Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ерлікке тағзым – ұрпаққа өнеге

Ерлікке тағзым – ұрпаққа өнеге

Дүниені дүрсілкіндірген Ұлы Отан соғысының қасіреті кім-кімге де қасіретін тартқызбай қоймады. Зұлмат жылдар ішінде талай бала жетім қалып, талай ана жесір атанды. Қан майданға ауданымыздан да бірнеше мыңдаған боздақ аттанды. Олар сұм соғыста жаумен арпалысып, азаттық жолында жанын құрбан етті. Отан үшін кеудесін отқа тосқан ерлердің қатарында көбіміздің атамыз, туысымыз, осы соғыстан оралмай қалды, жаралы, мүгедек болып келді. Сол себепті де бұл жеңіс – халықтар бірлігінің, қайталанбас ерлік пен батырлықтың, тылда қалған аналар мен балалардың жалпы жеңісі болып табылады.
Азаматтың асыл мұраты – халық қамы, елге қызмет ету дейтін болсақ, Ұлы Отан соғысында ерлігімен көзге түскен әкем мен анамның ерлік жолдарын газет бетіне жариялауды жөн көрдім.
Биыл ел азаматы, Ұлы Отан соғысының ардагері, мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің ардақты қызметкері, әкем Жанұзақ Кенжебаевтың туғанына 100 жыл толып отыр. Бұл мерейтой – ел үшін ерлікпен өмір сүрген тұлғаның өнегелі ғұмырын еске алу, ұрпаққа үлгі ету сәті.
Менің әкем мен анам 1941-1945 жылдар аралығындағы болған Ұлы Отан соғысының ардагерлері. Әкем Кенжебаев Жанұзақ Алдабергенұлы (Кенжебайұлы) 1925 жылдың 7 қараша айында, анам Шаншарова Сақыпжамал Жақсылыққызы 1928 жылдың 20 мамыр айында Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданында дүниеге келген.
Әкем 18 жасында Шалқар әскери комиссариаты арқылы соғысқа шақырылады. 1943 жылдан бастап сұрапыл соғыстың аяғына дейін Бірінші Беларусь майданында гвардиялық әскери бөлім сапында барлаушылар қатарында радист болады. Алғы шепте бірнеше рет соғыс операцияларына қатысады. Майданда жарақат алып, қайтадан әскери бөлімге оралады.
1943 жылдың 9-11 қыркүйек аралығында болған ұрыстарда "За отвагу" медаліне еншілейді. 1944 жылдың 6-8 шілде аралығында Волынь облысы Ковель ауданында 181,1, 185,7, 197,2 биіктіктерді алу үшін шабуыл ұрыстары кезінде жау артиллериясы мен минометтері оқтарының астында полк командованиесімен батальондарды және дивизияны әкем радиобайланыспен үздіксіз, епті қамтамасыз етеді. Снаряд жарылғаннан кейін оны топырақ басып қалады. Соған қарамастан ол үзілген радиобайланысты қалпына келтіріп, қосымша кабель сымдарын тартқызбай-ақ, бірнеше ұрыстар бойы байланысты ұстап отырады. Артынша осы көрсеткен кайраттылығы мен ерлігі үшін "Красная звезда" орденімен марапатталады.1945 жылдың 22 cәуір айында Шпрее өзені каналынан өту операциясы кезінде әкем 1-ші атқыштар батальоны командирі жанында рация арқылы полк командованиесімен байланыста болады. Жау жаяу әскерлері шабуылдарына тойтарыс бере отырып, қиын сәттерге және бораған оқтарға қарамастан рация ақауларын жөндеп, біздің артиллерияға керекті координаттарды уақытылы хабарлап отырады. Тапсырмаларды орындауда көрсеткен ерлігі үшін "Красная звезда" орденімен әкем екінші рет марапатталады.
Қалаларды, елді-мекендерді жаудан азат ету қан майдандарына қатысады. Буг өзенінен өту операциясы, Ковель қаласын, Познань қамалын алу, Варшава қаласын азат ету, Берлин қаласының оңтүстік шығысын алу операцияларында көрсеткен батылдығы мен ерліктері үшін медальдармен және мақтау, алғыс қағаздарымен марапатталады.Польша астанасы Варшава қаласын жаудан азат еткенде «За освобождение Варшавы» медалі берілген.
Әкем Берлин қамалын алу операциясына да қатысып, «За взятие Берлина», «За победу над Германией» медальдарымен марапатталады. Соғыстан кейінгі жылдары Ұлы жеңістің атаулы күндеріне орай арналған мерекелік медальдармен марапатталды.
Анам Шаншарова Сақыпжамал Жақсылыққызы Ұлы Отан соғысы жылдары тылда еңбек еткен. Анам, елеулі еңбегімен Ұлы Жеңіске қосқан үлесі үшін, «За доблестный труд в Великой Отечественной войне» медалімен және соғыстан кейінгі жылдары Ұлы жеңістің атаулы күндеріне орай арналған мерекелік медальдармен марапатталды.
Қазақта «Қарапайым адам – қасиетті адам» деген қастерлі сөз бар. Бұл – қашан да қарапайымдылықты ту еткен әкем Жанұзаққа арналғандай. Абзал азаматтың ауданның дамуына қосқан үлесі мол. Оның бәрін айтып тауысу мүмкін емес. Ол – елі үшін туып, елі үшін еңбек еткен, барлық ғұмырын қоғамға адал еңбек еткен арда азамат. Олай дейтінім, Жеңіс туы желбірегеннен кейін елге оралған әкем Жанұзақ бейбіт өмірде де отаншылдық пен жауапкершілік жолынан тайған жоқ. Соғыстан кейінгі жылдары ол КГБ Мемлекеттік Ұлттық Қауіпсіздік комитетінде абыроймен қызмет атқарып, ел тыныштығын қорғауға өз үлесін қосты. Тәртіп пен адалдықты өмір қағидасына айналдырған азамат әріптестері мен замандастарының арасында зор беделге ие болды. Қазақстанның бірнеше қалаларында қызметте болып, кейін 1959 жылы Қызылора облысы, Арал қаласына жолданады. 1950 жылы әкем мен анам бас қосып, отбасын құрады. Анам мен әкем дүниеге сегіз бала әкеліп, оларды тәрбиелеп өсірді. Қандай қызметті атқарса да отбасымыздың тұрмыс салты ел қатарлы қарапайым еді. Балалары терең білім алып, әр салада еңбек етіп, қоғамда өз орындарын тапқан тұлғалар. Анам – батыр ана және еңбек ардагері.

Тарихқа толы өмір жолдарын Арал өңірінің өркендеуіне арнаған әкем 1972 жылы 47 жасында, ал анам 2006 жылы 78 жасында дүниеден өтті. Артында өнегелі ғұмыр, ел сүйіспеншілігі мен ұрпаққа үлгі болар із қалдырды. Қазіргі таңда әкем мен анамнан, олардың балаларынан тараған 100 ден аса немере, шөберелері бар.
Бүгінде әкеміздің есімі ел жадында ерекше ілтипатпен аталады. Оның ерлік пен еңбектің, адалдық пен отансүйгіштіктің үлгісіне айналған өмірі – жас ұрпақ үшін мәңгілік өнеге.
Біз, әкеміз бен анамыздан тараған кейінгі ұрпақтары, балалары оларды әрқашан мақтан тұтамыз, Отан үшін көрсеткен ерліктерін, қызметтерін ешқашан ұмытпаймыз. Біз үшін әкеміз бен анамыз Отанды сүю, ерлік, батырлық бейнесіндегі азаматтықтың алтын үлгісі болып табылады.
Иә, бүгінде егеменді ел болып отыруымыз – кешегі соғыстың өтінде тобықтан қан кешіп, туған жерінің азаттығы үшін жанын шүберекке түйген ата-бабамыздың ерлігінің арқасы. Сәйкесінше бұл өткен күндер қанша ащы күн болса да, халқымыз үшін қуанышты күн болып саналмақ. Жүсіп Баласағұнның: «Адам – бұл өмірге қонақ, оның өмірі өткінші, сондықтан ол артына жақсы ісі мен жақсы сөзін қалдыру керек» деген керемет сөзі бар. Міне, осындай даңқты майдангерлердің ерлігі бізге мақтаныш. Олардың отансүйгіштігі, адами қасиеттері, батырлық рухы келер ұрпаққа өнеге болуы тиіс.
Серік ЖАНҰЗАҚҰЛЫ


18 қазан 2025 ж. 34 0