Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Құрыш қаза ұлықталған қойылым

Құрыш қаза ұлықталған қойылым

Таяуда жастар театры тағдырлы ақын Зейнолла Шүкіровтің өмірі хақында жан-жақты сыр шертетін «Неге жаным, шығарып сала алмадың» атты лирикалық драмасын Сырдағы өнер сүйер қауымға ұсынды. Әлгі көрген де арманда, көрмеген де арманда деген тәмсіл осындайда айтылса керек. Лирикалық драма көпті таңқалдырған әсерімен ерекшеленді. Сілтідей тынған зал Зейнолланың балалық шақтағы мертіккен кезінен бастап, есейе келе бәзбіреулердей қамкөңіл күй кешпей, есесіне алға ұмтылып, көп нәрсені санаға тоқығанын әсерлі жеткізе алды. Оның тынымсыз ізденісінің арқасында қазақтың айтулы ақындарының қатарынан табылып, өмірге деген ғашық көзқарасын айна-қатесіз жиналған қауымға паш етті.
Айта кетейік, бұл шара қала күніне қарай ұйымдастырылды. Облыстың бас қаласының күні қыркүйек айының 17 жұлдызынан басталып, 12 қазанға дейін ұлықталатынын ескерсек, үлкен-кішінің көңілін тебіренткен қойылым сол шаралардың тұсаукесері еді. Бұл теңіз төскейіндегі халық үшін үлкен мәртебе екені сөзсіз. Аралдық ақын, Жазушылар одағының мүшесі, Жарасқан Әбдірашев сыйлығының иегері Толыбай Абылаев жазып, режиссер сценарист жастар театрының көркемдік жетекшісі, ақын Оңталап Нұрмаханов үлкен дүниеге айналдырған шығарма қызылордалықтардың ойынан шықты.
Осы жерде қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жағыпар Тәжімаханов драма авторларымен театрдағы кейіпкерлерді сомдаған жас өнерпаздарға ризашылығын білдіріп, қала әкімінің ықылас гүлін тарту етті. Зейнолладай ақынның жерлестерінің де бұл шарада қарасы қалың болды. «Арал әлемі» газетінің редакторы Ерғали Абдулла аяқсыз қалса да өзін қарынды қаламгер, айтулы ақын ретінде дәлелдете алған. Зейнолла есімі қазақ әдебиеті көгінде әркез жарық жұлдыз болып қалатынын толғаныспен айтты.
Иә, жақсыны көрмек үшін деп келген ағайынның көзіне жас үйірмегені аз шығар. Әсіресе, қимас сезімге берілген сәтте қатал тағдырға мойынұсынбаған кездер, баянсыз бақытқа үміт артқан шақтар ойлы жанды тебірентпей қоймады.
Кіндігім бірге Аралмен,
Теңізден тыныс алам мен.
Ақ пейіл анам секілді,
Алдыңда жатыр далаң кең.
Сырласып жібек самалмен,
Желпінсе жүрек жаңа әнмен.
Теңізше жаным кең шалқып,
Теңізше толқып қалам мен, – деп жырлаған ақын өзі айтқандай, теңіз болып шалқыды. Енді міне, өзі өлсе де, өлеңі өлмеген ақынын Сыр елі ардақтап жатыр. Әлі де ардақтай береді!
А. ЖАЙШЫЛЫҚ
21 қыркүйек 2024 ж. 87 0