Топ-баннер
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Өнер сөйлеген кеш: мектеп сахнасындағы рухани туынды

Өнер сөйлеген кеш: мектеп сахнасындағы рухани туынды

Аудан орталығындағы №64 орта мектебінде руханият пен тәрбиені ұштастырған тағылымды мәдени кеш өтті. «Мектеп театры» жобасы аясында қазақ әдебиетінің көрнекті қаламгері, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» романы желісімен дайындалған сахналық қойылым көрермен назарына ұсынылды.
Ұлт тарихындағы ауыр кезеңдерді, адам тағдырының күрделі иірімдерін, ананың баласына деген шексіз махаббаты мен өмірге деген үмітін арқау еткен бұл қойылым мектеп сахнасында жаңаша тыныс алды. Қойылым көрерменді өткен ғасырдың қасіретті жылдарына жетелеп, сол дәуірдегі халық басынан өткерген ауыртпалықты, тағдыр тауқыметін терең сезінуге мүмкіндік берді.
Сахналық көріністерде ана мен бала арасындағы сағыныш, төзім мен сенім, адамгершілік пен рухани беріктік айқын бейнеленді. Әрбір эпизод өмір шындығына негізделіп, көркемдік шешімдер арқылы әсерлі өрілді. Зал толы көрермен қойылым барысында кейіпкерлердің жан күйзелісін, ішкі толғанысын бірге сезініп, терең ойға батты.
Қойылымның жоғары деңгейде өтуіне рөлдерді шебер сомдаған ұстаздар мен оқушылардың еңбегі зор. Олар сахнада кейіпкер образын нанымды ашып, шығарманың идеялық мазмұнын көрерменге жүрек арқылы жеткізе білді. Әсіресе ананың бейнесін сомдаған Жанар Райханқызының әсерлі ойыны көпшіліктің көңілін толқытып, залды бір сәт үнсіздікке бөлегені байқалды. Оның сахнадағы әрбір қимылы мен сөзі ананың ішкі жан дүниесін, тағдырға мойымаған қайсарлығын айқын көрсетті.
Сонымен қатар қойылымның мазмұнды әрі көркем шығуына мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні бірлестігі мұғалімдерінің шығармашылық ізденісі мен еңбегі зор болды. Сахналық безендіру, музыкалық сүйемелдеу мен көркемдік үйлесім шығарманың тәрбиелік маңызын арттырып, көрерменге терең әсер қалдырды.
Айта кетерлігі, «Мектеп театры» жобасы бүгінде аудан көлеміндегі барлық білім беру ұйымдарында жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Жоба аясында ұйымдастырылып отырған мұндай сахналық қойылымдар оқушылардың өнерге, ұлттық әдебиетке деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға, сахна мәдениетін қалыптастыруға, рухани дүниесін байытуға үлкен үлес қосуда.
Өнер арқылы тәрбие беру – жас ұрпақтың жан-жақты дамуына жол ашатын маңызды бағыттардың бірі. Осы тұрғыда мектеп сахнасында қойылған «Ай мен Айша» спектаклі көрерменге терең ой салып, ұлттық рухты дәріптеген тағылымды кеш ретінде есте қалды.
Н. БАҚЫРАН
24 ақпан 2026 ж. 106 0