Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » «Неге, жаным, шығарып сала алмадың?..» атты лирикалық драма сахналанды

«Неге, жаным, шығарып сала алмадың?..» атты лирикалық драма сахналанды

Kyzylorda-news.kz  Жүректі тербеді, көзге жас үйірді. 
Кеше Жастар театры ерекше пьесаны сахналады. Тағдырлы ақын Зейнолла Шүкіровтің өмірінен сыр шертетін «Неге, жаным, шығарып сала алмадың?..» атты лирикалық драма ұсынды.
Көрдік, жүректі қозғады, көзге жас үйірді.
Бұл – қала күнін атап өтуге арналған алғашқы шара.
Теңізде туған тұлға… Өзі аяқсыз қалса да, сөзі аяқсыз қалмаған – Зейнолла ақын. Өлеңмен өрілген өмір. Сыйластықпен басталып, қимастыққа ұласқан сезім. Тағдырлы ақынның шиеленісті өмірі, шырғалаңға толы сәттері мен шығармашылығындағы шерменде күйін сезіндірген жаңа қойылымның авторлары ақын-жазушы, журналист Толыбай Абылаев және режиссер-сценарист, Жастар театрының көркемдік жетекшісі Оңталап Нұрмаханов.
Қойылымның басталған сәттен-ақ көрерменді иіріп әкеткені зал ішіндегі күрсіністер мен ризашылықпен қошемет білдірулерден сезіліп тұрды.
Премьера аяқталған соң Жастар театрының жаңа маусымына арналған қала әкімінің ықылас гүлі тарту етіліп, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жағыпар Тажмаханов драма авторлары мен театр труппасына ерекше қойылым үшін алғыс айтты. Сондай-ақ, лирикалық драма авторлары ақын-журналист Толыбай Абылаев пен режиссер-сценарист Оңталап Нұрмаханов, Арал ауданынан келген Зейнолла ақынның жерлестері атынан «Арал әлемі» газетінің редакторы Ерғали Абдулла Зейнолла ақынның халық жадынан мәңгі өшпейтінін тілге тиек етті.
Жастар театрының жаңа маусымдағы жаңа қойылымы Қала күні мерекесінің де ресми түрде басталғанын сүйіншілейді.
Қала күні мерекесін тойлау биылғы жылы қыркүйек айының 17 жұлдызынан бастау алып, 12 қазанға дейін арнайы бекітілген жоспар бойынша қала тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл-күй сыйлайтын түрлі деңгейдегі мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылатын болады.
Бұл ретте, баршаңызды Қызылорда аспанын ән мен жырға, дүбірлі думанға бөлейтін шаралардың жоғары деңгейде өтуіне бір кісідей атсалысуға шақырамыз.
Әзиз БАТЫРБЕКОВ
18 қыркүйек 2024 ж. 179 0