Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Аралда Ай мен Айша сахналанды

Аралда Ай мен Айша сахналанды

Театр – өмір. Біз сол өмірдегі қойылым кейіпкерлеріміз. Шымылдық ашылады, келеміз, жабылады, кетеміз. Мұны не үшін айтып отырмыз. Кеше аудандық мәдениет үйінде жас маман, режиссер Диана Жұмабекованың «Ай мен Айша» атты трагедиялық драмасы тамашаланды. Қойылымның сәтті шыққаны сонша, зал толы қауым сілтідей тынды.
Нәубет заман. Аласапыран кез. Сол дәуірдегі адам басына тілемейтін солақай саясатты көз алдыңа елестететін көріністер айна-қатесіз сомдалғанына іштей риза боласың. Көрермендерге рухани байлық сыйлаған драма қабырғалы қаламгер Шерхан Мұртазаның ең үздік шығармаларының бірі негізге алынған. Қуғын-сүргін құрбанына айналған Мұртазаның бақытты шағы бала-шағасымен бірге дастарқан басында көрініс табады. Ертең не болатынын білмейтін тағдыр емес пе?! Тосыннан айдаушылар келіп, берекелі шаңырақты әп-сәтте ортасына түсіреді. Жендеттер әй-шайға қаратпай отағасын итжеккенге айдап, жұбайы Айшаны тірі жетім етеді. Шиеттей бала-шағасын құдай қосқан қосағына аманаттай айқайлаған әкенің жанайқайы, шерлі ананың азалы үні ешкімді де ойландырмай қалдырмайды.
Онан беріректе көрініс табатын шолақ белсенді Тасбет бригадирдің ерсі ісі, әлсізге көрсеткен күші жиналғандардың аяныш сезімін оятады. Көрші соқыр кемпір Қамқаның мұңлы үні, жауыздарды бастырмалата қарғаған зілді сөзі көрген жанға сол замандардағы қиын шақтан сәуле береді.
«Орнында бар оңалар» деген тәмсіл ақиқатқа айналып, кешегі ашқұрсақ перзенттер адам қатарына қосылады. Алайда, көп тауқымет тартқан ананың бойын дендеген дерт ақыр соңында еш қызық көрмей фәнилік болған жолдасының артынан жүргізеді.
Иә, осылайша өрбіген драма көпке еріксіз ой салды. Ақ пен қарадан, көлеңке мен күнгейден, шындық пен өтіріктен тұратын өмірде бәрі мүмкін екенін еске салған туынды әсері сонша көрермендердің жүздері қамықты, өздері қиналды.
«Жас келсе іске» деген осы шығар. Патша көңілді көрерменнің ризашылығына бөлену бақыты бәрінен биік. Оған сол жерде үлкен-кішінің көзі жетті. Сахна төріне шығып, трагедиялық драманы сомдаған өнер иелеріне жасалған қошеметті көрсеңіз. Гүл шоқтарын ұсынған жұртшылық әп-сәтте киелі жерді гүлмен көмкерді. Әсіресе, Диана Батырбекқызы Жұмабекованың қабілеті тәнті етті. Ол Алматы қаласындағы Темірбек Жүргенов атындағы  Қазақ ұлттық өнер академиясын режиссер мамандығы бойынша қызыл дипломмен бітіргенін дәлелдей алды.
«Талаптыға нұр жауар» деген қанатты қағида осындайда айтылса керек. Осы жылдың 31 қазанында Жалағаш ауданында ұйымдастырылған облыстық байқауда жерлестеріміз осы қойылым арқылы халықтық атағын қорғап қалғанын айтпай өтпеске болмас. Өнер мен дәулет қонған Аралдың осылайша кезекті рет аты асқақтады.
А.
Қарымсақ
19 қараша 2022 ж. 889 0