Салауатты ұрпақ – қоғам байлығы
«Дені сау адам – табиғаттың ең қымбат жемісі» деп бекер айтылмаса керек. Бірінші байлық – денсаулық. Бірақ осы сөздің салмағын шынайы сезініп, түсінбейтін секілдіміз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, денсаулық – бұл аурудың немесе кемістіктің болмауы ғана емес, физикалық, психикалық және әлеуметтік салауаттылық жағдайы. Осы тұрғыда біздің денсаулығымыздың жағдайы 10% генімізбен, тағы 10% медициналық қызмет көрсету деңгейімен, 20% өмір сүріп жатқан ортамызбен, ал қалған 60% салауатты өмір салтымен анықталатыны белгілі.
Қазіргі уақытта еліміздегі, ауданымыздағы экологиялық жағдай тұрғындар денсаулығына кері әсер етпей қоймасы анық. Сондықтан да бұл қолайсыздықтар бүкіл өркениетті әлем үшін көкейтесті мәселенің біріне айналып отыр. Бүгінде өмір қарқыны күнделікті күйбең тіршілікпен, дұрыс тамақтанбау мен зиянды әдеттердің қоспасынан тұратын қоғам қалыптасып келеді. Оның үстіне жұмыс, отбасылық, жеке бас мәселесі турасында стресс пен депрессияның құрбаны болып жатқан жандар қаншама. Ал салауатты өмір салты – біздің өміріміздің сапасы мен әл-ауқатын анықтайтын негізгі өлшем. Ол адамның физикалық, психологиялық, сонымен қатар эмоционалдық жақсы жай-күйінің жиынтығынан тұрады.
Мағжан Жұмабаев бір сөзінде: «Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі...» депті. Осы ой бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтқан емес. Қазіргі кезде білім беру мекемелерінің алдында тұрған міндеттердің бірі – жас ұрпақтың салауатты өмір сүруге көзқарасын қалыптастыру, олардың денсаулығын сақтауға, қоршаған ортасын таза ұстауға және жоғары, сапалы білім алып, сол білімді келешектегі өмірінде пайдалана білуге тәрбиелеу. Бала тәрбиесі, әсіресе мектептен тыс уақыттағы сыныптан тыс жүргізілетін жұмыстардың мән-мағынасы өте зор болып келеді.
Бұл жолда әрбір білім беру мекемесінің салауатты өмір салтын қалыптастырудың өзіндік жүйесі бар. Адам ағзасы мен денсаулығы туралы білімді қамтитын оқу пәндері, сыныптан тыс жұмыстар мен спорттық жарыстар, шығармашылық байқаулар, сол тақырыптағы ғылыми-зерттеу жұмыстары, мамандармен кездесулер – барлығы жас ұрпақтың денсаулығын сақтау және жақсарту мәселелерін шешуге бағытталған. Біз сол нәрсеге күш салып, балаларды жасынан салауатты өмір салтына қалыптастыруға күш салып, зиянды әдеттерден сақтандыруымыз керек.
Денсаулық тәрбиесі – ортақ мәселе. Ал қоғам саулығы мемлекет әл-ауқатының тұрақты дамуына мұрындық болары сөзсіз.
Гүлмира Құрманбаева,
№2 облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-лицейінің
дене шынықтыру пәні мұғалімі
Сурет: country-news.kz