«ҰШҚАН ҰЯ» ШЫҒАРМАСЫ – ТӘРБИЕНІҢ ӨЗЕГІ
Қазақ әдебиетінде ұлттық тәрбие мен рухани құндылықтарды терең көрсеткен туындылардың бірі – Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» повесі. Бұл шығарма жазушының балалық шағы мен өскен ортасын суреттей отырып, қазақ халқының салт-дәстүрін, отбасы тәрбиесінің маңызын, үлкенге құрмет пен кішіге ізет сияқты адамгершілік қасиеттерді насихаттайды.Повесть – ұлт тәрбиесінің қайнар көзі, өнеге мен тағылымға толы шығарма. Аталған шығарманы № 13 орта мектептегі бастауыш сынып мұғалімдерінің ұйымдастыруымен оқушылары мен ата-ана арасында кең көлемде талдауға арналған тағылымды шара өтті. Бұл рухани кешке ата-ана ретінде өзім де қатысып, оқушылардың шығармашылық қабілеті мен кітап оқуға деген қызығушылығына, шығармадан сіңірген құндылықтарына куә болдым. «Ұшқан ұя» шығармасында автор өзінің қалыптасуына отбасының, әсіресе ата-анасы мен әжесінің ықпалы зор болғанын көрсетеді. Әкесі Момыш – әділдік пен еңбекқорлықты үлгі еткен адам. Ол баласына адалдықты, шыншылдықты, тәртіпті болуды үйретеді. Әке тәрбиесі арқылы бала бойында жауапкершілік, намыс, әділдік сияқты қасиеттер қалыптасады.
Ал әжесі Қызтумас Бауыржанның рухани дүниесін байытып, халық даналығын бойына сіңірген тұлға ретінде көрінеді. Әженің ертегілері мен нақыл сөздері арқылы бала тарихты, халықтың тұрмыс-салтын, адамгершілік қағидаларын таниды. Осы арқылы шығармада отбасы – тәрбиенің ең басты мектебі екені анық көрсетіледі.
Повесте қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары кеңінен суреттеледі. Той-томалақ, қонақ күту, бата беру сияқты дәстүрлер арқылы халықтың бірлігі мен мейірімділігі танылады. Бұл көріністер жас ұрпақты үлкенді сыйлауға, қоғамдағы тәртіп пен әдепті сақтауға тәрбиелейді.
Жазушы ұлттық құндылықтарды тек сипаттап қана қоймай, олардың тәрбиелік маңызын да көрсетеді. Әсіресе үлкендердің ақылы мен батасының өмірде маңызды екені шығармада айқын байқалады.
Шығармадағы тағы бір маңызды тәрбиелік құндылық – үлкенді сыйлау. Бауыржан бала кезінен үлкендердің сөзін тыңдап, олардың тәжірибесінен сабақ алады. Қазақ қоғамында үлкеннің батасы мен ақылы ерекше бағаланатыны шығарманың әр бөлімінде көрініс табады.
Сонымен қатар кішіге қамқор болу, адамға мейірімділік таныту да негізгі адамгершілік қағидалардың бірі ретінде беріледі. Бұл қасиеттер бүгінгі қоғам үшін де өзектілігін жоғалтқан жоқ.
Повесте еңбекке баулу мәселесі де ерекше орын алады. Бауыржан кішкентайынан еңбек етуге үйреніп, өмірдің қиындықтарын түсіне бастайды. Еңбек арқылы адам шыңдалып, төзімді әрі жауапты болатыны көрсетіледі.
Бұл идея жас ұрпақты адал еңбекке, табандылыққа, өмірдің сынақтарына төтеп беруге тәрбиелейді.
Аталған білім ордасында өткен іс-шарада шығарма жан-жақты талданды. Ата-аналар мен оқушылар шығармадағы ұлттық құндылықтар, әже тәрбиесі, әке өнегесі, туыстық қарым - қатынастар туралы кеңінен баяндап берді. Және қазіргі замандағы тәрбиемен салыстыра отырып өз ойларын ортаға салды.
Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» шығармасы – ұлттық тәрбие мен рухани құндылықтарды дәріптейтін маңызды туынды. Повесте отбасы тәрбиесі, үлкенге құрмет, ұлттық салт-дәстүр, еңбекқорлық пен адамгершілік қасиеттер терең бейнеленген.
Бұл шығарма жас ұрпаққа ата-баба дәстүрін қадірлеуді, адалдық пен намысты биік ұстауды үйретеді. Сондықтан «Ұшқан ұя» тек көркем шығарма ғана емес, тәрбиелік мәні зор тағылымды еңбек ретінде бағаланады.
Осы ретте мағыналы шара өткізген №13 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімдерінің ұтқыр шешімі деп білемін. Шара соңында қатысқан ата-аналар мен оқушыларға мектеп басшылығы тарапынан Алғыс хат пен кітаптар сыйға тартылды.
Н. МАРАТ










