Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Діни және ұлттық құндылықтардың маңызы

Діни және ұлттық құндылықтардың маңызы

Мейірімі шексіз Алла Тағала күллі ғаламды шеберлігімен жаратып, адам баласына ерекше мәртебе берді. «Махаббатпен жаратқан адамзатты» Хақ Тағала адам баласын «ахсану тақуим», яғни ең көркем бейнеде жаратты. Әлемдегі барша игіліктерді оның қызметіне ұсынып, «Өзінің рухынан үрлеп», жан сыйлады. Жаратқан Жаппар Иеміз адамды өзінің халифасы ретінде жолдап, бойына жер бетін көркейтетін қарым-қабылеттер дарытты. Күллі болмыс атаулыдан ерекшелеп, ақыл сыйлап, сөйлей алатын, көретін, еститін, ойланып, қорытынды шығара алатын, даналықпен әрекет ететін ардақты болмыс ретінде періштелердің өзіне бас идірді.
Таңдау еркін, ақ пен қараны ажырата алу қабілетін берді. Он сегіз мың ғаламның иесі Құран аяттарында өзінің адамға жақын екенін білдіру арқылы қаншалықты ардақты жаратылыс екенін ұқтырды. Ислам діні адам баласын тірі күнінде ғана емес, дүние салғаннан кейін де құрметті етті. Сонымен қатар Алла Тағала адам баласының мойнына қастерлі де қасиетті һәм ауыр аманатты артып, міндеттер мен жауапкерліктерді де қоса жүктеген. Бірінші кезекте әр адам өз өмірі мен істеріне жауапты болса, екінші кезекте айналасындағылар мен қоғам алдында жауапты. Адам табиғаты қауымдасып, қоғам ретінде өмір сүруге бейім жаратылғандықтан өз қабілет-қарымдарын қоғам ішінде дамыта алады. Өз міндетін орындамай тұрып, өзгелерден ақысын талап ете алмайды. Сондықтан да баршаға ортақ құндылықтардың болуы – заңды құбылыс. Адам баласы осы әлемде адам атына лайық түрде өмір сүре алуы үшін арнайы құндылықтар жүйесі қажет. Құндылықтар адамның тұрмыс-тіршілігі, өмір-салты, діни әрі дүниелік танымтүсінігі негізінде қалыптасады. Құндылықтар – адам өміріне бағыт-бағдар беріп, мән сыйлайтын, жоғары адамгершілік қасиеттер жиынтығы. Адамның іс-әрекеттері қоғамда қалыптасқан құндылықтар негізінде бағаланады. Кез келген қоғамда ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, жалғасып келе жатқан әрі жаңа өмір сүру салтының қалыптасуына байланысты туындаған құндылықтар жүйесі бар. Ол тарихи тәжірибе нәтижесінде қалыптасады. Қандайда бір құндылықтар жүйесі жоқ халық, жай соққан желдің өзі опырып түсіретін, тамыры жоқ ағаш іспетті.
Құндылықтар жүйесі – кез келген жеке тұлға, қоғам, ұлт пен жалпы адамзаттың дамуында маңызды қозғаушы күш. Ол адамдардың қажеттіліктері мен қатар мүдделерін де белгілейді.
Адамдар соған сай өмір сүріп, сол жолда жасампаз идеялар тудырады. Жеке тұлға мен қоғам үшін жоғары адамгершілік құндылықтар ауа мен су секілді қажет. Адам болмысы жан мен тәннен тұратындықтан тұрмыс-тіршілігінде рухани әрі материалдық құндылықтар қашан да өз ықпалын сездіріп тұрады. Материалдық дүниеде өмір сүргендіктен адам баласы көбіне материалдық игіліктерге басымдық беріп жатады. Түптеп келгенде материалдық құндылықтар тұрақты емес әрі салыстырмалы мәнге ие, ал рухани құндылықтар мәңгілік болғандықтан қашан да шешуші рөл ойнайды. Осы негізгі тіректен өзге күштер қуат алып, өркендейді. Негізінен бұл екеуі – бір-бірін толықтырып тұратын нәрселер. Адамгершілік бастауы саналатын рухани құндылықтар адамның дүниеге деген қатынасын айқындап, өмір сүру пәлсапасын қалыптастырады, ізгі қоғам құру жолына бастайды. Жан дүние тазалығы, байлығы қоғам бағдарын белгілейді. Мәдениет пен өркениет көрсеткіші тек қана материалдық игіліктермен өлшенбейді, ол жоғары адамзаттық құндылықтар негізінде қалыптасып, дамиды.
Хақ Тағала әуел баста адам табиғатын жақсылыққа құмар, таза етіп жаратқан. Оған ақыл нығметін беру арқылы кез келген ісін ой санасынан өткізіп, жаман мен жақсыны ажырата алатын қасиет беріп, өзге жаратылыстардан ерекшелеген. Жамандық пен жақсылық арасында бәсеке қызу жүретін мына өмірде, жамандық қанша күшті саналғанымен жақсылықты ығыстырып шығара алмайды. Адам баласы жоғары адамгершілік құндылықтарды өмірінің өзегіне айналдыру арқылы қоғамды кері сүйрейтін, Құранда айтылғандай «асфаләс-сәфилин», яғни төменгілердің ең төмені болуға жетелейтін жамандықтардан, азғындықтан қорғайды. Діни-рухани құндылықтар адамды жаратылу мақсатына сай өмір сүруіне жетелеп, кемелдену жолына бастайды.
Заман мен өмір сүру шарттары өзгерген кезде құндылықтардың да өзгерері белгілі. Ғылым мен технологияның алға озып, материалдық игіліктер алдыңғы орынға шыққан кәзіргі жахандану кезеңінде адамның кемелденуіне жол ашатын діни-рухани құндылықтарға басымдық беріп, ұрпақ санасына сіңіре білу өмір көшінде мұсылман болмысымызды сақтай отырып, адамзат өркениетіне үлес қосуымызға жол ашады. Сондықтан да уақыт тезінен өтіп, өміршеңдігін дәлелдей алған діни-рухани құндылықтарымыз ұрпақ тәрбиесінде маңызды рөл ойнайді әрі әрдайым жалғасын таба береді.
Әнуар Мырзағазиев,
Арал аудандық орталық мешітінің бас имамы

Фото: egemen.kz
16 қыркүйек 2025 ж. 93 0