Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Медицина саласының ғасырлық жолы

Медицина саласының ғасырлық жолы

Халықтық денсаулық сақтау – мемлекеттің басты бағдарларының бірі. Тұрғындардың салауатты өмір ортасы – ұлттың байлығы. Сондықтан да дана халқымыздың «бірінші байлық – денсаулық» деп айтуы шүбәсіз шындық екенін айқындайды. Дені сау адам ғана елдің, қоғамның әрі қарай дамуына үлес қоса алады. Мемлекет әрқашан бұл саланы назардан тыс қалдырып көрген емес. Иә, мемлекеттің басты капиталына баланатын адам өмірінің қауіпсіздігі, саулығы бірінші кезекте тұратыны анық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Денсаулық сақтау бағытындағы жұмыстарды жалғастыра беру керек. Азаматтардың денсаулығын сақтау мәселесі менің жіті бақылауымда» деген сөзі мәселенің аса маңыздылығын көрсетеді емес пе...
Еліміздегі сияқты Арал өңіріндегі халықтың денсаулығын сақтау жолындағы шаралардың жүйеге қойылуы, бірте-бірте дамуы, заманауи деңгейге көтерілуінің бір ғасырдан астам тарихы бар. Бұл жылдар қаншама қиындықтар еңсерілді, ауыр заманның сындарлы сәттерінен өтілді. Сөйтіп жолға қойылған ғылыми-техникалық жетістіктерге ие кезеңге жетті.
ХХ ғасырдың басына дейін Аралда халыққа медициналық қызмет көрсететін ауруханалар да, арнаулы білімі бар дәрігер мамандар да мүлдем болған жоқ. Ауыру деген науқастарды ел ішіндегі тәуіптер мен балгерлер емдеді. Ғасырларға созылған тәжірибеге негізделген олардың ем-домын жоққа шығаруға болмас, алайда әрдайым нәтижелі болып жатпайтыны анық. Олар науқастарды түрлі шөптермен, малдың майларымен, балықтан жасалған дәрмектерімен емдеді. Безгек, шешек, оба, қырылдауық, құрт ауры сияқты дерттер ұдайы халықтың көп бөлігін ауыр жағдайларға апарып отырды. Ал хирургиялық жолмен жасалатын оталардың сыртқы жеңіл-желпілері болмаса, жоққа тән еді. Осындай халық емшілерінің бірі – аты аңызға айналған Нысан Аманжолов еді. Ол кісі тамыр басатын, түрлі сүйектегі сынықтарды салатын, ауруларды түрлі емдік шөптермен емдейтін. Оның ерекше қасиеті көріпкелдігі де болатын. Оған ауданның түпкір-түпкірінен емделуге ағылып келіп жататын. Атадан балаға қасиеті көшетін сынықшылар әр ауыл-аймақтарда болғанын айта кеткен жөн.
Арал өңірінде, әсіресе балықшы қауымның арасында тараған лепро (жаман ауру) ауруының емі қиын болды. Бұл-микроорганизмдер арқылы таралатын жұқпалу ауру. Ол тері мен нервтерді зақымдайды. Бірнеше жылдардан соң сал болуға және көз бен аяқ-қолдың кемістігіне жетелейтін қайтымсыз мүгедектікке әкеп соқтырады. Кеселдің тәнді көріксіз етіп бүлдіретін әсері науқастар мен олардың туыстарына ауыр психологиялық, экономикалық және әлеуметтік проблемалар тудырады.
Халық «жаман ауру» атап кеткен дертті емдеуде қазақтың алғашқы дәрігері Мұхаметжан Қарабаевтың өлшеусіз еңбегі, кәсіби білгірлігі болды. Торғай облысының учаскелік дәрігері боп жүрген жылдары Арал өңіріне келіп, тұрғындар арасында тараған жұқпалы аурулармен күрескен. Медициналық көмек ұйымдастыруды дереу патша өкіметінің шенеуніктерінен сұрап отырған.
Қазақ даласын кесіп өтетін Орынбор-Ташкент теміржолының салынуына байланысты 1904-1905 жылдары жол бойындағы бекеттерде шағын да болса алғашқы медициналық мекемелер ашылып, тұрақты жұмыс істей бастады. Сол тұстары бүгінгі Арал қаласы мен Сексеуіл стансасында екі емдеу пунктері ашылған. Бұларда негізінен теміржолшыларды емделді.
Арал ауданы көлеміндегі елді мекендерде алғашқы фельдшерлік пункттер 1917 жылы Қазан ревалюциясы нәтижесінде орнаған Кеңес өкіметі кезінде ғана біртіндеп пайда бола бастады. Ондағы мамандар негізінен өзге ұлт өкілдерінен болды. 1920 жылдан бастап Сексеуіл қыстағында алғашқы дәрігерлік амбулатория жұмыс істеді. Ал 1923 жылы Арал қыстағында 15 төсектік аурухана, Аманөткел, Райым, Бөген елді мекендерінде фельдшерлік пунктер ашылды. 1929 жылы Арал қаласындағы аудандық ауруханадағы төсек саны 30-ға жетті. Одан соң да қалған елді мекендерде, теңіз жағасындағы балықшылар ауылдарында тұңғыш медициналық бекеттер бой көтере бастады. 1930 жылы түрлі дәрігерлік орындардың саны 10-ға жетті. Қамбаш, Бөген, Ұзынқайыр, Көкарал, Қаратерең, Ұялы елді мекендерінде дәрігерлік ауруханалар ашылып, жергілікті тұрғындарға медициналық қызметтер ауқымын кеңейте берді. Дегенмен оларда дәрігерлер атымен болмады, бірен-саран фельдшерлер мен қысқа мерзімді курстарды бітіріп келген азаматтар қызмет атқарып тұрды.
Балық шауашылығы күрт дамып, мал шаруашылығы жүйелі жұмыс істей бастаған Арал ауданында 1930-1940 жылдары Зібайда Болманова, Полина Григорьевна Ковыга, Әмина Садуақасова, Құралай Ипатурова, Зоя Сейрулмюликова тағы да басқа фельдшерлер денсаулық сақтау саласында тоқтаусыз қызмет атқарып, жергілікті жұртшылықтың алғысына бөленді.
1939 жылы еліміздің барлық аудандарында жүзеге асып жатқан сияқты Арал ауданында да аудандық денсаулық сақтау бөлімі ұйымдастырылып, білікті фельдшер Полина Григорьевна Ковыга алғашқы меңгерушісі болып тағайындалды. Ауданда маман дәрігерлердің жоқтығы күнделікті жұмыста байқалып тұрды. Полина Григорьевнаны кез келген ауруға шақыра беретін. Оның мамандығы бұл науқастың дертін анықтауға жарай ма, жарамай ма, онда тұрғындардың шаруасы болмады. Ол аудандық денсаулық сақтау бөлімін басқарғандықтан, бәрін де білу керек, медициналық қызмет көрсету керек сияқты қабылдады. Ал қарапайым болмысты Полинаның өзі де өзін жоғары ұстап, ешкімге тәуелді болғысы келмеді. Менің біліктілігім бұған жетпейді деп ешқашан айтқанда емес. Кейін ол кісі егде тартқан кезінде оған «Полина, сен қай саланың дәрігері едің?» деп сұрағанда «Халыққа менің мамандығым қажет болмайтын. Денсаулық бөлімінің бастығы болған соң, бәрін де білуге тиісті деп есептеді ғой. Маған менім артқан халықтың көңілінен шығу үшін бірде-бір рет бас тартпадым. Шақырса жедел жетіп бардым, науқас адамның қан қысымын температурасын өлшедім. Тиісті дәрілерін жазып бердім» деп еске алатын. Міне, жергілікті жерде дәрігер маманның жоқтығы осындай жағдайларды туғызды.
1940 жылдары ауданда алғашқы маман дәрігерлер Галина Александровна, Домбровская, Еренцен Ниамгорович Лиджиев, Галия Лиджиева, Александра Косева, Е.Васильев және ерлі-зайыпты Тарасовтар елеулі еңбек етті.
1941 жылғы Ұлы Отан соғысы басталғанға дейін және соғыс жылдарында аудандық аурухана қаланың Шаңқай деп аталатын жағында орналасқан бір қабатты қамыстан соғылған ескі үйде болатын. Аурухана іші дегенмен де өте таза болатын. Онда Юрий Алексеевич Ким деген ұлты кәріс жігіт білгір хирург болып қызмет атқарды. Қаншама адам, халық «тырыспай» деп атап кеткен аппендецит ауруынан жазылып, қатарға қосылып кетті.
Ұлы Отан соғысы жылдарында ауданның медицина қызметкерлері айрықша қызмет етті. Соғыс жылдары аудандағы денсаулық саласындағы жайларды жергілікті өлкетанушы, Архив саласының үздігі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Болатбек Қуатов «Аралдықтар Ұлы Отан соғысы жылдарында» атты кітабында жан-жақты баяндайды.
«Қазақ КСР Халық комиссарлары Кеңесі Қазақстандағы денсаулық сақтау саласын соғыстың алғашқы күндерінен бастап-ақ соғыс жағдайына ыңғайлап, қойылған міндеттерді адал орындауға міндеттеді. Сала бойынша атқарылған жұмыстарды архив құжаттары арқылы сөйлетсек, ауданда соғыс жылдары 2 дәрігерлік емхана, 8 фельдшерлік пункт, 2 фельдшерлік-акушерлік және акушерлік емхана жұмыс істеді. Қалада 75 орындық қалалық аурухана, 10 орындық перзентхана, қалалық амбулатория, лабаратория, эпидстанция, рентген және қалалық санэпидстанция күні-түні жұмыс атқарды.
1941 жылдың ІІІ тоқсанында қалалық амбулатория арқылы 21 693 науқас, балалардың дәрігерлік кабинеті арқылы 2867 науқас қаралған. Жоспарға сәйкес, дизенфекцияға қарсы 7488 адамға егу жұмыстары жүргізілу керек болса, ол 8580 адамға, оспаға қарсы 1097-тің орнына 13775, іш сүзегіне қарсы – 3960, қызамыққа қарсы 694 оқушы өткізілген.
Соғыс басталғаннан кейін дәрі-дәрімекпен қамтамасыз ету қиындай түсіп, өте төмен деңгейде жүргізіле бастады. Дәрігерлерді, фельдшерлерді әскер қатарына алып, соғыс жүріп жатқан аудандарға жіберді. Ауданда хирург, акушер, көз дәрігері, венеролог дәрігерлер жетіспеді. Қамбаш учаскелік дәрігері Прозоровты облысқа алдырса, фельдшер Андреевті себепсіз Қазалыға ауыстырып жіберді. Ауруханада, перзентханада төсек- орын жабдықтарының тапшылығы сезіліп тұрды.
Ауылдық кеңестерде орналасқан кейбір фельдшерлік пунктердегі жағдай қиындай түсті. Жақсықылыш, Ұялы ауылдық кеңестердегі медициналық пунктерге қаржы бөлінбеді. Медицина қызметкерлерін даярлау үшін ауданда медицина училищесі ашылып, онда медбикелер даярлана бастады. Ауданда жетіспейтін медицина қызметкерлерінің орнын толтыру мақсатында 11 қыз-келіншекті қысқа мерзімдегі медбикелер курсына оқуға жіберді. Медицина қызметкерлері кез келген уақытта қан құю техникасын игеруге және санитарлық жұмыстарға жұмылдыру міндеттелді.
Соғыстың 4 жылында медицина қызметкерлері жауынгерлерді, тыл еңбек ерлерін емдеп, оларды әскер қатарына, тыл еңбегіне қайта қосып отырды.
Сондай-ақ Арал қаласында әскери-ветеринарлық академиясының әскери-емдеу госпиталі жұмыс жүргізіп, қалада жалпы 600 орындық емдеу орны жарақат алған жауынгерлерді емдеген. Жерлесіміз Палау Құттымұратова Ұлы Отан соғысы жылдарында ІІІ Украйна, ІІ Беларусь майдандары құрамында әскери госпитальда жұмыс істеп, ерліктің ерең үлгісін көрсетті. Ерлігі үшін І дәрежелі Отан соғысы «Қызыл Жұлдыз» ордендері мен бірнеше медальдармен марапатталды. Соғыстан кейін 1993 жылға дейін Арал аудандық тері-венерология диспансерінде медбике қызметтерін атқарды.
Сондай-ақ Аралдың ақ халатты жандар Людмила Петровна Никитина, Анна Андреевна Растова, Мария Захаровна Поломарчук, Вера Артемовна Малая, Анна Прокофьевна Астаховалар майдан шебіндегі госпитальдарда жауынгерлерді жарақаттарынан айықтырып, «Әскердегі мінсіз қызметі үшін» медалін иеленген.
Аралдағы әскери госпитальға колхозшылар, басқа да қызметкерлер ет, май, сүт, астық, сабын, сияқты заттарды жеткізуді ұйымдастырып көмек беріп отырды.
Арал аудандық денсаулық сақтау бөліміне 1949-1952 жылдары ел-халық құрметіне бөленген Юрий Алексеевич Ким жетекшілік етті. Ол өте білімді, тиянақты, жігерлі басшы болды. Өткен ғасырдың 50-жылдарының басында туған жері Кореяға кетіп, айдынды өңірге қайтып оралмады.
Бас дәрігер қызметін 1953-1954 жылдары Афанасьева, 1956-1961 жылдары ұлты қалмақ Владимир Борисевич Мухараев басқарды. Бір қызығы, В.Мухараев 3-курста оқып жүрген студент кезінде 1953 жылы түсіріліп, көрермендерге шыққан «Дала қызы» кинофильмінде бас кейіпкер рөлінде ойнаған. Ол 1962 жылы Алматы медицина институтының аспирантурасын бітірген соң Арал қаласындағы ауданаралық Лепродиспансердің бас дәрігерлігі қызметіне тағайындалған. Ол 1957 жылы қалмақтар еліне кеткенде, Аралда біраз жыл қалып, ауданның денсаулық сақтау саласының дамуына зор үлес қосты. Ал 1961-1962 жылдары аралығында аудандық денсаулық сақтау бөлімін У.М.Мырзабеков басқарды.
Арал қалалық поликлиникасын 1942-1957 жылдар аралығында фельдшер Арсен Лиджиев абыроймен басқарды. Оның жұбайы Галия Лиджиева, ерлі-зайыпты дәрігерлер В.Житницкий мен Ф.Митницкаялар, сол уақыттарда иықтаса жүріп қала тұрғындарына ем-домдарын ұсынды. Арсен Лиджиев өзінің емдеу шараларына ежелден келе жатқан халықтық емдерді толық пайдаланды. Сол үшін де бүкіл айдын еңбекшілері тарапынан үлкен құрметке бөленді. Қай жері ауырғанына қарамастан жұртшылық соның алдына баруға ұмтылатын. А.Лиджиев кейін Қалмақ автономиялық республикасына қайтып оралған соң, өз елінің денсаулық сақтау министрі қызметін атқарған қайраткер азамат болды.
Қалалық аурухана теміржолдың жоғары жағына орналасқан, бұрынғы бір татар саудагерінің ағаштан салынған үйі еді.
1950-жылдардың басында Арал ауданына Қазақстандағы, көршілес республикалардағы медицина институттарын бітірген маман дәрігерлер жолдамамен келе бастады. Теңіз жағалауындағы Бөген ауылындағы 25 орындық ауруханаға 1953 жылы бас дәрігер болып Одесса медициналық институтын бітірген Сергей Головченко келді. Жасы 25-26 шамасындағы, армияда болған, ұзын бойлы, ақжарқын жігіт еді. Ол мамандығы бойынша ішкі ағзалардың маманы еді. Бірақ ауылдағы жалғыз дәрігер болғандықтан, кез келген науқас қарала беретін. Білімді дәрігерге көршілес Қаратерең, Қарашалаң, Кіші Қаратүп, Көне Бөген елді мекендерінің халқы машинамен, ат арбамен қаралуға келетін. Осы ауылда үш жарым жыл қызмет атқарып, аудандық денсаулық сақтау бөліміне бас дәрігерлікке шақырылды.
Сергей Головченко екі жылдан кейін Одессаға барып, аспирантураға түсті, бір жылда-ақ кандидаттың диссертациясын қорғады. Ғылым жолына кеткен ол Бөген халқына, больницаларға аса зор ризашылығын білдіріп, «Бөгендіктер мені барлық авурудың маманы етіп тәрбиеледі» деген екен.
Жалғасы келесі санда...
03 ақпан 2026 ж. 194 0