Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қайсар қазақ ақынның өмірі сахналанды

Қайсар қазақ ақынның өмірі сахналанды

Кеше қаладағы З.Шүкіров атындағы мәдениет үйінде теңізде туған тұлға, тағдырлы ақын, Зейнолла Шүкіровтің өміріне негізделген «Неге, жаным, шығарып сала алмадың?..» атты лирикалық драмасы сахналанды.
Спектакльді арнайы Қызылорда қаласынан келген “Жастар”  театрының әртістері сомдады.
Қойылымның шымылдығы теңіз жағасында ойнап жүрген екі баланың бірі түйеден құлап, ауыр жағдайға ұшырағанымен түрілді. Қимылсыз қалған бала өмір қиындығына мойымай, шығармашылыққа деген шексіз құштарлығының арқасында өздігінен оқып, өлеңді жанына серік етті. Жанын жегідей жеген мұңын, асқақ арманын жыр жолдарына өріп, қазақ әдебиетінде өшпес із қалдырды. Бұл – рухы биік, арманы асқақ Зейнолла Шүкіров еді.
Ақынның ауыр тағдыры сахналанған туынды жиналған әрбір көрерменнің жүрегіне жол тауып, тебірентпей қоймады.
Қойылым аяқталған соң, зал толы көрермен ұзақ қол соғып, шығармашылық ұжымға қошемет көрсетті. Бұл – Арал өңірінің төл перзенті Зейнолла Шүкіровке деген халықтың шынайы құрметі мен сағынышының белгісі болды.
Драма авторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Толыбай Абылаев сөз алып, жаңа туындының маңызына тоқталып, құрыш қазақ атанған ақынның мұрасын дәріптеу – кейінгі ұрпақ үшін маңызды екенін атап өтті. Мұнымен қоса қойылымның сахнаға шығуына қолдау көрсеткен барша ұйымдастырушыларға, «Жастар» театры ұжымына, сондай-ақ арнайы келген аудан әкімі А.Оңғарбаев пен ардақты ардагерлерге өз алғысын білдіріп, шын ықыласын жеткізді.
Жазушы небәрі екі күн ішінде жарыққа шыққан бұл туындыны мәдениет қайраткері, театрдың көркемдік жетекшісі, режиссер Оңталап Нұрмаханмен бірлесе дайындағандығы жөнінде айта өтті.
Терең толғанысқа, тебіреніске толы бұл қойылым қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы, ақын Зейнолла Шүкіровтің 16 ақпан – туған күніне орай сахналанып, оның рухына тағзым ретінде ұсынылды.
"Толқын" ақпарат
15 ақпан 2025 ж. 93 0