Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » «Бір жұлдыз болып қалам мен»

«Бір жұлдыз болып қалам мен»

Ақын Зейнолла Шүкіров сегіз жасында асay тайлақтан құлап, жұлынына зақым келіп, сал ауруына ұшырап, екі аяғын баса алмайтын болып қалады.
Мұнысын ақын былайша тебіреніп, былайша жырлаған еді:

Ол кезде сәби едім, сегізде едім.

Білмеймін нені арман қып, нені іздедім.

Сартөсек науқас болып жаттым әлсіз,

Өмірден күдерімді тек үзбедім..

Ақынның көрген өмір азабын Мұзафар Әлімбаев былай деп жазады: «Ол жар құшқан жоқ, ол перзент сүйген жоқ. Елу екі жастан аса бере қаза болды. Осы мағлұматтарға қарап, сырын білмес сырт көздер «Аянышты екен! Өмірден ешбір қызық көрмей, өксумен өткен екен-ау!» – деуі ықтимал.

Ал шындап келгенде ше?! Шындап келгенде, бұл – аяулы азаматтың тағды­ры, бұл қайсар күрескердің тағдыры, ол – көзі тіpicінде көркем шығармалардың бас қаһарманы атанған жігіт тағдыры!

Ол – талантты ақынның тағдыры, талайдың талабын қолдап, талантын ашқан ұстаз аға тағдыры!

Ол – «қазақтың Корчагині» атанған құрыш қазақтың тағдыры!.

Ендігі айтпағымыз, ақынмен кездес­кен сәттері­міздегі ұққанымызды, білге­ні­мізді азды-көпті әңгіме ету. Олай болса, сөз басын ақынның өлеңі­мен бастайықшы:

Кіндігім бірге Аралмен,

Теңізден тыныс алам мен.

Ақ пейіл ана секілді,

Алдымда жатыр далам кең.

Сырласып жібек самалмен,

Желпінсе жүрек жаңа әнмен.

Теңізше жаным кең шалқып,

Теңізше толқып қалам мен.

Тартыппын, теңіз, саған мен,

Дауылың берсе маған дем.

Өзімнің жұмсақ көңілімдей,

Көк пүліш кілем жағаң мен.

Аспанның қандай арал кең!

Күрсініп неге алам дем,

Бір нашар туған балаң ба ем?

Қияда биік сол мұрат,

Өзіңнен алып зор қуат.

Бiр жұлдыз болып жанам мен,

Бiр жұлдыз болып қалам мен!

Хош, бұдан біз не көреміз? Бұнда біз ақынның теңізде туып, теңізде өске­нін, өмірінің көбі теңізге байланысты болғанын аңғарамыз. Зейнолла Шүкіров Арал теңізінің жағасындағы Бөген деп аталатын балықшы ауылында дүниеге келген.

Туған жер туралы әңгіме қозғағанда ақын ағамыз «Арал дегенде, менің шығарға ғана жаным бөлек, шыр етіп жарық дүниеге келгенімде ең алғаш кұлағыма анамның әлдиі мен теңіздің шуылы тиген шығар-ау», дейтін.

Олай болса мына бір өлеңін оқып көрейікші.

Шалқар теңіз, шуылдайсың,

Неге алмайсың сен тыным,

Асыр салып, көкке атылып,

ойнайды ерке толқының.

Көбік шашып күркірейді,

соғып жартас төсіне,

Бұрқ-сарқ етіп құлап түсіп,

қайта ұрады өшіге.

Онан сенің қайтпас қайсар

Қайратыңды көрем мен,

Асқақ үнді жыр іздесем,

күнде саған келем мен.

Тымық түнде тұңғиыққа

қонақтаттың сен Айды,

Күміс Күн де көкжиектен,

қимай саған қарайды.

Қандай көркем маужыраған,

жазғы сабат кешкі уақ,

Мүлгиді ойшыл жасыл жағаң,

Не тыңдайды жас кұрақ?

Сыршыл жырдың бір шумағын

таптым ба екен сонан мен,

Терең ойда толқып жалғыз

Тебіренгендей болам мен.

Қандай рахат толқында ойнап,

Шайқалғаны кеменің

Қиялыма қияға ұшар қанат берші деп едім.

Көкте ойнақтап шабақ қуған

көл еркесі шағала,

Неге мәз бoп сақ-сақ күліп,

шарқ ұрып жүр жағада?

Енді білдім,

Еркелікті үйреніппін сенен мен,

Әдемі жыр мазамды алса,

Әлі талай келем мен.

Теңіз суретін мөлдіретіп, кей тұста­рын дауылдатып, мың кұбылтып, жырлау ақынның құдіреттілігі емес пе?!

Әкесі Әнәпия балықшылықты кәсіп етсе, шешесі Набат үй тіршілігімен айна­лысқан абзал ана болатын. Біздің ақын отбасымен жақын жекжаттығымыз бар-ды. Содан ба, әлде, ақынның бауыр­малдылығы ма, Қызылорда қаласына бара қалсақ, ақын ағамызға сәлем беріп шығу – біз үшін жазылмаған ереже сияқты еді. Әсіресе 1970-1979 жылдар аралығында Зейнолла ағаның үйінде жиі болып, талай азаматтармен танысқан едік. Оның Қызылордадағы үйі бір сәт қонақтан бос болмайтын. Бірі кетіп жатса, енді бірі келіп жататын.

Мәселен, мен өзім қазақ әдебиетінің көрнек­ті өкілі Қалмақан Әбдіқадыров, ақын­ азамат Әбдікәрім Оңалбаев, жазушы­лар Саид Баязитов, Насіраддин Сералиев, Досмағанбет Тасекеев және басқа да ақын-жазушылармен Зейнолла ағаның үйінде кездесіп, танысқан болатынмын.

Сол кезде облыс көлеміндегі талапкер жастар­дың ақынның отбасында бол­ма­ғаны кемде-кем шығар. Олардың барлы­ғына да ол ақыл-кеңесін беріп, жол сілтеп отыратын. Бірде қазалылық ақын жігіт Файзулла Омаров екі дәптер өлеңін апарып оқытыпты. Асықпай оқып шыққан ақын:

– Қазақ баласында екі қанат болады. Бірі – ана тілі, екіншісі – орыс тілі. Осы екі қанатпен ғана ұша аласың. Бір алақанмен қол шапалақтауға болмайтыны сияқты, бір қанатпен ұша алмайсың, осыны ескер. Бұл бір!

Екіншісі, әуелі жоғары оқу орнын оқып, шынайы білім ал, ал ақындық кә­сіп емес, өнер. Өмірден орнын тауып қаланып ал, сосын қаламыңды ал! Әзірше тек талабың бар, оқыдым өлеңдеріңді! Екеуі ғана өлең, басқасы көбең, шыны сол, – деген екен.

«Өлеңім – солмас гүлім, көңіл хошым,

Туысым, өмірдегі жақын досым.

Күй тілеп, керілмейтін, ерінбейтін,

Жайлауда кабинетім – қамыс қосым»

Ақын Зейнолла Шүкіровтің өз аузынан еcіткеніміздей, үшінші класын­да толық оқи алмай үйде отырып қалады. Бірақ ол табиғаттан аларын алу үшін өз бетінше ізденіп, өз бетінше оқуын үзбейді. Ауыл кітапханасындағы кі­тап­тың барлығын оқып тауысады. Оны­мен шектелмей өз бетінше сөздік арқылы орыс тілін үйренумен болады. Өзінің айтуынша 50 томдық орыс тіліндегі «Большая Советская Энциклопедия» атты кітапты толық оқып шығады. Үйде отырып өзінше білімін көтерумен айналысқан ол Степан Щипачев пен Самуил Маршакты, Максим Горький мен Михаил Шолоховты, Фет Тютчев пен Адам Мицкевичті, Гете мен Байронды сүйсіне де, түсіне де оқитын дәрежеге көтеріледі.

Оның алғашқы өлеңдері облыстық және республикалық баспасөзде 1952 жылдан бастап үзбей жарық көре бас­тады. «Менің достарым» атты ал­ғаш­қы өлеңдер жинағы 1955 жылы шы­ғады. Мұның өзі жас талантқа үлкен жауапкершілік артып, құлашын биікке қарай сермеуіне, жаңа туын­дыларды жазуға талап жүгін артқандай болды.

Мұнан кейін оның «Теңіз жырлары», «Тоғысқан тағдырлар», «Арал дәптері» атты кітаптары бірінен соң бірі дүниеге келе бастады. Әдебиет майданына қосылған жиырма шақты жыл ішінде ол он үш кітап берді. Ақынның ән шығаратын да өнері болатын. Мысалы, «Неге, сәулем, шығарып сала алмадың» атты әннің сөзі де, музыкасы да Зейнолла Шүкіровтікі.

Осы өлеңін ақынның 95 жылдығында тағы бір еске түсіріп көрейік.

Неге осында кездестім саған, жаным!

Неге аңғардың қара көз қадалғанын?

Кетер жерде амал не бір өзіңді,

Көп досымның ішінде таба алмадым.

Таба алмадым, артыма алаңдадым,

Неге, жаным, шығарып сала алмадың.

Кете бердім жаудырап жанарда мұң,

Терезеден көзімді ала алмадым.

Қалай бірге қалмадым мен де осында,

Көлеңкең боп неліктен жаралмадым.

Көре алмадым, артыма алаңдадым,

Неге, қалқам, шығарып сала алмадың?

Ол мандалинде де әжептәуір ойнайтын. Үйіне қонақ келгенде әнші қыздарға ән айтқызатын. Өзі мандалинімен қо­сылып отыратын. Оның талай рет куәсі болғаным бар.

Осы тұста өткен кезеңнің тарих бетте­рін парақтап отырып, ақынға тіке­лей байланысты болған оқиғалардан естелік айтудың сәті келіп тұрғаны.

1966 жылдың маусым айының 23 жұл­дызы болатын. Облыс басшыла­рының шақыруымен Алматы қаласынан Қызылорда қаласына композитор Шәм­ші Қалдаяқов келді.

Ол кезде облыстық партия комите­тінің бірінші хатшысы Мұстақым Біләлұлы Ықсанов, идеология жөніндегі хатшы Қаржаубек Жарқынбеков еді.

Республикаға танымал талантты жас композитор Шәмші Қалдаяқовты күтiп алу облыстық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушіci Дәуірхан Айдаров, «Ленин жолы» (бүгінгі «Сыр бойы») газетінің редакторы Ұзақ Бағаев және облыстық комсомол комитетінің біpінші хатшысы Абылай Айдосовқа жүктеліпті. Шақырғандағы бас­ты мақ­сат – Сыр күрішін насихаттау және соған арнап ән шығару.

Сол сапарында Шәмші Қалдаяқов ақын Зейнолламен алғаш рет танысып, ақынның үйінде арнайы қонақ болған-ды. Қазақтың екі бірдей талантты азаматының кездесуінен кейін өмірге «Сыр сұлуы» атты ән келген-ді.

Әнін композитор Шәмші Қалдаяқов шығарып, сөзін ақын Зейнолла Шүкіров жазған еді.

Сол жылдары өз басым Арал аудан­дық партия комитетінде қызмет атқарып жүріп, қызмет бабында Қызылорда қаласында іссапармен жүріп осы жоғарыда айтылған оқиғаларға куәгер болған едім. Ой, заман-ай, десеңізші. Содан бері де елу жылдан астам уақыт өтіпті-ау?!

Ақынның 50 жылдығында Нұрхан Жанаев, Жанұзақ Қожабергенов, Адырбек Сопыбеков арнайы арнау өлең жазған. Өлеңді оқып шыққаннан кейін ақын Зейнолла:

Нұрханым, Жанұзағым, Адырбегім,

Тұрғандай құлағымда әлі үндерің.

Көңілдің күй қобызы сазына кеп,

Қалды ғой бір желпініп жаным менің.

Болғысы келмейді әлі кім ардақты,

Көңілде бірақ күдік, күмән қатты.

Күткені көп екен ғой менен елдің,

Бір сәтке сол үмітті жыр аңғартты.

Мен емен кеудеге ұрып жүрер күпті,

Кіммін мен, җырымды оқып кім елтіпmi?

Қай жакқа көтермелеп барасыңдар,

Ғафулар көзі түссе күлер minmi, – деп оларға өлең жолдарын арнаған еді.

Қазақ ақындарының арасында Зей­нолла Шүкіровтің өзіндік ерекше орны бар. Ол ақындық өнердің үлкен жолынан өткен. Сөйтіп, үлкен топқа тыңнан жол салып, өз сүрлеуімен қосылған ақын. Ол артына шығармашылық мол мұра қалдырды. Оның поэзиясы нәзік лириканы, асқақ романтиканы, ұзақ өpісті, эпиканы құшағына сыйғыза білген. Ақын жайлы Мұзафар Әлімбаев «Құрыш қазақ» атты поэма жазып, ол «Лениншіл жас» (бүгінгі «Жас алаш») газетіне жарияланған-ды.

Ақын өз сөзімен айтқанда, қазақ әдебиеті тарихында:

Бір жұлдыз болып жанды да,

Бір жұлдыз болып қалды да!

Шыңғыс АЙБОСЫНОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

egemen.kz
17 тамыз 2022 ж. 1 573 0