Қаламгер келбеті һәм Арал
Өткен жылдың соңғы айында қаламдас досым әрі құрдасым Жолдасбек Ақсақаловтан аяқастынан айырылып, жабырқап жүргенімде әріптес Еркін ағам: – «Кенжалы, түсінем, Жөкеңді мен де қимаймын, енді саған аға әрі досың боламын» дегені жүдеу көңілге дем берген-ді. Көзіме ыстық жас кеп қалды. Арқалы ақын Дүйсенбек інім де солай деген-ді. Күрең күннің көлеңкесінде қалғандай күй кешкен сәтте «дос әрі ағаң болам» деп Ер-аға ерлік жасады, ауыр ойды жеңілдетті. Бес күн тірлік деген осы ғой, бірде мұң, бірде шаттық сыйлаған. Содан қуаттана келе Еркін ағамның, досымның қаламгерлігі жайлы сыр тарқатуға бет бұрдым. Өйткені мерейлі 75 жасқа келіп қалыпты.Журналистикаға қадам ауылдан басталған
Еркін Аққалиұлы Аралдағы Үшшоқы тауынан әрі асатын «Қыземшек» атты төбенің төскейінен орын тепкен Жалаңаш елді мекенінде 1951 жылдың 2 ақпанында жарық дүниеге келген. Аққали ұстаздың шаңырағына шаттық сыйлаған сары бала өмірді көрсем, білсем деп, зерек, алғыр, ширақ, пысық, зейінді, бірбет болып өсті. Сол зеректігінен болар, мектепте оқып жүргенде-ақ шағын мақалалары аудандық «Толқын» және облыстық «Ленин жолы» газеттеріне үзбей шыға бастағаны. Оқушы болса да жазушы, тілші бала атанды. Сол жазғандарына азын-аулақ қаламақы келіп тұрды. Бұл әке үшін зор қуаныш, бала үшін үлкен мәртебе еді. Ауылдың жылт еткен жаңалығын, балықшылардың тынымсыз тірлігін, мектеп өмірін, шынайы көрінісін оқырмандарға жеткізе білді. Тілші бала ауылының мәртебесін осылай асқақтатты.
Мұндай жетістікке жетуіне Әбдірейім Есендіков ағайының қосқан үлесі зор еді. Мектеп қабырғасында жүргенде жол сілтеп, бағыт-бағдар берді. Ауыл баласының журналистикаға алғашқы қадамы осылай басталды. Онжылдықты бітірген соң Н.Гоголь атындағы пединституттың филология факультетіне оқуға түсіп, оны 1973 жылы тәмамдады. Сол жылы Тереңөзек аудандық «Еңбек туы» газетіне әдеби қызметкер болып орналасты. Ауданның кез келген саласын жазғанда нақты дәйектер мен деректерге сүйене отырып, көлеңкелі тұстарды дөп басып сын садағына іле білді. «Жазғанның үстіне жаза түссем» деген отты кезі еді бұл. Осы еңбегінің арқасында аудандық газеттің жауапты хатшысы қызметіне көтерілді, сын материалдары арқасында танылды. Анау-мынау емес, Коммунистік партияның белсенді мүшесі, төс қалтасында қып-қызыл партбилеті бар. Партияның сенімінен шығу оңай емес. Газетке алғаш келгенде аудан басшысы шаруашылықтардың күнгей мен көлеңке тұстарын ашық жазып көрсетуді тапсырған болатын. Ерекең «Қараөзекке қар жаумай ма?» атты ең алғашқы сын материалын жариялайды. Ең қызығы шаруашылықтың партком хатшысы әкесінің туған інісі Әбжәми Сұлтангереев еді. Ол кезде газетке шыққан сыни материалдар ауданның бюросында арнайы қаралатын. Содан шаруашылық басшысының жұмысы бюрода қаралып қызметімен қоштасса, қалған басшыларға қатаң сөгіс жарияланды. Сонда Әбжәми ағасы ренжудің орнына: «Сенің бұл жазғаның өте дұрыс болды. Сол сынның арқасында мініміз түзелді» деп арқасынан қағыпты.
Тағы да он шақты сын материалды бірінен соң бірін жазды. Көп іс тындырғандай болған, аяқастынан ауданның бірінші хатшысы шақыртады. «Ол былай болған» деп Ерекең кезінде айтып берген еді.
Партбилетті столға қой…
Сонааау 1980 жылдың шамасы. Бір күні ойламаған жерден «Ауданның бірінші хатшысы Нәлқожа Ергешбаев шақырып жатыр» деген хабар алды. Бармасқа амалы жоқ.
Барса атшаптырым кабинетте түнеріп отыр екен. Онсыз да не боп қалды екен деген сан түрлі оймен келген.
Н.Ергешбаев «Сен бала, бес-алты сын мақала жазыпсың. Көлеңкеден арылып, күнгей бетке шығатын күнің бар ма? Жоқ, әлде?» деді. Ерекең ойын да, бойын да тез тежеп, қойылған сауалға ойланбастан: «Аға, жақсыны да жазып жатырмыз ғой, десе де «сын түзелмей, мін түзелмейді». Қайта кемшілікті жазып…» дегенде, бірінші хатшы бірден: «Тоқтат. Партбилетті столға қой» деп орнынан тұрыпты.
Сонда Еркін ағамыз «Партбилетті бір сіздің қолыңыздан емес, он бір бюро мүшесінің қатысуымен алдым. Солардың төрт көзі түгел болса, бердім партбилетті» деген. Ергешбаев орнынан түрегелген бойда бұған беттейді. Ерекең сол сәтте, «қарсыласып нем бар еді, шаруам бітті» деп ойлап тұрған.
Нәкең: «Дұрыс айтасың, сын садағына іліккен шаруашылық басшылары сыбағаларын алды. Әкел қолыңды» деп қолын жымия ұсынды.
Сөйтсе сын жазғаны үшін емес, риза болғаны үшін шақыртқан екен. Бір жағынан партияға деген құрметі мен адалдығын сынаған. «Міне, сол кездегі тұлғасы биік, кеудесі ашық, қоғамға нағыз жанашыр азаматтың ісі» деп Еркін ағамыз өткен шағын сағына есіне алған еді.
Шет ауылдағылар шет тілін қайдан білсін?
Онжылдықты бітірісімен Еркін Әбілов Алматыға ҚазГУ-ге түсуге жол тартты. Барып құжаттарын тапсырған. Бірақ түсе алмады. Емтиханнан құлайды. Оның басты себебі – ағылшын тілін білмегені. Сол жылы емтиханға шет тілі еніпті. Тиісті пәндерді 4-5-ке тапсырған-ақ еді. Осыған ашынған Ерекең «Шет ауылдағылар шет тілін қайдан білсін?» атты көлемді материалды республикалық «Лениншіл жастан» бұрқ еткізеді. Бұны қолдаған қаншама ауыл түлектері өз пікірлерін білдіріп, алғыс айтты.
Ақыры еңбек ете жүріп 1982 жылы қазақтың әл Фараби атындағы мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірді.
Білім мен мәдениет саласындағы жылдар
Иә, адам болғасын, пенде болғасын оның міні де, мінезі де болады. Ол да Құдайдың жаратқан құлы, Алланның пендесі ғой. Біздің Еркін ағамыз мінезді адам. Аяқастынан бұлқан-талқан болады да, тулаған теңіз толқынындай тез кері қайтады. Өйткені Ерекең сол айдынды Арал теңізінен нәр алып, жағасында қайралып, құмына аунап өскен. Теңіз перзенті осылай болса керек.
Еңбек жолына қарасаң, лауазымды қызметтерді атқарған. Әуелі 1988 жылы Қалжан ахун ауылындағы №126 орта мектептің директоры болды. Оны төрт жыл басқарып, білім саласында жаңашыл басшы ретінде мектепті ауданға танытты, білім беру сапасын арттырып, түлектері жоғары оқу орындарына көптеп түсе бастады. Осылай төмендеп қалған мектепті алға жетелей бастаған шақта партияның ұйғарымы бойынша алдымен Жалағаш аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, содан кейін атқару комитетінің іс басқарушысы қызметтеріне жіберілді. Білікті маман ретінде сол кезеңдегі партия және кеңес қызметін мінсіз атқарды.
Содан 1992 жылдың басында Арал ауданы әкімінің кеңесшісі қызметіне тағайындалды. Көп ұзамай іскерлік, ұйымдастыру қабілетінің жоғары екенін байқаған аудан әкімдігі оны аудандық мәдениет бөліміне басшылыққа жіберді. Ұжымның тілін тауып, тез табысып, айнымас дос болып кетті. Өйткені оның жаны да, мамандығы да, өзі де өнермен үндеседі. Сол кезде өнер иелерінің тұрмыстық, әлеуметтік жағдайын көтеруге күш-жігерін жұмсады.
Осыдан 3-4 жыл бұрын Аралдың ақиық ақыны Толыбай Абылаевтың мерейлі 70 жасқа толуына орай аудан орталығында өткен шығармашылық кешке Еркін ағам екеуміз барғанда, аудан өнерпаздары оны ортаға алып, өздеріне жасаған жақсылығын айтып, қошемет көрсеткенін көзбен көріп, бір марқайып қалғаным бар.
Газетке қайта оралу
Содан 1996 жылы аудандық «Толқын» газетіне бас редактор болып баспасөз саласына қайта оралды. Келе сала «Толқынның» атауын сақтап қалды. Газеттің сапалы шығуына, мезгіл жүгін көтеретін мақала жазылуына ден қойды. Оқырмандар іздеп жүріп оқитын жағын қарастырды. Сөйтіп 12 жылдық мемлекеттік қызметті қайтадан қаламға ауыстырды.
Газет жұмысының қандай ауыр екенін тек журналистер ғана біледі. Оның қызметі халыққа арналған. Әлі де сол қалпы өзгерген жоқ. Содан болар, жуырда ғана газет пен журналдың халыққа бұрынғыдай қажет екенін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық «Түркістан» газетіне берген сұхбатында жан-жақты атап өтті.
Бұл жөнінде байырғы журналист: «Газеттің беделі мен абыройы қашаннан биік болатын, әлі де солай. Осыны байқаған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев газет-журналдардың қазақ руханиятының негізгі құралы екенін атап өтуі баспасөзді бағалауы деп түсінемін. Енді жергілікті билік баспасөздің рөлін арттыруға барынша күш салады деп ойлаймын» деп көзқарасын білдірді.
Еркін Аққалиұлы өте еңбекқор жан. Жұмысымен қатар, жеке шығармашылығын да өрбітті. «Адам бір көшкен керуен», «Үлкен саясат: тұлғалар мен тағдырлар», «Өтпелі кезеңнің қайсар қазағы», «Теңізбен тағдырлас», «Жер-анамен тағдырлас тұлға», «Қос қайың», «Абзал» атты бірнеше көркем және хикаят кітаптардың авторы.
«Қыземшек» атты төбенің аңызы туралы тарихи-танымдық туындысының республикалық «Лениншіл жас» газетінде жариялануы қаламының желді екенін көрсетсе керек. «Арал – анам келе жатыр, Арал – анам», «Теңізбен тағдырлас» хиқаяттарында Арал, ондағы адамдар тағдыры, теңіздің келешегі жайлы тебірене, терең толғаныспен баяндаған. Бүгінгі Арал өңірінің мәселесі төңірегінде келелі ойларды қозғаған. Қаламгер мен Арал үндесіп жатқандай, туған жер тағдырын ойлап жабығады, оның келешегі не болар деп қамығады. Арал адамнан араша күтетінін жазушы қаламы арқылы шынайы жеткізе білген. Осы елеулі еңбегінің арқасында «Арал ауданының құрметті азаматы» атанды.
Туған елдің жанашырына айналған айтулы қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Еркін Әбіловті 75 жасымен құттықтаймыз! Алдағы уақытта халқы сүйсініп оқитын соны дүниелер күтеміз.
Кенжалы ЕРІМБЕТОВ,
Қазақстанның Құрметті журналисі








