деп қабылдап, үйренуден жалықпаймыз. Қалыптасқан шығармашылық жолы әлі талай жастарға жазу өнеріндегі сабақ болары сөзсіз.
Осыдан біраз жыл бұрын «Шешілген түйін» атты кітабы жарық көрді. Көркем шығармаларында оқиға өрбітуі, сюжетті шиленістіруі, әрбір эпизодты бүге-шүгесіне дейін ежіктей суреттеуі, оңтайлы детальдарды таба білуі арқылы бүкіл көріністі көзбен көргендей, қолмен ұстағандай оқырман алдына әкеледі. Шынайы шеберліктің айғағы – бұл.
Әсіресе, майдан қыл суырғандай етіп сондай нәзіктікпен, өрнекті де әрлі тілмен жазатын сөз байлығы бар. Кітаптағы «Алақай! Теңіз келеді, көкем келеді» атты ұзақ әңгімесінің республикалық бәйгеден оза шауып, бәйге алуы жайдан-жай болмаса керек. Бала көзімен берілген айналадағы қым-қуыт тірлік, ауыр кезең суреттері, адамдар бейнесі осы бір туынды бойынша кино түсіруге сұранып тұрғандай болады. Кітаптағы «Қаражорға», «Күлдегі шоқтың қызуы» әңгімелері, «Теңіз қызы мен тау жігіті», «Қыпшанның ұлы Қазгелді» ертегілері жазушының проза жанрындағы жетістігі деп білдік.
Жазушының өмір шындығын әдебиет әлеміне айна-қатесіз әкелген соңғы жылдардағы «Ақ самолет, самолет» әңгімесі мен «Құм бөгет» хикаяты өміршең туындылар. Бұл екі шығарманы да жерлестеріміз іздеп жүріп оқығанын көрдік.

Журналистиканың белді өкілі ретінде Жұмабай ағаның бұл салада да өзіндік ізі бар. Сонау 1970 жылы Қазалы аудандық «Ленин туы» газетінде корректорлықтан бастап, әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, кейін «Сырдария» аудандық газетінде радио бөлімінің меңгерушісі, облыстық теле-радио компаниясында аға редактор, Арал аудандық радио хабарларын тарату редакциясында жауапты редактор, аудандық «Толқын» газетінде жауапты хатшы, аудан әкімінің баспасөз хатшысы қызметтерін атқарды. 1999-2009 жылдары облыстық «Сыр бойы» газетінің Арал, Қазалы аудандарындағы аймақтық тілшісі, Арал аудандық «Толқын» газетінде редактор-директор болды.
Ондаған жылдарға созылған журналистік қызметінде қаншама мақала, көркем очерктер жазды десеңші. Аймақ, ауданның тұрмыс-тіршілігін оқырманға алғаусыз жеткізіп отырды. Қаламынан туған әрбір дүние осы өңірдің шежіресі болып қалды емес пе?! Оның бергі жағында қаламы жүйрік журналистің қолынан «Тәуелсіздікті ту еткен тұлғалар», «Әлем таныған Арал», «Тәуелсіздік толғауы» секілді ондаған деректі кітаптар баспа бетін көрді. Солардың жалғасы боп бүгінде «Атам ауылының адамдары» кітабы жазушы үстелінде өз кезегін күтіп жатыр. Туған жердің бір пұшпағында мағыналы өмір сүрген, ел-халықтың жолын оңға қойған тұлғалар арқылы бір өңірдің кешегі мен бүгінгі тарихын көрсететін тартымды мақала, очерктері кім-кімді де қызықтырады.
Жаратылысынан сезімтал жүректі Жұмекеңнің бір арналы соқпағы – ақындығы. Сонау мектеп қабырғасында басталған поэзияға деген бала құштарлық оның жүрегін әлі де тербеп келеді. Бір шоғыр өлеңдері енген «Жастық шақтан бір белгі» атты кітабы оның нәзік жанды, тамаша лирик екенін көрсетті. Осы кітаптың алғы сөзін жазған «Платина Тарлан» сыйлығының лауреаты, Алаштың аса дарыны Шөмішбай Сариевтың: «Жұмабай Жақып аз жазса да, саз жазатын, өлеңді киелі деп ұғатын, оның қасиетін қадірлеп, өлең мен ақынның ұлылығын қастерлей білетін сезімтал, сырбаз азамат ақын» деуі зор баға емес пе.
Иә, ақынның бағасын ақын ғана осылай бере алар. Төрт бөлімнен тұратын кітап албырт та мазасыз жүректің айнасындай.
Төпелетіп жазбағанмен де Жұмабай ағамыздың қуаты әлі де бабында. Соңғы жылдары жазған «Күймен ұйықтап, күйменен оянайық», «Түнді сүйем», «Бос бөтелке» өлеңдерін ақынмен болған кездесулерде оқыр-мандардың ақынға қайта-қайта оқытып жүргені бар.
Жұмабай Жақыптың зерттеушілік қарымы белгілі күйші Шал Мырзаға байланысты, оның ғұмырбаянын, күйлерінің шығу тарихын, әуен-сазды ерекшелігін ашып, жинақ шығарған. Ал тағы бір бұлжымас тақырыбы – өз бабасы, Алашқа аты мәшһүр тілдісі Жетес би Қыстаубайұлының өмір деректерін, ел аузында жүрген шешендік сөздерін мұқият жинап, «Тарихи тұлға, тілді би» атты жинақ шығарған. Сыр, Арал өңірінде дүниеге келген белгілі тұлғалар туралы мақала, очерктері өз алдына бір төбе. Қазір аталған күйші мен би туралы ізденісте жүргендер Ж.Жақыптың еңбектеріне бір соқпай, сілтеме жасамай кетпейді.
Жұрт қошеметіне бөленген ендігі бір қыры жауһар жырлары, дәулескер күйшілігі мен сырлы сазды сазгерлігі, асқан шебер орындаушылығы.
Қазақтың қара домбырасы бала Жұмабайға ерте серік болыпты. Арнайы мектепте білім алмаса да, бүгінде күй өнерінің бір саңлағы атанды. Қазақ күйлерінің антологиясына бірнеше шығармасы енген. Композитор сонау 70-80 жылдары аймақтық күй тартыс додаларына қатысып, орындау шеберлігін танытса, кейін өзінің жанынан күйлер легін туындатты. 1993 жылы сазгер-күйшілердің облыстық байқауында жүлдегер болған. Ол отызға жуық күйдің авторы. Солардың ішінде тыңдарман ықыласына бөленген «Отырар саздары» атты циклды топтамасы бар. Бұл топтама «Отырардың оянуы», «Отырар сарбаздарының маршы», «Құм кешкен керуен», «Қуғын», «Отырар толғауы» деп аталатын бес күйден тұрады.
Композитордың ендігі бір арманы осы циклды күйлерін ескі шаһар Отырар мұнараларының басында отырып орындау. Бұл оның ішкі арманы. Қазақ даласының алыс тарихын ел-жұртқа қайта табыстырып, өткенге тағзым ете отырып, болашақтың бедерін күй сазымен жеткізсем дейді. Асқақ арманының бір орындаларына кәміл сенеді.
Сексеннің сеңгіріне келсе де аға арманы ешқашан семіп көрмепті. Бұлардан басқа «Желмаялы Қорқыт», «Қособа», «Ақсақалдар» атты күйлері тыңдармандарға танымал. Адам жанының мың сан иірімдерін үйіріп, ғажайып күйге айналдырған «Көңіл құсы», «Жалғыздық», «Жалғыз аққу», «Әке ақылы» туындылары өздерінің стилдік, түрлік ерекшеліктерімен дараланады. Қазақ халқының тұрмыс-салт дәстүрін әспеттеген «Салт атты сал жігіт», «Жырау», «Арқалы ақын айтыста», «Қоңыраушы шал», табиғат тақырыбындағы «Атамекен», «Ақын мен теңіз», «Ахау, құстар» атты күйлері – сазгердің әр жылдардағы шығармашылық жетістіктері.
Жақында бүгінгі рухани әлемінде белгілі тұлғалы азамат Бауыржан Омаровқа: «Жұмабай ағамыз Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі болды» деп қуана айтқанымызда, ол: «Жұмекеңді Композиторлар одағына қабылдау керек еді ғой» дегені бар. Бұл да көзі ашық, көкірегі ояу қазақ азаматының Жұмабай ағамыздың күй өнерін мойындауы, тануы деп білеміз.
Ал журналист қолынан шыққан «Тәуелсіздікті ту еткен тұлғалар», «Тәуелсіздік толғауы» атты жинақтарынан оқырман ауданымыздың егемендік алған жылдардан бергі уақыттағы әлеуметтік-экономикалық рухани өміріндегі жаңалықтармен жете таныса алады. Сондай-ақ қаламгер қаламынан туған «Аралдық Бауыржанның әзіл әлемі» кітабының да бет-бағдары өзгеше. Ел ішіндегі ауызша әңгіменің қазақы қалжыңның хас шебері Бауыржан Жылқайдаровтың жұрт арасында кеңінен тараған әзілдерін айна-қатесіз жеткізеді.
Бүгін сексеннің сеңгіріне ту тігіп отырған Жұмабай Жақып – алды елімізге, қалды бүкіл Сыр, Арал аймағына танылған тұлға. Әртүрлі жанрда жазылған ондаған кітаптардың авторы. 1990 жылғы республикалық «Жалын» баспасы бәйгесінің, Тәуелсіздіктің 15 жылдығы құрметіне «Қазақмыс» корпорациясы мен Мәдениет министрлігі ұйымдастырған әдеби байқаудың жүлдегері, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері, Қазақстанның Құрметті журналисі, Арал ауданының Құрметті азаматы атанған көшбасшы аға жақында Қызылорда облысы әкімінің қолынан «Тұран» сыйлығын алды. Осынау жеткен жетістіктерінің бәрі Жұмабай Жақыпқа сексен жасқа дейін айнымас серік болып келген сегіз арналы соқпақтың миуалы жемісі.
Ерғали АБДУЛЛА,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі